ALADOP.KZ
Әлем футболы

Месси жоқ болса, Суарес бар!

Ла лиганың 10 — турының орталық кездесуінде каталондық «Барселона» мен мадридтік «Реал» жолықты. Биылғы эль-классиконың басты ерекшелігі: қос команданың лидерлері Роналду мен Мессисіз өтуінде еді. Осыған дейін аталған екі ойыншысыз өткен кездесу сонау 2007 жылы орын алды. Ол кезде де бүгінгідей Месси жарақатына байланысты қатыспаса, Роналду ол жылдары қазіргі жағдайындай басқа клубтың намысын қорғап жүрді. Осымен араға он бір жыл салып көш басшыларысыз өткен эль-классикода алаң иелері 5:1 есебімен жеңді.

Кездесу басталысымен допты өз бақылауларына алып, шабуылға кіріскен Вальверде шәкірттері 11-минутта есепте алға шықты. Өзіне төленген үлкен ақшаны ауаға кетпегенін дәлелдеуге барын салып жүрген Коутиньо қақпашы Куртуаны қапы қалдырды. Артынша өз айып алаңында Суаресті әдейілеп болмаса да, әдемілеп жерге жыққан Варан қарсыластарына пенальти орындауға мүмкіндік берді. Нүктеге келген Суарес есепті еселеді. Екінші таймға жеңіліп жатқандарына намыстанғандай болып шыққан Лопетеги шәкірттері біраз шабуылдап, есеп айырмасын қысқартты. Қонақтардың бұл матчтағы жалғыз голын қорғаушы Марсело соқты. Бұл голды ауыр соққыдай қабылдаған каталондықтар үш доппен жауап қатты. Қорғаушылардың соры болған Суарес бір голға тоқтап қалмай, тағы екі гол салды. Кейіннен қосалқы құрамнан шыққан Дембеле мен Видаль бір-бірімен жақсы түсінісіп, алаң иелерінің 5-ші голын ұйымдастырды. Осылайша кездесу «Барсаның» ірі жеңісімен аяқталды. Осы ойыннан кейін  «бүгін болмаса ертең» деп Лопетегидің жұмыстан қуылуын асыға күтіп жүрген мадридтік клубтың жанкүйерлерінің тілеулері келген секілді.

Руслан Мералиев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*