ALADOP.KZ
ӘЧ-2014

Мундиаль машақаттары

санпаулуӘрбір ірі тойдың алдында атқамінерлердің алқалы жиыны өтетіндігі белгілі. Сол секілді Сан-Паулу қаласында әлемдік футболды басқарып отырғандардың түгелі тегіс жиылып, Фифаның 64-конгресін өткізгелі отыр. Ондағы талқыланатын негізгі тақырып 20-мәрте өткелі отырған футбол тойының мәселелері. Оның ішінде қауіпсіздік шаралары мен бразилияға қонаққа келетін жанкүйерлердің жүріс-тұрысы.

Өйткені, бұл жолғы орны ерекше футбол додасына 4 миллионнан астам футбол сүйер қауымы келеді деп күтілуде. Ашылу салтанаты өтетін Сан-Паулу қаласына Аргентина, Хорватия құрамаларының жанкүйерлері келіп қойған. Жалпы, алғанда фанаттық тараптан ешқандай кемшілік байқалмайды. Олар өз әндерін шырқап, емін-еркін қала көшелерінде серуен құрып жүр. Қаладағы тәртіпсіздіктің беті қайтарылып, бейбіт заман орнаған.

Ол үшін мыңдаған қауіпсіздік қызметкерлері жұмылдырылды. Екі күн бұрын болған метро стансаларындағы қызметкерлердің көтерілісі билік тарапынан керекті жауабын алды. Даудың туындауының басты себебі — әлеуметтік дүниелер. Жергілікті халықтың билік басындағыларға айтар өз сөзі бар. Олар Әлем чемпионатын ұйымдастыруға кеткен қыруар қаржының орнына аурухана, жол, мектеп секілді ең қажетті бірқатар нысандар салу керек еді деп есептейді. Дей тұрғанымен, көпшіліктің футболға деген қызығушылығы мен махаббаты бұл тұрғыда жеңіске жетті. Әйтпегенде, халық наразылығы одан әрі күшейіп, арты үлкен оқиғаға айналуы ықтимал еді.

Демек, осы күнгі жағдайға қарап айтар болсақ, жергілікті тұрғындар әлеуметтік көптеген жағдайды Әлем чемпионаты кезінде ұмыта тұруға дайын. Футболды ұлттық өнер деп санайтын бразилиялықтар көтеріңкі көңілменен стадионды бетке алған. Ендігі мәселе стадиондардың сол жанкүйерлерге өте тамаша жағдай жасай алуында болып отыр. Осы уақытқа дейін мұнда құрылыс жұмыстары жүріп келгендігін де көзбен көрдік. Сальвадор мен Сан-Паулу қаласындағы стадиондарда әлі күнге дейін құрылыс отрядтары күні-түні қызмет етуде. Осынау халық наразылығы мен мемлекеттегі қаржылық қиындықтар спорттық нысандардың дер кезінде дайын болмауына душар еткізген.

Енді, Сан-Паулу қаласына тоқтала кетсек. Бұл қала футболмен тыныстайтын шаһардың бірі. «Коритнианс», «Сан-Паулу», «Португеза» секілді футбол клубтары бар қалада футболға деген қызығушылық өте жоғары. Әр команданың өз жанкүйерлері қалыптасқан, олардың арасындағы бәсеке өз алдына ұзақ тақырып. тіпті, осында қызмет етіп жүрген таксилерге отыра қалсаң кімнің қай командаға жанкүйер екенін бірден аңғарасың. Автокөлігінің ішін олар өз клубтарының түсімен түстес етіп, немесе командасының жалаушасын жарқыратып жабыстырып алады. Ал қала көшелерінде ағылып жатқан жанкүйерлер жоқ. Бұл қалада бірнеше мықты ойындар өткенімен де, әзірге мүлгіген тыныштық. Тіпті, кейде қала көшелерінде жүріп, өзіңнің Әлем чемпионатына келгеніңді ұмытып та кетесің. Өйткені, елден келгенше қаптаған фанаттар мен көшеде өз ұрандарын шырқап жүрген жанкүйерлерді елестеткенім өтірік емес.

Бұл уақыт Бразилияда қыс деп саналады. Температура +20 градус. Сібірлеген жаңбыр ескен жылы желмен астасып тұр. Жаңбыр жаумаған кезде мұрын бітеліп, тынысың тарылады. Оның бір себебі 12 миллион адам тұратын Сан-Паулу қаласы бірде өр, бірде сайлы жерде орналасқан. Жалпы, таулы аймақ екендігі анық байқалады.

Чемпионат басталар алдында мынандай қызықты мәліметті айта кеткім келіп отыр. 1966 жылы Испания чемпионы Атлетико Мадрид командасы болыпты. Сол жылы ішкі чемпионаттан қағылған Мадридтік Реал чемпиондар лигасын жеңген. Және де Еуробайқау жарысын Аустрия жеңген. Ал тура сол жазда Әлем чемпионатын өз жерінде өткізген Англия чемпион атанған. Енді қарап отырсақ, араға 48 жыл салып, алдыңғы 3 мысалымыз айнадай қатесіз қайталаныпты. Енді соңғысы қалып отыр. Егер, Бразилия өз жеріндегі осы біріншілікті 6-рет Әлем чемпионы атанып, секста-кампион болатын болса, онда тарих толығымен қайталанды деген сөз.

Оның үстіне бразилияда жергілікті тұрғындар да, команданың басшылары да, мемлекет атқамінерлері де ұлттық құраманың чемпион атануын талап етіп отыр. Құрама команда чемпион атанар болса биыл бұрын-соңды берілмеген үлкен сомадағы (35 млн. ақш доллары) жүлдеге кенелмек. Оның өзі ел бюджетіне оң пайдасын тигізбек. Егер ұлттық құрама 1/8 финалда жарыстан шығар болса, болжам жасаушылардың ойынша Бразилиядағы толқулар қайта орын алып, Әлем чемпионатының соңы төңкеріспен аяқталуы әбден мүмкін. 1/8 финалдан деуіміздің де сыры бар. Топтық кезеңдегі осал командаларды ұтып, плэй-офқа шыққан тәжірибиесіз, жас ойыншылардан құралған Бразилия құрамасына қарсылас атанып Испания немесе Голландия командалары түспек. Соңғы әлем чемпионатының финалистері осы күні жарыс қожайындарынан футболдың көп аспектісінен алғанда жоғарырақ тұр. Сонымен қатар, аталып өткен командалардан бөлек Әлем чемпионатында фавориттер қатарында Германия, Аргентина және Уругвай командалары бар. Егер, футбол тарихында Оңтүстік Америка құрлығында өткен Әлем чемпионаттарында Еуропалық ұжымдар жеңіске жетпегенін ескерер болсақ, онда Аргентина мен Уругвайдың чемпион атанып кетуіне сенуге болады.

Сонымен бірге, бұл чемпионаттың алдындағы талқыға түсіп тұрған дүние — бомбардир мәселесі. Пеленің көрсеткішін Мюллер жаңартқан. Одан кейін мундиальдарда көп гол соққан футболшы Роналдо болды. Оның еншісінде 15 гол. Енді Бразилия мен Германия арасындағы тартыс бұл жолы өзгеше жағдаймен өрбуі мүмкін. Бундес-команданың бас бапкері Иоахим Левтің құрама сапына егде тартқан Мирослав Клозені алдыртуының себебі ашылған секілді. Клозе Әлем чемпионаттарында 14 гол соққан. Енді осы жолы ол 2 доп соқса, онда қайтадан әлемдегі үздік сұрмерген неміс футболшысы болмақ.

Әркімнің өз командасы бар. Жанкүйердің патша көңілі қай команданың өнеріне бүйрегі бұрса, оған ешқандай кедергі жоқ. Адамдарды достастыратын ұлы күш футболдың үлкен тойының басталуымен барлықтарыңызды құттықтаймыз.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Сан-Паулу, Бразилия.

2 комментария

Мейиржан Алибекулы 12-Маусым, 2014 at 2:09

Сатти сапар болгай, Ермаш бауырым! Сан сагаттык уакыт пен мындаган шакырым жолды артка тастап, 9 сагаттык уакыт айырмашылыгын елемей шаршап-шалдыкканына карамастан, бара сала асеринмен болисуин улкен ыждаhатты ерлик! Ертен оздериннен байсалды да байыпты трансляция кутемиз, жолыкканша!

Жауап
Алшынов Шынгыс 12-Маусым, 2014 at 2:12

Клозе болады Әлем Чемпионаты тарихындағы ең үздік бомбардир. Оған мұндай мүмкіндік енді болмайды, сондықтан да ол өз мүмкіндігін жібере қоймайтыны анық.

Жауап

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*