ALADOP.KZ
Басты ақпарат Болжам бұрыш

Болжам. Чемпиондар лигасы, 3-тур

ПСВ — «Тоттенхэм» 

Голландиялық команда қорғанысы мығым, әрі тегеурінді болып көрінері анық. Өз алаңында жақсы ойнап қояды. Бірақ, бұл жолы қарсылас өте мықты. «Тоттенхэм» әлемдегі кез-келген клубтың өзін тентіретіп жібере алады. Бірақ, соңғы кездері ойыны қатты мықты болып жүрген жоқ. Есеппен ойнайтын болған. Мауриньо секілді Почеттино да 1:0 деген есеппен елдің бәрін жеңіп жүр. Максималист бапкерлер осылар ғой қазір. Жоқтан бар жасайтын. Кейде бар нәрсені жоқ қылып жіберетін. Негізі бұл ойынға ағылшындардың жеңісін алғым келіп отыр. Ешқандай ойланбастан. Харри Кейнге сенеміз. Кейн гол соғуды кейінге қалдырмас! Ж2!

«Ливерпул» — «Црвена Звезда»

Ағылшынша дәл осылай «Ливерпул» деп аталады бұл клуб. Содан кейін ғой ь-ты жазбай кеткенім. Орыс тілінің ықпалынан бір шығып көрейін осы ортада. Ойы азат адам ретінде болжам беретін болсам ағылшындар сербтердің екі аяғын бір етікке тығады-ау. Мане, Фирмино, Салах секілді саңлақтар қарсыластың апшысын қуырады. Үшеуіне арнап үш гол аттым. Демек, болжам «Ливерпул» тоталы 2,5-тен көп!

«Барселона» — «Интер»

«Барсаға» қарағанда қазір «Интердің» жағдайы күшті. Өткен турда олар «Миланды» жеңіп, дербиде аты озды. Мауро Икарди гол соғып, соңғы минуттардың шаттығын сезінді. Алты жылдан кейін аламан жарысқа оралған «Интер» ежелгі қарсыласы «Барсаға» қонаққа келіп отыр. Бұл екеуі сол «Интердің» ЛЧдағы соңғы маусымдарында бір топта өнер көрсеткен. «Барсаның» басты проблемасы Лео Месси. Аргентиналық сайыпқыран қолын сындырып алды. Сол Мессидің нұсқауымен құрамаға алынбай жүрген Мауро Икарди енді Месси сырттан тамашалайтын матчта гол соққысы келері анық. Демек, бұл ойында екі команда да гол соғатын секілді.

Негізі кеше жасаған болжамдарым жаман болған жоқ. Өзімнің көңілім толды. Тек бірлі жарым командаға сәттілік жетіспеді. Бүгін енді «Боруссия» деген гол бұрқыратқыш автомат кем дегенде бір гол соғатын шығар. Испаниялық Пако Алькасер қазір сылқылдатып жүр. Ал ПСЖның «Наполиді» жеңетіні аса қатты ойланарлық болжам емес секілді. Айтпақшы, «Барса» мен «Интер» екеуі кем дегенде 11 бұрыштама жасайды. Сәттілік!

Ермұхамед МӘУЛЕН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*