ALADOP.KZ
Болжам бұрыш

Болжам. Еуропа лигасы

«Зенит» — «Вильярреал»

«Зенит» жалпы көп гол соға беретін команда емес. Ресейдің біріншілігі қайта жалғасқаны күні кеше ғана. 18-турда олар сырт алаңда «Оралды» жеңді. 1-0. Жалпы, «Зенит» топ басында келе жатса да, өзінен төмен тұрған «Краснодардан» голды азырақ ұрған.

Ал «Вильярреал» қазір Испан ла-лигасында 17-орында. біріншілік барысында олар да ең аз гол соққан ұжымдардың қатарына жатады. Соңғы турда өз алаңында «Алавеске» жеңіліп, абыройдан жұрдай болды. «Сүңгуір қайықтың» жоғарыға шығатын әзірге түрі жоқ. Осы әңгімелерден кейін бұл ойынның жалпы тоталы 2,5-тен кем болатынына қалайша сенбейміз?

«Севилья» — «Славия» Прага

«Севилья» Еуропа лигасын жақсы көретін команда. Оы турнирде андалусиялықтар өте сәтті ойнайды. Бұл матчта өз алаңында жеңіске жетуге ыңғайлы мүмкіндіктер туындап тұр. Өткен турда Ла-лиганың аутсауйдері «Уэскаға» қонаққа барып, «Севилья» 2:1 есебімен жеңіліп қалды. Бұл матч ауыр соққыдай болды. Енді жанкүйерлер алдында соны жуып-шайып жіберу үшін жеңіс қажет. «Славия» Прага командасын жеңуге толық мүмкіндігі бар «Севильяның» жеңісін болжадым.

«Ренн» — «Арсенал»

Петер Чех «Челсиге» ауысар алдында дәл осы «Ренн» қақпасын қорғаған. Қазір ол «Арсенал» қақпашысы. Чехиялық қақпашы «біздің қазіргі командамыз өте мықты, Еуропа лигасын жеңеміз деген мақсат қойдық» депті. Ендеше іске сәт дейміз. Ұнай Эмери Еуропа лигасын ұта беретін бапкер. Биыл оның мақсаты осы жарысты жеңіп, келер жылы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсету. Өткен жолы «Батэге» қонаққа барып опық жеген «зеңбірекшілер» сол қателікті бұл жолы қайталамас үшін, осы матчта жеңіске жетуі керек. Себебі, АПЛде оларды келесі аптадан бастап жойқын матчтар күтіп тұр. Демек, «Арсенал» жеңеді, ал қатты тәуекелге бармас үшін х2 бәсін таңдадым.

«Динамо» Загреб — «Бенфика»

Хорваттардың жалпы, осы кезеңге жеткенінің өзі бір ғанибет қой. Бұл жолы Чемпиондар лигасынан келген «Бенфика» қарсылас болып тұр. Португалиялықтар ішкі біріншілікте «Портуды» жеңіп, мойындарынан ауыр жүкті түсірген. Енді сырт алаңда «қырандар» қалықтап ұшып, жемтігін ауламақ. Жалпы, португалдар сырт алаңда жақсы ойнайды. Менің ойымша «Бенфиканың» жеңісі білініп тұрғандай. Бірақ, тағы да тәуекелге бармас үшін х2 деген бәсті алайық. «Динамо» ұтып кетсе, онда бұл нәтиже мен үшін сенсация.

«Айнтрахт» Ф — «Интер»

«Интердің» басынан бақ тайған ба? Қазір Икарди командамен ойнап жүрген де жоқ. Жаттығу жасайды, ойынға қатыспайды. Спалетти екеуінің арасында кикілжің бар. «Интер» басшылары тарапынан Лукакумен ауыстырайық деп «МЮге» хат та жазылды. Сосын «Реал» Бэйлді беріп, орнына Икардиді алғысы келетінін де жасырмады. Ал мына ойынға келсек, «Интер» солғындау ойнауы мүмкін. Оның үстіне «Айнтрахттың» шабуылы жойқын. Әр ойында кем дегенде екі гол соғады. «Шахтер» Донецк қақпасына олар екі матчта 6 гол соқты. 6 гол! Демек, мына ойында да Ханданович қақпасына кем дегенде 2 доп соғылатын шығар. Болжам: «Айнтрахт» гол соғады, тоталы 1-көп.

Ал түнгі 2-де болатын ойындарда «Валенсия» — «Краснодар» ойынында тотал 3,5-кем, «Наполи» жеңіс, «Челси» жеңіс екенін өздеріңізде білетін шығарсыздар))). 

Ермұхамед МӘУЛЕН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*