ALADOP.KZ
Әлем футболы

Моуриньо ақталуды біледі

«Барселона» алғашқы болып, УЕФА чемпиондар лигасының 1/8-ші финалына жолдама алды. Төртінші турдағы жанкүйерлер назарын аударған кездесу Туринде өтті. «Ювентус» «Манчестер Юнайтедті» қабылдап, 1:2 есебімен ұтылып қалды. Ағылшын командасы алғашқы ойында кеткен есені қайтарды. Тіпті қарымта матчта 85-ші минутқа дейін ұтылып тұрып, жеңісті жұлып алды. Алайда көптің есінде футболшылардың алаңдағы ерлігі емес, Жозе Моуриньоның қылығы қалды. Тоқсан минут бойы томаға-тұйық болған Португалиялық маман ауыр жеңістен кейін көңіл-күйіне ерік беріп, стадионға жиналған жанкүйерлерге қыр көрсетті. Алақанын құлағына тосып, трибунадағы фанаттарға бұрылған Моуриньо онсыз да ащы жеңілістен ашуға булыққан алаң иелерін әжуәлады. Жозе бапкердің бұл қылығы «Ювентус» ойыншылары Бонуччи мен Дибаланың да қытығына тиді. «Юнайтед» командасының бас бапкері ойыннан кейін жағдайды былай түсіндірді.

Жозе Моуриньо, «Манчестер Юнайтед» командасының бас бапкері:

— Мені матч бойы мазақтады. Ал мен мұнда өз жұмысымды істеу үшін келдім. Мен ешкімді кемсітіп, кекеткен жоқпын. Алақанымды құлағыма тосып, жанкүйерлердің айқайы одан сайын қатты шықса екен дедім. Мүмкін бұл дұрыс емес шығар. Бірақ олар отбасыма тіл тигізді. «Ювентус» мықты ойыншылардан құралған керемет команда екенін мойындаймын.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*