ALADOP.KZ
Басты ақпарат Сараптама

Билек билік құра ала ма?

Стоиловтың қателігі

Станимир Стоилов осы кезге дейін Қазақстанда абыройлы қызметте болды. Бірақ, Ұлттық құраманы жаттықтыруы, жалпы құраманы баптауға келіскенінің өзі қателік болғандай. Себебі, Ұлттық құрама деген бір бөлек, клуб дегеніміз бір бөлек. Екеуінің жұмыс тәртіптері өзгеше. Клубта күнделікті жағдайды біліп-көріп жүресің. Ал құрамада қол астыңдағы ойыншылардың шетте не істеп жүргенін бақылай алмайсың. Аракідік үзілістер кезінде 1 аптаға жиын өткізесің. Одан болгариялық маман көп шешім шығара алмады, әрі оларды реттеп үлгермеді. «Астанадан» алған ойыншыларының өзі нашарлап, өзгелердің тілін түсінбеді. Шамасы, Қазақстан құрамасын жаттықтырғанына өзі де өкінетін секілді. Іштей түсінген де шығар, «құрама баптау маған әлі ерте, клубым дұрыс екен» деп те ойлауы мүмкін. Өсіп келе жатқан атағын құртып алды. Қасықтап жинаған абыройын, шелектеп төкті. Себебі, «Астанамен» ол бар белесті бағындырды, қазақ футболының абыройын көтерді. Бірақ, біздің құраманы баптау қиын екенін түсінді.

3-3-3

Станимир келе салып керемет ойын көрсетті. Біздің футболшылар жаңа бапкер келгенде қатты ойнайтын әдеті ғой. Венгрия мен Болгарияны әбден тықсырдық. Әзербайжанды қарсылас көрмей, тас-талқан еттік. Сосын…Сосын өз алаңымызда Грузияға жеңілдік. Онысымен қоймай Андоррамен тең түстік. Болгар бапкері құрамамен 9 ойын өткізді. 3 жеңіс, 3 тең, 3 жеңіліс. Енді ол клуб баптайды дедік. Көптеген мамандар Стоилов Саян Хамитжанов барған «Ордабасыға» баруы ықтимал дейді. Бірақ, ол жақта қызметте жүрген Кахабер Цхададзені қайтеміз? Стойлов келеді екен деп, грузиялықты біріншілік басталмай жатып орнынан кетіре салу ұяттау болар. Демек, «Босс» «Левскиге» баруы ықтимал. Өткенде «Хабар» арнасы ол жайлы деректі фильм түсіргенде байқадық. Стоиловтың»Левскиге» деген махаббаты ерек екен.

Билек білек сыбанады

Михал Билек. 53 жаста. Тәжірибие бар екені белгілі. Бұл кісінің бір артықшылығы Стоилов секілді клубпен емес, құрамалармен мықты жұмыс істей алатындығы. Мысалы, ол мынандай клубтарды баптаған: «Теплице», «Хмел», «Виктория Пльзень», «Спарта» (Прага), «Высочина» және «Фастав». Бұлардың барлығы чехиялық клубтар болса, олардан бөлек словакиялық «Ружомберок» пен костарикалық «Картахинес» бар. Бұлардың көбісінде ол қатырып қызмет ете бермеген. Бір орында көп тұрақтамағанынан-ақ байқасаңыздар болады. Шамамен әрбір екі жыл сайын клубтағы қызметінен кете берген. Ал ұлттық құрамалар жайы бір бөлек. Мысалы, Чехияның 19-жасқа дейінгі құрамасымен ол Еуропа чемпионатының жартылай финалына жеткен. Ал 2012 жылғы ЕУРО кезінде Михал атағын күллі кәрі құрлыққа таратты. Себебі, Чехия сол жарыстың ширек финалына жетіп, Португалияға ғана жол берді.

Иә, барлығы жаман емес. Көптеген бапкерлер оны мақтап жатады. Томаш Росицки, Петер Чех секілді футболшылармен жұмыс істеген адамның біраз біліктілігі болуы керек қой. Тек бұл жерде оның қызметке қалай кірісері. Не өзгеріс әкеледі? Біздің футболды қаншалықты тез меңгеріп алар екен? Міне, осындай сауалдар тұрады. Бізде кей бапкерге бағынбайтын ойыншыларда бар дегендей. Билек билік құрып, өз үстемдігін жүргізіп, құрамамыздың ойынын дөңгелетіп әкете алар ма екен? Бұл сауалдарға алғашқы жауаптарымызды Молдовамен болатын жолдастық матчтан білетін болармыз.

Ермұхамед МӘУЛЕН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*