ALADOP.KZ
Әлем футболы

МС – Ливерпуль. Бапкерлер пікірі

Ағылшын премьер-лигасында чемпиондық атаққа талас қыза түсті. 21-ші турдың орталық кездесуінде «Манчестер Сити» «Ливерпульді» қабылдап, 2:1 есебімен басым түсті. Юрген Клоп шәкірттері осы маусымда алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты. Серхио Агуэро тайм соңына қарай есеп ашты. Үзілістен кейін «Ливерпуль» сапынан Роберто Фирмино қарымта гол соқты. 72-ші минутта Лерой Сане қарымта шабуылды нәтижелі түйіндеп, «Манчестер Ситиге» маңызды үш ұпайды сыйлады.

Хосеп ГВАРДИОЛА «Манчестер Сити» ФК бас бапкері

— Ия, біз арадағы айырманы төрт ұпайға дейін қысқарттық. Алайда «Ливерпуль» турнир кестесінде топ бастап келеді. Жігіттерге алғысым шексіз. Олар 16 айдың ішінде көп тер төгіп, керемет деңгейге көтерілді. Екі команда да жеңіс үшін барын салды. Көрермендерге тамаша ойын сыйладық. Бұл маусымдағы шешуші кездесу емес. Бірақ финал секілді өтті. Егер ұтылып қалсақ, чемпиондық атақтан күдер үзгендей болар едік. Енді аздап демалған соң, Англия кубогында сайысқа түсеміз.    

Юрген КЛОПП «Ливерпуль» ФК бас бапкері

— Миллиметрдің өзі маңызды рөл атқарады. Оны осы ойында көрдік. Сол сәтте гол соғатын тамаша мүмкіндік болып еді. «Манчестер Сити» футболшылары өз айып алаңында соққыларымызға жата-жастана тосқауыл қойды. Бұл жағдай «Ситиге» тән емес. Сондықтан менің ойыншыларым оларды қорғануға мәжбүрледі. Өкінішке орай жеңіліп қалдық. Біз бұдан кейін де маңызды кездесулер болатынын білеміз. Былтыр «Сити» бізді 5:0 есебімен жеңді. Сондықтан олардың қарымын жақсы білдік. Екі команда да жақсы дайындықпен келді. Мінез бен тактика жағынан кем түспедік. Тек, сәл ғана сәттілік жетіспеді. 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*