ALADOP.KZ
Басты ақпарат Болжам бұрыш

Болжам. «Астана» осы аптада чемпион!

Әдеттегідей болжам бұрыш айдарын жалғастырамыз. Ел біріншілігі аяқталуға жақын. 20-қазан күні 30-тур ойындары басталады. Сенбі күні тек бір ғана ойын ойналады. Ол «Астана» мен «Ордабасы» арасындағы тартысты матч. Бұл кездесудің басты қызығы чемпиондық мәселесінде болып тұр. Егер премьер-лига аяқталуға 3 тур қалғанда «Астана» «Қайраттан» 10 ұпайлық басымдылығын сақтап қалса, онда мерзімінен бұрын чемпион атанады деген сөз. Ал ондай жағдайда «Астана» бар күшін салып жігерленіп ойнауы ықтимал. Дегенмен, «Астана» командасының келесі аптаның бел ортасында Еуропа лигасында өнер көрсететінін ұмытпайық. Ондай ойындар жақындағанда Григорий Бабаян екінші құрамды шығарып, ішкі біріншілік ойынына аса көп мән бермей кетеді. Дей тұрғанымен, елордалық ұжым осы турда чемпион болмаса, келесі турда чемпион атана салуы мүмкін. Себебі әлі үш ойын болады. Бұл ойынның тартысты өтетіндігінің тағы бір себебі, «Ордабасы» командасы да төртінші орынға таласып бағуда. Сондықтан да, чемпионат соңында еш команда жанын аяп қалмасы анық. Сондықтан бұл ойынға «Ордабасы» командасының Форасын алғым келіп отыр. +1,5. Яғни, шымкенттіктер 2 доп айырмасымен жеңілмейді.

«Қызылжар» мен «Жетісу» арасындағы ойын да өзіндік өрнек алары хақ. «Қызылжар» премьер-лигада қалуды армандайды. Ал «Жетісу» төртінші орынды сақтап қалып, келер маусымда Еуропа лигасына қатыссақ дейді. Әрине, ол үшін «Қайрат» «Атырауды» кубоктың финалында жеңуі тиіс. Ал бұл ойында әрбір ұпай маңызды болғандықтан сабырлы ойын болатын секілді. Екі команда да лақылдап шабуылға шығып кетпей, бір-бірінің аңдысын аңдиды. Тіпті, тең ойын болып жатса таң қалмаймыз. Ал нақты бәс тігер кезде біз бұл матчтың тоталы 2,5-тен кем болады деп отырмыз.

«Қайрат» — «Тобыл» ойыны жайлы да көп жазуға болады. Себебі, соңғы кезде алматылық ұжым сапында көптеген жаңалықтар орын алды. Оның ең бастысы испаниялық маман Карлос Алос өз орнынан кетіп, бас бапкердің міндетін атқарушы болып Андрей Карповичтің тағайындалуы. Карповичтің келуімен футболшылар кішкене жігерленіп ойнауы мүмкін. Бапкер ауысқанда әдетте солай болады. Ал «Тобыл» үшінші орын алу үшін осы ойында тіпті тең ойнаса да жетеді. Бірақ, алматылық футболшылар Қайрат Боранбаевтың ашуынан кейін алаңға айқаймен шығатындай. «Қайрат» командасы кем дегенде 2 гол соғатындай көрінеді. Демек, тотал «Қайрат» 1,5 көп.

«Шахтер» — «Ақтөбе» ойыны букмекерлік кеңселердің ойынша келісілген болуы да мүмкін. Себебі, «Шахтер» жеңеді дегенге олар небәрі 1,76 коэфицентін беріп тұр. Ал «Ақтөбе» ұтады деген бақандай 5 коэфицент. Ал өздеріңіз ойлай беріңіздер. «Ақтөбенің» президенті Самат Смақов «Шахтер» спортдиректоры Мұрат Тілешов екеуі жақсы дос екенін ескерсек, ойынның біз ойлағандай сценариймен өріліп кетуі мүмкін. Амал жоқ, «кеншілердің» жеңісіне тігеміз.

«Ертіс» — «Қайсар» ойыны да күмәнді. Коэфиценттер павлодарлықтарды фаворит санап отыр. Ол әрине түсінікті бірақ, соншалықты айқын басымдылықпен ұтатындай түгі жоқ. «Қайсардың» да жағдайы мәз болып тұрғаны шамалы. Оларға да ұпай керек. Сондықтан да қызылордалықтардың +1 форасын алғанымыз дұрыс-ау!

«Атырау» Виктор Кумыков келгелі бері шабуылды жақсы ұйымдастыратын болды. Көп гол соғып жүр. «Ақжайық» керісінше, бұл жағынан сәл тұралап қалды. Дегенмен, Антипов, Мане, Нұрғалиев секілді жігіттер сырт алаңда гол соға алады. Ал «Атырау» жауап қайтарудың хас шебері десек болады. Бұл ойынға бәсті қорқақтасақ та, «екі команда да соғады» дегенді алдық.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*