ALADOP.KZ
Еуро

Еңбекқор елдің ерлігі, күйреген голландықтар, батыл албандар. Қыркүйектегі іріктеуге шолу

Келесі жылы Францияда өтетін «қарт құрлық» біріншілігіне іріктеу аясында қыркүйек айында әр топта 2 турдан болып өтті. Басты жаңалық-«үш жолақтылар» елінің жасыл алаңдарында өнер көрсететін алғашқы командалар есімі белгілі бола бастауы. Бұл тізімнен Австрия, Чехия, Англияны табуымыз үйреншікті жағдай. Ал, артқа Түркия, Голландия сияқты алыптарды тастап, іріктеу аяғына дейін екі тур қалғанда Исландияның чемпионатқа тікелей жолдама алуы футбол әлемінің таңданысын туғызбай қоймады.

Ұлттық құрамамыз «жанартау еліне» барып үлкен мерекенің қонағы болып қайтты. Қазақстанға қарсы тең нәтиже Исландияны құрлық біріншілігіне алып шыққан еді. Лагербек шәкірттеріне іріктеу барысында тек қана сәттілік жолдас болды деп айту қиын. Қорғанысқа жатып алып ойнаған жоқ сол чехтарға да, нидерландықтарға да қарсы. Әуелі Хиддинк, кейін Блинд баптаған «қызғалдақтар елінің» өкілдерін өз алаңында да, Амстердамда да сөзсіз тізе бүктірді. Түріктерді тіпті тас-талқан етті.

Тарихында тұңғыш рет дүбірлі додаға алып шыққаны үшін «мұз елінің» швед маманы Ларс Лагербекке алғысы шексіз. Сапында «Барселона», «Манчестер Юнайтедте» өнер көрсететін футболшыларсыз да алыптармен алысуға болатындығын дәлелдеді. Команданың осал тұсы да осы. Алайда, бұл осалдықты Лагербек шәкірттері алаңдағы бірлікпен жуып-шаяды. Бүгінгі футболшылардың бәрі дін-аман болса, 2016-ның жазында жігіттер біраз жерге шабады.

Голландия футболында тоқырау

Екі ойында екі жеңіліс. Доп айырмасы-0:4. Голландияның қыркүйек айындағы нәтижесі осындай. 1984 жылдан бері алғаш рет тоталды футбол отаны Еуропа чемпионатынан тыс қалғалы отыр. Сәйкестік па білмедім, алайда, ол біріншілік те Францияда өткен болатын.

«Қызғалдақтар еліндегі» футболдың бүгінгі мүшкіл хәлінің басты себебі-Роббен, Снайдер, Кейт, ван Перси секілді кезінде елді өрге сүйреген, бүгінде жасы келіп, немесе жарақатты жиі алатын футболшыларды алмастыратын талантардың жоқтығында. Таланттарды топ-тобымен туатын Нидерланды футбол мектебі де испандар мен немістерге жол бергелі қашан. Соның салдарынан Еуропадағы топ-командаларда өнер көрсететін футболшылар саны өте аз. Жалғыз Роббен. Ол да бір матчта көмектессе, он ойында жарақатпен жатады. Иә, Депай. Бірақ, оның өзі «Манчестер Юнайтедтің» намысын қорғауға жарай ма, жоқ па белгісіз. Бір ай көрсеткен өнеріне қарап баға беру қиын. Ал, шабуыл шебін осы маусымда Чемпиондар Лигасының тобына да шыға алмаған «Фенарбахчеде» өнер көрсететін ван Персиге сеніп тапсырған командадан не сұрайсыз? Қысқасы, команданы жасарту керек. Себебі, Роббен мен ван Перси келіп Әлем чемпионатының күмісі мен қоласын алып бере бермейді.

Бэйл Уэльсті Еуропа Чемпионатына алып шықты

Райан Гиггздің қолынан келмегенді 26 жасында Гарет Бэйл істеді. «Реал Мадрид» командасының жұлдызы жалғыз өзі ұлттық құрамасын ірі турнирге алып шықты. Топтық кезеңде Уэльс 9 гол салса, соның 8-іне Гареттың тікелей қатысы бар. Әрине, ресми түрде Бэйл бастаған сарбаздар Францияға жорыққа аттануға рұқсат ала қойған жоқ. Алайда, қалған екі ойында бір ұпай еншілесе жетіп жатыр. Қарсыластың біреуі-Бельгия, екіншісі Андорра. Сондықтан, Крис Коулман командасын тарихи жетістікпен құттықтай беруге құқымыз бар.

Ағылшындардың қос мерекесі

Анлия топтық кезеңде ұпай жоғалтпаған жалғыз команда. Сейсенбі күні Ходжсон шәкірттері Уэмблиде 2:0 есебімен Швейцарияны тізе бүктіреді. Екі голдын бірін Руни атына жазған-тұғын. Уэйннің осы голы Англия ұлттық құрамасы тарихындағы үздік сұрмерген атануға мүмкіндік берді. 29 жасар шабуылшы бұл атаққа таласта атақты Бобби Чарльтонның өзін басып озды. Еншісінде-50 гол. Сонымен қатар, футбол отаны қыркүйек айында құрлық біріншілігіне жолдама алған алғашқы команда болды.

Томас Мюллер-Германияның жүрегі

Әлем чемпиондары іріктеу кезеңінің сылбыр бастаған еді. Алғашқы 4 ойыннан кейін Йохам Лев шәкірттері бар болғаны 4  ұпай қоржынға салады. Шешуші сәт қыркүйектегі кездeсулер еді. «Ұлт сұрмергені» атағын алған Герд Мюллердің ізін жалғастырушы тектес Томас Мюллер жарады. «Баварияның» футболшысы екі ойында покер жасап ұлттық құраманың бір жыл бұрын жол берген Польшадан және қайтпас қайсар Шотландиядан басым түсуіне түбегейлі үлесін қосады.

Неміс елі сол Голландиямен салыстырғанда талантты жастардан да, тәжірбиелі орта жастағы шеберлерден де кенде емес. Алайда, бүгінгі әлім чемпиондарын Мюллерсіз елестету қиын. Жақында капитандық қызмет те Томасқа көшсе таңғалатын түгі де жоқ.

Батыл албандар, голға зәру португалдар

Ары кетсе осыдан бес жыл бұрын албандар Қазақстан деңгейіндегі команда еді. Бүгін Еурпадағы ең кедей мемлекеттің бірі құрлық тартысына жолдамаға ие болғалы отыр. Бір жыл бұрын Лиссабонда португалдарды тізe бүктірген албандар, өз алаңындағы кездесуде Мигел Велозудің голынан кейін ғана тең нәтижеден айырылып қалады. Дегенмен Албанияда Францияға аттанатын мүмкіндік толықтай бар. Екінші орындағы Даниядан бір ұпай ғана қалып келеді. Оған қоса бір ойын кем өткізген. Қалған кездесуде даниялықтар Португалияға қонаққа барса, Албания топ соңындағы Армения және Сербиямен кездеспек.

Португалияның шабуылы ақсап тұр. 6 ойында бар болғаны Роналду бастаған шабуыл шебі 8 мәрте ғана футбол снарядын торда тулатыпты. Іріктеудегі 53 команданың 22-cі португалдарға қарағанда голды көп салған. Эйсебио ізбасарлары ірі турнирсіз қалмас-ау. Бірақ, бұндай шабуылымен қалай өнер көрсетпек?

Капеллоның тұсауынан құтылған Ресей

Әйгілі италяндық арқасында Ресей араға 12 жыл салып Әлем чемпионатына қатысқан еді. Қатысқан деген аты болмаса, масқара болып қайтты. Алжир, Корея қарсылас болған осал топтан шыға алмай, жер болған еді. Капелло мен Ресей ұлттық құрамасының сәтсіздігі Еуро 2016-ға іріктеу кезінде де өз жалғасын тапты. Нәтиже де, ойын да түзелмей қойды. Сөйтіп, жақында ғана көрші ел әлемдегі жалақысы ең көп жаттықтырушыны орнынан босатқан еді. Онымен қоса, ірі көлемде қаржы қарыз болып та қалды Ресей футбол басшылығы.

Таңдау «ЦСКА»-ның бапкері Леонид Викторович Слуцкийге түскен еді. Мәскеулік клуб жылда ел біріншілігінде сапында Халк, Данни, Витцелі, тізгінінде Жозе Моуриньоның шәкірті Виллаш-Боашы бар «Зенитпен» терезесі тең деңгейде чемпион атағына таласады. Жыл сайын-Чемпиондар Лигасы. Әрине, клуб пен ұлттық құраманы алып жүру қиын іс, ақыр-аяғы жақсылыққа апармайды деп сын айтқандар да болды. Алайда, Слуцкий бар-жоғы 4 күннің ішінде екі ойындағы 6 ұпаймен сыншылардың пікірін өзгертті. Бапкер, Капелло кезінде қосалқы құрамда тұсалып отырған креативті Алан Дзагоевқа алаңнан орын тауып, еркіндік берді. Ұлттық құрамаға деген жанкүйерлердің сенімін қайта оралтты. Қыркүйек айына дейін Ресейдің Еуропа чемпионатына тікелей жолдама алу-алмауы Златан бастаған жігіттердің қолында болса, енді орыстар өз тағдырын өзі шешпек. Ол үшін Молдова және Черногорияға қарсы ойындарда 4 ұпайды алса жетіп жатыр.

 

Фараби ӘБДІХАЛЫҚ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*