ALADOP.KZ
ӘЧ-2018

Данияның чемпиондықтан дәмесі бар

Дания футболдан Еуропада ең кенжелеп қалған құрамалардың бірі саналады. Мемлекеттің чемпионаты мен клубтары да әлемге аса танымал емес. Бұрындары елде әуесқой футболға көп ден қойып, кәсіпқой футболға онша назар аудармағандықтан Дания ірі турнирлерге тек 80 жылдан кейін қатыса бастады.

70-жылдардан бері қарай Дания футболының дамуы жаңа деңгейге көтерілді. 1977 жылы тұң­ғыш рет даниялық Аллан Си­монсен әлемнің үздік футбол­шы­сына берілетін «Алтын допты» иеленді. Осыдан бастап Дания клубтары кәсіпқой команда дәрежесін алып, легионерлерді тарту және мықты футбол­шы­лардың Еуропаның ең үздік чемпионаттарына трансфер жасауына және дәл осы жағдай ел­дегі футболдың одан ары қа­рай дамуына мүмкіндік берді. Еуро­паның үздік командаларын­да ойнай бастаған Микаэль Лаудруп, Пре­бен Элькяер, Йеспер Оль­сен, Мортен Ольсен және Се­рен Лербю секілді футболшылар 80-жылдардың басында бү­кіл әлемді тамсандырып, жан­күйерлер сол кездегі Дания құ­рамасына «Дат динамиті» деп ай­дар таққаны бар.

Даниялықтар 1958 жылғы әлем чемпионатына қатысуға талпынып көрген, алайда іріктеу кезеңінде жолдары болмады. Осыдан соң біріншілікке қатысу талпынысы бірнеше жыл нә­ти­жесіз аяқталып, тұңғыш рет 1986 жылғы Мексикадағы футбол тойына қатысуға мүмкіндік алды. Сол біріншілікте «Дат динамиті» үш ойында жеңіске жетіп, бір ойында жеңіліп, 1/8 финалға дейін жетті. Осыдан соң Дания құрамасы әлем чем­пи­­онатына тек 1998 жылы Францияда өткен біріншілікке қа­тысты. Өз тобында екінші орын алған даниялықтар 1/8 фи­налда Нигерия құрамасынан 4:1 есебімен басым түскенімен, 1/8 кезеңінде Бразилия құра­ма­сынан жеңіліп қалды. 2002 жы­лы Оңтүстік Корея мен Жа­понияда ұйымдастырылған төрт жылдықтың басты додасында Дания 1/8 финалға дейін жетсе, 2010 жылы ОАР-да өткен бі­рін­­шілікте топтық кезеңінен әрі аса алмады. Бір кездесуде же­ңіс­ке жетіп, екі ойында же­ңіл­ген даниялықтар чемпионат­пен ер­те қоштасты. Жалпы айт­қанда, Да­ния құрамасы әлем чем­пи­о­на­тының финалдық кезеңіне төрт рет қатысып, үш рет плей-офф ке­зеңіне дейін жеткен.

Іріктеу кезеңіндегі Дания құрамасы қазақстандық футбол жанкүйерлеріне жақсы таныс. Өйткені Скандинавия елінің өкілдері іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасымен «Е» тобында сынға түсті. 2016 жылғы өз алаңында өткен кездесуде Дания құрамасы отандастарымыздан 4:1 есебімен басым түссе, бір жылдан кейін Алматыдағы қарымта кездесуде де даниялықтар 3:1 нәтижесімен жеңіске жетті.

Жалпы, Дания футболшылары топтық кезеңде Польша құрамасынан бес ұпай аз жинап, екінші орынды иеленді. Іріктеу кезеңінде сегіз гол соқ­қан Кристиан Эриксен Дания құрамасының үздік сұрмергені болды. Топта екінші орын иеленген Дания жолдамаға бірден ие болған жоқ. Қосымша жолдаманы Ирландия құрамасымен бірге сарапқа салып, екі ойын қорытындысы бойынша 5:1 есебімен Дания құра­масы жеңіске жетіп, сегіз жыл­дан соң әлем чемпионатына қайта жолдама алды.

Даниялықтар Ресейде әлем чем­пионатында «С» тобында Франция, Перу және Аустралия құ­ра­маларымен бірге ойнайды. Жал­пы, француздармен бір топта сынға түсу көбіне Данияға сәт­­тілік алып келетінін айта кет­­­кен жөн. Мысалы, Еуро-92 тур­­­­нирінде де, 1998, 2002 жыл­дар­­­­дағы әлем чемпионатында да бұл екі құрама бір топта ойна­ған және барлығында Дания құ­ра­масы топтық кезеңнен сәтті өткен.

Данияның алғашқы ойыны 16 маусым күні Саран қаласында Перу құрамасына қарсы өтеді. 21 маусымда Самарада Аустралия – Дания матчы жоспарланған. Ал 26 маусымдағы топтық кезеңнің соңғы ойынында Еуропаның аталған екі өкілі жолығады. Бәлкім, бұл жолы француздар Данияны топтан алып шыға алмауы мүмкін. Жалпы, топтан қай құрама шығып, қайсысы еліне қайтатыны осы ойында шешілетін сияқты.

Дания  құрамасының тізімі: • қақпашылар: Фредерик Реннов («Брондбю»), Йонас Лессль («Хаддерсфилд»), Каспер Шмейхель («Лестер»);

• қорғаушылар: Андреас Кристенсен («Челси»), Хенрик Дальсгор («Брентфорд»), Янник Вестергор («Боруссия Мёнхенгладбах»), Йенс Ларсен («Удинезе»), Йонас Кнудсен («Ипсвич Таун»), Матиас Йоргенсен («Хаддерсфилд Таун»), Симон Кьер («Севилья»);

•жартылай қорғаушылар: Кристиан Эриксен («Тоттенхэм Хотспур»), Лассе Шене («Аякс»), Лукас Лерагер («Бордо»), Микаэль Крон-Дели («Депортиво»), Томас Дилэйни («Вердер»), Вилльям Квист («Копенгаген»);

• шабуылшылар: Андреас Корнелиус («Аталанта»), Каспер Дольберг («Аякс»), Мартин Брэйтуэйт («Бордо»), Николай Йоргенсен («Фейеноорд»), Пионе Систо («Сельта»), Виктор Фишер («Копенгаген»), Юссуф Поульсен («РБ Лейпциг»).

Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*