ALADOP.KZ
Қазақстан

Он жылғы үзілістен соң…

Он жыл бойы Бірінші лигада өнер көрсетіп келген Семейдің «Спартагы» Премьер-лигаға жолдама алды. Жоғары топқа жолдама беретін ойында олар Өскеменнің «Востогын» жеңді.

Восток (Өскемен) – Спартак (Семей) – 0:1

Гол: Пурышкин, 118.

Ескертулер: Костюк 56, Сохна 105, Әбу Бәкір 118, Фомичев 120, Пурышкин 120.

Восток: Нестеренко (к), Костюк, Абу Бакр, Фомичев, Ерланов (Жанұзақов 107), Әлиев (Оразбахтин 55), Эрбес (Молтусинов 72), Сохна, Досмағамбетов, Ньянг, Удалов

Спартак: Айдарғалиев, Нұрғалиев, Сартаков, Деркач, Сәкенов, Ақынжанов (Ерсәлімов 31), Пурышкин, Қазиев (Щербаков 85), Власичев (Насибуллин 110), Каппаров (к), Данаев

Бас төреші: Артем Кучин (Қарағанды)

Он жыл бойы Бірінші лигада өнер көрсетіп келген Семейдің«Спартагы» Премьер-лигаға жолдама алды. Жоғары топқа жолдама беретін ойында олар Өскеменнің «Востогын» жеңді.

Үш дүркін ел чемпионы, Қазақстан Кубогы мен Суперкубогының иегері деген дардай атағы бар бір кездегі «Елімай» қазір «Спартак» болып атауын өзгерткен. Жалпы, бұл команда тәуелсіздік жылдары атауын бірнеше рет ауыстырды. Бірақ, жоғары жеңістерге «Елімай» атанып тұрғанда ғана қол жеткізген.

Бұл командада кезінде Олег Литвиненко, Андрей Мирошниченко, ҚайратӘубәкіров, Данияр Мұқанов, Самат Сымақов, Андрей Карпович бастағанқазақ футболының жұлдыздары өнер көрсетті.

Кейіннен қаржылық қиындықтардан көз жазбай, Премьер-лигаға он жыл бойы жолдама ала алмай келді. Биыл сол сарыла күткен үміттің басықылтиғандай болды. Бірінші лигада «Қайсарды» алға жіберген «Спартак» Премьер-лигада 11-орын алған «Востокпен» кездесті.

Шығыстың екі командасы бір жолдамаға таласып, негізгі уақытта бойы бір-бірін ала алмады. Осыдан соң, бас төреші Артем Кучин 30 минуттық қосымша уақыт қосты. Қосымша кезеңде де қос ұжым шабуылшыларының жолдары болмай, кездесу пенальти сериясына таяған. Бірақ, соңғы минутта бұрыштан көтерілген допқа семейлік Павел Пурышкин бірінші жетіп, «Спартакты» Премьер-лигаға алып шықты.

Осы ретте айта кететін бір жайт: Команда «Елімай» атауын қайтарып алса екен. Жоғарыда да семейлік клубтың табысты кезеңі «Елімай» атауымен байланысты екенін тілге тиек еттік. Қалай дегенмен, ырымшыл халықпыз ғой. Оның үстіне, семейлік клубқа мәскеулік «Спартактың» атын жамылудың қажеті қанша?!

 

Бек Төлеуов, «Sport»

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*