ALADOP.KZ
Басты ақпарат Ла Лига Шолу Әлем футболы

«Барселона» қатарынан 5 рет Король Кубогын ала алмады

Кеше түнде Король Кубогы үшін «Барселона» мен «Валенсия» күш сынасқан. Бапкерлер тайталасы Марселиноның жеңісімен аяқталды.

«Барселона» — «Валенсия» 1:2.

Гол авторлары: Л. Месси, 73 мин, — К. Гомейро, 21 мин, Родриго, 33 мин.

«Бенито Вильмарин» атындағы стадион. 53 698 жанкүйер.

Осыған дейін 4 жыл қатарынан Испания Кубогын ешкімге бермей келген «Барселона» биыл білгенінен жаңылды. «Бенито Вильямарин» атындағы стадионда өткен финалда Вальверде шəкірттерінің 21 мен 33 минуттардағы қателігі ойын тағдырын шешіп кетті. Ал қырағы сұрмерген Лионель Мессидің 73 минуттағы голы тек отқа май құйғанмен пара-пар болды. Алайда, есепті теңестіру қолдарынан келген жоқ.

Соңғы матч 

Тағы бір айта кетерлігі, финалда қазылық еткен Альберто Ундиано Мальенко үшін бұл бас төреші ретіндегі соңғы ойын болды.

Мерейтойлық сый

Бір қызығы «Валенсия» бұл кубокты 2008 жылдан бері енді алып отыр. Сол жылы «жарқанаттар» финалда «Хетафеден» 3:1 есебімен үстем түскен еді. Клуб үшін тарихындағы 8 Король Кубогы. Осылайша, бапкер ретінде өзінің алғашқы финалын Марселино Гарсия жеңіспен аяқтады. Оның үстіне биыл наурызда «Валенсия» клубтың 100 жылдық мерей тойын атап өткен-ді. Атаулы датаға керемет тосын сый деп осыны айт.

Салы суға кеткендер

Бұл «Барса» үшін қатарынан 6 рет Испания Кубогының финалы еді. Соңғы 4-еуінде жеңіске жеткені тағы бар.

Маусым басында клуб басшылығы Ла Лигада, Испания Кубогы мен Чемпиондар лигасында топ жару мақсатын қойған болатын. Бірақ Вальверде тек біріншілікте ғана жеңіске жетті. Қалған екі бәсекеде де сүрініп отыр. Чемпиондар лигасының жартылай финалында «Ливерпульден», кубокта міне, «Валенсиядан» ұтылды. Ары кеткенде «Барса» өткен жылғыдай жүлде алудан дубль жасай алсай, чемпиондықпен ғана шектелді.

Шамкен БАЙЫРБЕК.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*