ALADOP.KZ
Стадион

ОРТАЛЫҚ СТАДИОН СЕГІЗБАЕВ ЕСІМІМЕН АТАЛСА…

Жетіншіден сегізінші сыныпқа көшер жылдың жазы еді. Ауылдың жанында Сырдария өзені ағып жатыр. Өзеннің арғы бетінде балалар демалатын «Шағала» лагерінің жарқ-жұрқ еткен жарықтары көзді арбап, қызықтыра түсетін. Ауылдың өзге балалары секілді мен де сол лагерге баруға, армансыз ойнауға асығатынмын. Бірақ қанша жақын болса да демалыс лагеріне жол түсе қоймады. Бір жолы мектеп директоры Қайрақбай Орынбасаров әлгі лагерге атақты футболшы Тимур Сегізбаевтың келгенін айтып, сыныптасым Азат екеумізді ертіп кетті. Даңқы шартарапқа жайылған футболшымен кездесіп, қолтаңба алып, футболшы болсақ деген арманымызды айтып, ашық-жарқын әңгімелескеніміз есімде. Тимур аға да біз секілді балғындарды жылы қабылдап, ақжарма тілегін айтқан. Сол уақытта да Сегізбаев есіміне соншалықты қанықпыз десек, жалған болар. Футболшы туралы, бізге қарағанда, әкелеріміз жақсы білсе керек. Сонда да футболды сүйген, «Қайраттың» ойынын қараған кез келген жас Тимур есіміне бәрібір қаныға түсер еді.

КСРО футболының жарық жұлдызына айналып, «Қайраттың» алдаспан шабуылшысына айналған жанның есімі мен еңбегі ел спорты тарихында алтын әріппен жазылары сөзсіз. Сегізбаев жалған дүниеден көшкелі бері оның есімінің ескерусіз қалып бара жатқаны да жасырын емес. Жақында қазақ жұртына Қожа болып танылған, футболшының туған інісі Нұрлан Санжар ағамызбен сөйлестік. – Ағам жайлы көркем фильм түсіргім келді. Бұл идеям туралы оның өзіне де айттым. Ол аса сабырлы, салмақты кісі. Ә дегеннен «Мен саған мұны істеуге тыйым саламын» деп кесіп тастады. «Мұндай іспен халықтың өзі айналысу керек. Ал туысы келіп, туысқанының атын жарнамалау қисынға келмейді» деді. Әрине, бұл сөзден асып кете алмасым анық еді, – дейді Нұрлан ағамыз. Бұдан соң ол кісі әкесі туралы сөз өрбітіп, әңгімені әріден бастады. – Әкеміз – Санжар Сегізбаев өз заманында Мәскеудегі Жоғары сотта жұмыс істеді. Біраз уақыттан соң әкемді Қырғыз КСР Жоғары сотының төрағасы қылып Фрунзеге (қазіргі Бішкек) жұмысқа жібереді. Бұл 1938 жыл еді. 50 жылға таман министрлер кеңсесінде жұмыс атқарған. Әкемнің әркез адалдықты ту етуі, ардан аттамауы, әсіресе, Тимурға қатты дарыған. Мінез-құлқы, болмысы әкемнен аумайды. Тимур – елдің батыр ұлы. Қазақ өзінің мұндай қастерлі ұлын ұмытпай, ұлықтап тұрса деген ниетім бар, – дейді Нұрлан Санжарұлы.

Мұндай идеяны осыдан біраз уақыт бұрын белгілі спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен де көтерген болатын. Сегізбаев есімін қалай дәріптеу керек дегенге қатысты комментатордың ойы мынадай:

– Сегізбаевтың есімін Алматыдағы орталық стадионға беру туралы мәселе көтерген болатынмын. Бұл ойды қоғам да, футболдың айналасында жүрген азаматтар да қуаттайды. Спорт журналистикасының атасына айналған Сейдахмет Бердіқұлов атамыздың Тимур туралы жазған жылы естеліктері бар. Шәкен Айманов екеуі қазақтың қара баласына ерекше қолдау көрсеткен. Тимур «Лужникиде» гол соққан кезде («Спартак» қақпасына дубль жасады) бүкіл ел қуанды. Себебі, осынау ерлігі арқылы ол «қазақ футбол ойнай алмайды» деген қағиданы түбегейлі терістеген еді. Ертесіне әйгілі «Известия» газеті «Тимур и его команда» деген атаумен шабуылшы және оның командасы («Қайрат») туралы көлемді мақала жазған. Осы жағдай бір шоғыр қазақ жастарының (Құралбек Ордабаев, Сейілдә Байшақов, Асқар Қожабергенов т.б.) шығуына септігін тигізді. Мансабын тамамдаған соң да футболдан алшақ кетпей, «Қайрат», Йемен құрамасында бас бапкер болды. Кейінірек «Қайраттың» президенті атанып, Қазақстан футбол федерациясында да қызмет етті. Жалпы, қазақ футболына, оның ішінде «Қайратқа» өлшеусіз еңбек сіңірді. Сондықтан орталық стадионға оның атын беріп, стадион алдына ескерткішін орнатса, халықтың қаһарман ұлына білдірген айрықша лебізі болушы еді. Қазақстан бойынша футболшыға әлі күнге ескерткіш орнатылмады.

Ал Тимур Санжарұлы – мұндай құрметке әбден лайық адам, – дейді спорт журналисі. Ермұхамедтің айтуынша, шет мемлекеттерде спорт тарландары мен спорт тақырыбын өзек еткен тілшінің есімі де стадионға берілген. Мәселен, Бразилиядағы атақты Маракана стадионы спорт журналисі Марио Фильоның атында екен. Бұл орайда алып қарайтын болсақ, Сейдахмет Бердіқұловқа да бір стадионның атауын қиюға әбден болады. Шынында да, атау мәселесі – бізде назардан тыс қалып, біржола мойын бұрмай қалған мәселе қатарында. Бір ғана Қажымұқан Мұңайтпасовтың атында республика бойынша үш футбол стадионы бар екен.

– Алматыдағы орталық стадионды Қажымұқан Мұңайтпасовтың атында екен деп естідім. Шымкентте де Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион бар. Астанадағы стадион да Қажымұқан бабамыздың атында. Әрине, бабамыздың ерлігіне, даңқына еш шәк келтірмеймін. Бірақ ол кісі палуан болған ғой. Аты берілген стадиондарда ешкім қазір күреспейді. Астанада жекпе-жек сарайы соғылды. Сондай орталыққа палуанның атын берсе жарасады. Сондықтан атау үлестірер кезде біраз дүниені ескеру керек, – дейді Ермұхамед Мәулен. Расымен, стадионға спортшы атын беру қазір әлемнің бірқатар елдерінде жүзеге асқан. Мысалы, «Милан» мен «Интер» клубтары үйдегі матчтарын өткізетін стадион – Джузеппе Меацца атында. Дегенмен қалың жанкүйерге «Сан-Сиро» деген атаумен жақсы таныс. Ал Тбилисиде сыйым­ды­лығы 55 000 адамдық Борис Пайчадзе атындағы стадион бар. Ол жерде Грузия құрамасы мен «Динамо» клубтары ойынын өткізеді. Сантьяго Бернабеу дегенді естісе елең етпес жан жоқ. Корольдік клубтың айтулы атағы мен айбынды ойындарына куә болып қасқайып тұрған стадионға «Реалдың» төл түлегі­нің есімі берілген.

Сантьяго Бернабеу кәсіби ғұмырын «Реалға» арнап, 200-ге тарта гол соққан. Кейін бапкерлік қызмет те атқарған. 1943 жылы клуб президенті болып сайланып, абыройлы міндетті 1978 жылға дейін атқарды. Осы уақыт ішінде «галактикосты» шырқау биікке дейін көтере білді. КСРО футболының шеңберінен шығып, әлемнің мойын бұрғызған бір футболшы болса, ол – Валерий Лобановский. Ол қалыптастыр­ған ойын, қалыптастырған тактика футболмен айналысатын жандар үшін әлі күнге үлгі. 1933 жылы салынған Киевтегі стадионға осы аңыз ойыншының аты беріліпті. Әзірбайжандар болса елінің ұланы Тофик Бахрамовты ардақ тұтып, 1951 жылы тұрғызылған Бакудегі стадионды соның есімімен атаған. Қазір еурокубок додаларына бұзып-жарып кіріп, тәнті еткен «Қарабах» клубы мен Әзірбайжан құрамасы өз ойындарын осы жерде өткізіп жүр. Стадион 31 200 адамға лайықталған. Сондай-ақ Ресейде (Мәскеу) Эдуард Стрельцов атында да стадион бар. Ал біздің аңызымыз – Тимур Сегізбаев. Әрине, қоғамның әр саласында еңбек еткен жанның құрметі кемімей, аты айшықталып жатса, бұл – ел-жұрттың ардақтысына деген лайықты бағасы болмақ. Ондай жұрт әлі талай шығатын таланттарын бағалай алады. Сол арқылы өз бағасын да биіктетеді, сапалы елге, сапалы ұлтқа айналады. 70-жылдары жасыл алаңдағы өнерімен бүкіл халықтың сүйіктісіне айналған Тимур Сегізбаевтың есімін Алматыдағы орталық стадионға беру, әлбетте, жарасымды. Бұл мәселеге Мәдениет және спорт министрлігі де лайықты назар аударады деген үміттеміз. Ер есімі ескерусіз қалмаса игі. Сегізбаев атындағы стадионда доп тепкен қазақ баласы нашар ойнауы мүмкін емес.

Абай Аймағанбет

Толығырақ: https://aikyn.kz/2019/01/30/78717.html

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*