ALADOP.KZ
Әлем футболы

«Интерге» не жетіспейді?

Кеше түнде УЕФА чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан «В» тобының екінші қатысушысы анықталды. Чемпиондар лигасының 1/8 кезеңінің «бақытты билеті» сәттілікпен жолдас болған ағылшындық «Тоттенхэмге» бұйырды. Топтық кезеңнің жеребе тарту рәсімінен бері футбол сарапшылары бұл топтың айқын фавориті ретінде каталондық «Барселонаны» таныған еді. Ал екінші орынды миландық «Интер», лондондық «Тоттенхэм» және нидерландтық «ПСВ» өзара сарапқа салады деп болжады. Мамандардың топшылағанындай «Барселона» көпшіліктің сенімін ақтап топтық кезеңнен сүрінбей шықты. Ал екінші орынға талас «Интер» мен «Тоттенхэмнің» арасындағы интрига топтық кезеңнің соңғы турына дейін сақталды. Көпшілік қауым өз алаңында осы топтың аутсайдері «ПСВ»-ны қабылдаған миландықтардың топтан шығу ықтималдығы «Камп Ноуда» жеңіліп көрмеген «Барселонаға» қонаққа барған «Тоттенхэмнен» жоғары деп санады. Десек те доп — домалақ. «Сан-Сирода» Нидерландыдан келген қонақтарды жеңе алмаған Спалетти шәкірттері 1:1 есебімен тең ойнады. Ал жағдайы «скуадра-адзуррадан» қиындау болған «Тоттенхэм» каталондықтардың қосалқы құрамымен терезесі тең түсті. Нәтижесінде «Интерден» доп айырмашылығы бойынша бір бас жоғары болған лондондықтар келесі кезеңге жолдама алды.

2 жыл бұрын Қытайдың қалтасы қалың кәсіпкерлердің келуімен «Интердің» құрамы жаңа сапалы ойыншылармен толлыққан еді. Оның үстіне білікті бапкер Лучано Спалеттиді де алдыртты. Жазғы трансферлік маусымда Наинголлан сынды серілерді сатып алып, құрамда бұрыннан бар Икарди секілді мықтылармен келісім шарт ұзартып ақшаны судай шашып жатқан инвесторлардың үміттері бекер ме?! Ол әрине уақыттың еншісінде. Алайда  футболды ақша ойнамайды. Оны өзінің академиясының түлектерімен ойнап жүрген «Тоттенхэм» дәлелдеп берді. Сонымен «Интерге» не жетіспейді? Ақша ма жігер ме?

Руслан Мералиев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*