ALADOP.KZ
Басты ақпарат Болжам бұрыш

Болжам айтып байығандар

Спорт бизнеске айналғалы қашан. Әрине, бұл сөзбен қазір ешкім дауласа алмайды. Әлемдегі ең бай адамдар спортшылар екені анық. Алайда, осы спорт бизнесі саласында алайықтық та жоқ емес. Әсіресе, бәс тігіп ақша табатындар мен қандай бәске қою керектігін ұсынатындардан аяқ алып жүре алмайсыз. Кеңес беретін кеңселер мен ақыл айтып отыратын сайттар қаптады. Алдағы уақытта алаяқтардың арбауына түспес үшін бұл жүйенің қалай әрекет ететінін айтып өтейін.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»

Бірнеше жыл бұрын интернет желісінде 16 килолық гір тасын сатып алушылардың жарнамасы қаптады. Кеңес кезінде шыққан гір тасының құрамында бағалы металл бар деген қаңқу шықты. Бұл негізінен көршілес Ресейде болған оқиға еді. Әрбір екі отбасының бірінде бар гір тасы тот басып жатқан жерінен бұлайша бағалы бола қалады деп кім ойлаған? Негізі өзінің бағасы базарда тиын тұрады. Бірақ, сатып алушылар үш есе қымбат баға қойды. Міне, осы кезде жапа-тармағай гір жинау басталды. Ресейдің шалғай аймақтары қораның бір бұрышында жатқан гір тастарын жинап, оны пұлға айналдырды. Осы арада шамамен 5 мың рубль тұратын гір тасын Мәскеуде 150 мыңға алады екен деген дақпырт шықты. Көзбен көріп, апарып сатып келген адамдар айтыпты. Сол адамдар одан әрі қаржыға кенелгісі келіп арзан бағамен гір сатып алуға кіріседі. Жалпы, бұл бастаманы іс жүзіне асырған алаяқтар мыңдаған деген гір тасын жинап болған соң, жылдам арада оңай пайдаға кенелгісі келген делдалдарға шығады. Олар 150 мың тұратын гір тасын 75 мыңға сатып алады. Бірақ, сол гір тасын жинап алып кейіннен Мәскеуге келгенде әлгі гір тасын алушылар кенет бас тартады. Мінекей, ортада делдал болған адамдар тақырға отырады. Яғни бір топ алаяқ айналмалы жүйе жасайды. Алдымен өздері гір тасын арзан бағамен алады да, өзге бір жерде қымбат бағамен алатындай етіп қояды. Түбінде келгенде екеуі де бір компания. Көптеген адамның гір тасын қомақты қаржыға сатып, аяқ асты ақшалы болғаны жұртқа жайылады. Сосын ауыл-аймақ бұл үрдіске келіп қосылады. Осы арада әлгі арзан бағаға алынған гір тасы қымбат бағамен сол алып сатарларға сатылады. Сатылып бітті деген кезде 150 мыңға алатын компания аяқ асты жабыла қалады. Бұл қитұрқы әрекетті баяндауымыздың себебі неде? Қазір тура осы жүйеменен спортқа бәс тігу «бизнесі» дамып тұр.

Қазір әлеуметтік желінің дәурен құрған заманы. Инстаграмм, телеграмм, Wats-app, Вконтакте секілді желілерде ақша табудың көптеген жолдары бар. Осы желілерді жақсы меңгергендер үйден шықпай-ақ ақша тауып жүр. Бірақ, бұлардың арасында да алаяқтар жоқ емес. Ел ішіне әлі көп келе қоймаса да, Ресейлік алаяқтар қазір біртіндеп біз жаққа да бас сұғуда. Букмекерлік кеңселердің дамығанын білесіздер. Қазір, тек спорт емес саяси оқиғаның өзіне де бәс тігуге болады. «Украинаның президенті кім болады?», «Шабуылшы Суарес енді кімді тістеуі мүмкін?», «Ұлыбритания ханшайымы ұл босана ма, жоқ қыз босана ма?» деген секілді бәстер де жүр. Осы жаздағы Әлем чемпионатында Криштиану Роналдуға байланысты қызықты бәс шықты. «Португалия құрамасы жарыстан шығып қалып, Роналду көзіне жас ала ма?» деген бәске қызығып қомақты ақша тіккендер қаншама. Көбісі Криштиану көзіне жас алады деп қойды. Бірақ, Роналду сезімге ерік бермеді де, көп адамды ұтыссыз қалдырды.

Енді кең белең алған болжам сатушылаға тоқталсақ. «Біз күні-түні жер шарында өтіп жатқан барлық жарысты сараптаймыз. Болжамдарымыз 90 пайыз дәл келеді. Болжам сатып алып, байлыққа кенеліңіз!» деген жарнаманы Сіз міндетті түрде көргенсіз. Себебі, олар әлгі айтып өткен әлеуметтік желілердің бәрінде бар. Бұл жүйенің құрылымы қалай екеніне тоқтассақ. Негізі мұнда аса қатты ойлап табатын түк те жоқ. Мысалы, алаяқ адамдар бір желіде парақша ашады. Алғашқыда оқырман жинау үшін қызықты ақпараттар салып, тегін болжамдар бере бастайды. Кейіннен оқырмандардың қызығушылығы артқан кезде бұл болжамдар ақылы болады. Теннис деген спортта тең деген нәтиже жоқ. Яки біреуі жеңіп, біреуі жеңілуі тиіс. Демек, алдағы келе жатқан Джокович пен Надаль арасындағы теннис ойынына сенімді болжам бар екенін айтып жарнама жасайды. Шамамен 200 адам болжам сатып алғысы келді дейік. Осы санды теңдей екіге бөледі де, 100 адамға Джокович жеңеді деп болжам айтады. Олардан қалған 100 адамға керісінше Надаль жеңеді дейді. Сіз болжам сатып алатын болсаңыз, осы екі категорияның біріне жатасыз. Теннис кездесуі өті делік, екеуінің бірі жеңіске жетті. 100 адам ұтысқа кенеліп, 100 адам ақшасынан айырылды. Ұтылғандар аноним парақшаны қарғап-сілеп, енді жоламайтын болады да, ұтысқа кенелгендер жеңісімен мақатана жүріп, қасына достарын ертіп сол парақшаға тағы да жүгіне бастайды. Мінекей, осындай айналмалы жүйені Қазақстанда да жасап отырған ресейлік алаяқтар бар. Сондықтан да, бұл салаға мейлінше жоламағандарыңыз дұрыс!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*