ALADOP.KZ
Шолу Қазақстан

Еуропада доп тепкен…

Еуропада доп тепкен қазақстандық футболшылар.

Футбол — төрткүл дүниенің тамсанып отырып көз тігетін ойынына айналғаны қашан.  Клубтарымыз Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында өнер көрсеткен кездерінде масайрап, әлемдік деңгейдегі футболшыларды өз алаңымыздан көріп, «Осылармен иық тіресіп ойнай алады екенбіз ғой. Біздікілер қашан осындай үлкен клубтарда доп тебер екен?» деген ойға беріліп кететініміз де өтірік емес.  Аулада доп ойнап жүрген кез-келген баланың ауызына түсе кететін үлкен клубтарда ойнамаса да Европада бақ сынап көрген отандастарымыз жетерлік. Сонымен, біздің елден Европаны «бағындыруға» аттанған  футболшылардың кімдер екеніне тоқтала кетсек.

Европаға алғашқы қадамды тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қарағанды «Шахтер» футбол клубы мектебінің түлегі Эдуард Сон жасаған болатын. 15 жасында «Қайрат» сапында ойнаған жас бала 1991 жылы «Днепр» ФК ойыншысы ретінде КСРО чемпионы атанды. Дәл осы жылы Эдуард Францияның 2-лигасындағы «Газалек» футбол клубына ауысты. Келісімшарт 4 жылға толтырылды.  Футболшының бұл клубтағы ойыны ала-құла өтті десек те болады. Бірде жасындай жарқыраса, келесі жолы жарақат алып, өз бабына келе алмай қалуы жиілеп кетті. Бірінші жылы алған жарақатының салдарынан  9 ай бойы алаңға шыға алмады. Жарақатынан айыққан ойыншы жанкештілікпен өзінің осы клуб үшін маңызды ойыншы бола алатынын дәлелдеп бақты. Осылайша, екінші маусымда клубтың үздік шабуылшысы бола білді. Қырсыққанда «Газалек» 2-лигадан төмендеп, өзінің кәсіби клубтық статусынан айрылып қалған болатын.

Бұдан кейін ойыншыны Францияның 3-лигасындағы «Перпиньян» клубы күтіп тұрған болатын. Бұл жерде де Эдуард өз биігінен табыла білді. Клуб өз лигасында 1-орынды иемденіп, жерлесіміз 14 гол соғып, команданың үздік шабуылшысы атанды. Осындай сәтті маусымнан кейін Эдуард Сон клубпен  тағы екі маусымға келісімшарт жасамақшы болады. Клубтың қаржылық мәселелері көбейіп, оның үстіне айлығын төмендетуге келіспеген ойыншы әрі қарай өз жолымен кетуге бел шешеді. Эдуард қазіргі таңда тоқыма өндірісі саласында бизнесін дөңгелетіп жүр.

Францияның жасыл алаңында  тағы бір отандасымыз доп тепкен екен. Павлодар қаласының тумасы Сергей Скаченко 1999 жылы «Меце» клубымен 2003-жылға дейін келісімшартқа отырған. Алайда, осы уақыт аралығының көбін жерлесіміз басқа клубтарда арендада жүріп өткізген екен. Атап айтар болсақ Щвейцарияның «Ксамакс», «Арау» клубтарының жейдесін киген.

Климов Сергей. Болгарияның Перник қаласындағы «Минер» клубында өнер көрсеткен. Келісімшарт 1992 жылдың маусымының соңында жасалған. Бұған дейін «Қайратта» ойнаған ойыншы үшін болгарлар алматылық командаға ойын эпикировкаларын берген екен.

«Мен келісімшартта көрсетілген ақшамды ешқашан толық алған емеспін.  Болгария да сол кездерде тоқырау жылдарын басынан өткеріп жатқан ел болатын. Клуб бапкерлерді нәскише ауыстыратын. Ақша алмаған соң жігіттердің де көңіл-күйі болмады. Осылайша біз соңынан санағанда екінші орынды иемденіп, төменгі лигаға құлдырадық. Мен, өз бағымды сынау үшін Германияға кеттім» деп еске алады  ойыншы.

 

Неміс жерінде Сергей Климовтан бөлек, Вахид Масудов, Асқар Қожабергенов, Сергей Паськолар өнер көрсеткен екен. Бір қызығы ойыншылардың барлығы 1994 жылы «Пройзен 07» клубына аттанған екен.  Бұның сырын былай түсіндіруге болады. Алмағайып тоқсаныншы жылдары немістердің әуесқой клубтарының өзінде біздің елдегіден әлдеқайда жоғары ақша алатын.  Климовтан басқа ойыншылар бір маусымнан соң елге қайтып келген.

«Біздің оберлигаға ауысуымызға жерлесіміз Эдуард Сонның көп көмегі тиді. Ауыз толтырып айтарлықтай бәсекелерде атойламасақ та бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды. Өзіміз үшін көп дүниені үйрендік. Мен тіпті, неміс тілін меңгеріп алдым» деп толғанған екен Асқар Қожабергенов 2011 жылы берген сұхбаттарының бірінде.

Бұл төрттіктің үшеуі  кейінірек бапкерлік жолды таңдаса, Сергей Пасько төрешілік жолды таңдаған екен.

1995 жылы Гурам Макаев атты шабуылшымыз Бельгияның «Ломмель» командасымен келісімшарт жасасады.  Бар-жоғы 7 ойын ғана ойнаған жерлесіміздің бұл маусымда жолы болмайды. Есесіне келесі маусымда «Антверпен» сапында 20 ойын ойнап, 4 гол соғады.

Біздің ойыншылар Франция, Германия және  Бельгияда ғана доп тепкен екен деп ойламаңыздар. 2000 жылы Виктор Зубарев атты футболшымыз Кипрдың «Аполлон» клубымен екі жылдық келісімшартқа отырған. Алғашқы жылы жерлесіміз  чемпионатта 15 гол соғып, клубтың үздік сұрмергені атанады. Дәл бір жылдан соң Виктор Кипр Кубогының финалында жеңіс добын соғып, клуб жанкүйерлерінің қошаметіне бөленеді. Ол жақта екі жыл өнер көрсеткен шабуылшы өзінің «Ертісіне» қайта оралады. Виктор Зубарев 2004-жылы небары 31 жасында о дүниеге аттанып кете барды.

2001 жылы Кипрдың «Эрмис Арадиппу» клубында  Олег Литвиненко есімді шабуылшымыз өнер көрсеткен.  Бір өкініштісі, Олег ол жақта тек алты ойынға ғана шыққан екен. Сөйтіп, шабуылшының Кипрдегі саяхаты голсыз аяқталған болатын. Олег 2006 жылы  Тараз қаласындағы өз пәтерінде асылып өлген қалпында табылды.

1997-1999 жылдары Владимир Нидергаус Израилдің «Маккаби Хайфасында» өнер көрсеткен екен. Команда сапында ойнай жүріп ел кубогының иегері атанып үлгерген.

Жалпы, Израилде доп тепкен жерлесіміз тек Владимир ғана емес. 2008 жылы Марк Гурман «Хапоэль» клубымен келісімшартқа отырған. Бір жылдан соң «Маккаби Ахи» клубына арендаға берілген. Осылайша Марк 2010 жылы елге қайтып келген болатын.

2002 жылы Асхат Борантаевқа Греция стадионында доп тебу сәті түсті. Әуелгіде Грецияның жоғарғы лигасындағы «Акратитос» футбол клубында ойнауы керек болған Борантаев командада легионерлердің санының көбейіп кетуіне байланысты бұл команда жейдесін кие алмады.  Дегенмен, екінші лигадағы «Ахарнаикос» сапында 17 ойын ойнап, бір маусымнан кейін елге оралды.

Футболшыларымыздың ішінен Польша стадиондарына алғаш із салушы ретінде  Александр Кучманы айтамыз. 2005 жылы «Рух» командасының сапында 17 ойын ойнаған. Польшада өнер көрсетіп жүрген қорғаушымыз сол кездегі Ұлттық құраманың бас бапкері арно Пайперстің көзіне түсіп, құрамаға шақырту алады.

Кучманың ізін Абзал Бейсебеков пен Сергей Хижниченко жалғастырды. Екеуі де «Корона» сапын толықтырған. Абзал сол жылы жазда  команда сапында 4 ойын ойнап, соққан 1 голына қанағат айтып «Астана» футбол клубына қайта оралады.

Сергейдің де сапары көпке ұзамағантын. Абзалдың соғын ала бере елге қайтып, «Тобыл» сапында бір жыл ойнап, Белоруссияның «Шахтеріне» ауысады. Бұл жақта 9 ойында 2 гол соққан шабуылшымыз аман-есен елге оралған.

Әзірге Финляндия елінде доп тепкен отандасымыз бір ғана Илья Фомичев болып тұр. Илья ол жаққа ең алғаш рет 2004 жылы кеткен екен. Фомичев өзінің футбол ғұмырында  біресе Қазақстан лигасының клубында, біресе Финляндия елінің клубтарында ойнаумен есте қалған екен.

Жартылай қорғаушы Али Алиевтің  футбол сапары көп ойыншыларымызбен салыстырғанда жақсы өтті деп айтуға татиды. 2007 жылы Түркияның «Акшааббат Себатспор» клубымен келісімшартқа отырады. Өзінің бірінші ойынында-ақ екі гол соғып, жанкүйерлердің қошаметіне бөленеді. Келесі маусымда Түркия Супер лигасындағы «Каисери Эрджиеспор» клубының негізгі қорғаушыларының бірі ретінде өнер көрсетеді. Командада легионерлердің көп болуына байланысты Али Алиевке екі елдің азаматтығын алу ұсынылады. Бұл шарт Алиге ұнамай «Карталспор» командасына ауысқан екен.  Осылайша ол елге 2011 жылы бірақ қайтқан екен.

2012 жылы Давид Лория өз бағын Түркияда сынамаққа атанады. Араға жарты жыл салып, қысқы трансфер кезінде Самат Смақов та Түркия топырағында доп тебу мақсатында жолға шығады. Жерлестеріміз «Ризеспор» командасының Суперлигаға шығуына үлкен үлес қосқан футболшылардың бірі.

Жалпы, Түркияның бірінші лигасы біздің елдің футболшылары үшін өте ыңғайлы лига. Себебі, бұл жерде Түркі елдерінен келетін ойыншыларға шектеу жоқ. Сондықтан да болар Аслан Дарабаев, Мұрат Тілешов, Нұрбол Жұмасқалиев, Пірәлі Әлиев, Әлібек Бөлешов, Дәурен Тәжімбетов сынды ойыншыларымыз аракідік болса да бұл лигаға бас сұғып қайтқан екен.

Айсұлтан Жақып, el.kz

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*