ALADOP.KZ
Сараптама Эксклюзив Үздіктер

Елжас Алтынбеков: «Мен үшін өзімнің голымнан гөрі командамның жеңісі маңызды»

«Қайсар» — «Ордабасы» кездесуінен кейін сұхбат берген қызылордалық команданың шабуылшысы Елжас Алтынбеков алаңға шығарып, мүмкіндік бергені үшін бас бапкер Дмитрий Огайға алғыс айтып, мүмкін болғанда өзінің бұл голын команданың жеңісіне ауыстырғысы келетінін жеткізді.

— Елжас, Премьер-лигадағы дебютіңмен құттықтаймыз! Көңіл-күйің қалай?
— Мен бұл сәтті ұзақ күттім. Алаңға шығуға дайын едім. Былтыр «Қайсардың» негізгі құрамында ойнағаныммен Премьер-лиганың аурасы мүлдем бөлек қой. Аздап қобалжығаным рас. Алаңға шыққан соң бар өнерімді көрсетуге тырыстым. Маған осындай мүмкіндік берген бапкерлер алқасына, Дмитрий Алексеевичке алғыс айтамын. Алдағы уақытта мүмкіндік берсе, сенімдерін ақтауға барынша тырысамын.

— Қалай гол соққаның есіңде ме?
— Әлбетте, есімде. Сергей Остапенкодан пас алдым да алдымдағы қорғаушылардан өтіп, қақпаға тептім.

— Алаңға шығар алдында бапкерлер алқасы қандай ақыл айтты?
— Қобалжымауымды, өз ойынымды көрсетуімді сұрады. Сондай-ақ, шабуылға тың күш қосуымды талап етті.

— Премьер-лигадағы алғашқы ойыныңда-ақ гол соқтың, бірақ команда жеңіліп қалды. Қандай әсер алдың ойыннан?
— Егер мүмкін болса, өз голымды «Қайсардың» жеңісіне оп-оңай алмастыра салар едім. Өйткені, мен үшін өзімнің голымнан гөрі командамның жеңісі әлдеқайда маңызды. Өкінішке қарай, бүгін жанкүйерлерімізді қуанта алмадық.

— «Қайсарға» қолдау білдіру үшін Қызылордадан Шымкентке үш автобус толы жанкүйер келді. Оларға не айтасың?
— Әлбетте, осыншама жол жүріп, 90 минут бойы бізге қолдау білдірген жанкүйерлерімізге алғысымыз шексіз. Қазір «Қайсар» үздік алтылыққа шықты. Енді жанкүйерлерімізді әдемі ойын, жарқын жеңістерімізбен қуантуға тырысамыз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*