ALADOP.KZ
Әлем футболы

Дымсыздан бір ұпай артық

Ағылшын премьер-лигасының 9-турының орталық кездесуі Лондонда өтті. Жергілікті «Челси» Моуриньо баптайтын «Манчестер Юнайтедті» қабылдап, 2:2 есебімен тең ойнады. Маусымды тым жақсы бастап, чемпиондықтан үміті бар Сарри шәкірттерінен «Стэмфорд Бриджге» жиылған жанкүйерлер тек жеңіс күткені жасырын емес. Дегенмен де  кездесуден ұпайсыз қалып қоя жаздаған алаң иелері үшін бұл матчтағы тең ойын жеңіспен пара-пар болды.

Өз әдеттерінше кездесуді қарқынды шабуылдарымен бастаған Сарри шәкірттері бірінші болып есеп ашты. Бұрыштамадан ұшқан допты баспен қақпаға сүңгіте салған Рюдигер өз атын таблодағы көрсеткішке бір жарқ еткізді. Артынша Мартиальдің егіздей екі голы қонақтарды алға шығарып, алаң иелерін бір сілкіндірді. Ойын соңына қарай есепті теңестіруге ұмтылған Азар бастаған жігіттер дегендеріне жетті. Баркли Сарридің үмітін ақтап, жеңіспен бірдей тең есеп алып берді. Тағы бір айта кететін жайт «көктердің» бас бапкері Мауриццо Сарри «Челси» тарихында маусымның бастапқы тоғыз матчында жеңіліп көрмеген бірінші бапкер болды.

Руслан Мералиев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*