ALADOP.KZ
Басты ақпарат Ұлттық құрама

«Джокер» Оралхан

Алаңға шыға салып Грузия қақпасына гол соққан Оралхан Өміртаев қазір көптеген жанкүйердің аузында жүргені анық. Әлеуметтік желілерде бұл футболшыны Қазақ футболының болашағы деп жатқандар да жоқ емес. Жастар құрамасынан бас командаға алына салып, алғашқы ойынында небәрі 3 минут уақыттың ішінде гол соғып кетуі әрине таңқаларлық жайт. Дегенмен, Оралхан жайлы бір қызықтың шетін шығарсақ.

Оралхан негізі — «джокер». Кәдімгі соңғы минуттарда алаңға шығып гол соққыш. Баяғы «Манчестер Юнайтедтегі» Сулшер секілді.

Мәселенки, 2017-жылғы біріншілікте «Шахтер» сырт алаңда «Атырауға» 3:2 есебімен жеңіліп жатады. «Шахтер» бапкері оны 80-минутта алаңға шығарады. Сосын Оралхан 90+1-минутта таразы басын теңестіріп, есепті 3:3 қылады. Ол бір ғана сәт десеңіз…

2017 жылы Қазақстан жастар құрамасы Болгариямен кездесіп жатады. Сырт алаңдағы ойында отандастарымыз 2:1 жеңіліп тұрады. 63-минутта алаңға шыққан Оралхан 86-минутта Болгария жастарының қақпасына гол соғып, өзінің жоқ жерден пайда бола кететін әдеті бар екенін көрсетеді.

Ол аз десеңіз биыл Қазақстан премьер-лигасының 6-турында Оралханның командасы «Шахтер» «Ақтөбеден» өз алаңында жеңіліп жатты. Сонда матчтың 77-минутында алаңға шыққан Өміртаев бірден гол соғып, таразы басын теңестірді.

Осы жақында ғана премьер-лигадағы алғашқы хет-тригін жасаған («Астана» қақпасына) Оралхан Стойловтың сенімін ақтады. 89-минутта алаңға шығып 90-минутта гол соқты. Ұлттық құрамада соңғы минуттарда гол соғып кететін «джокер» пайда болған секілді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*