ALADOP.KZ
Премьер-лига Шолу Қазақстан

ҚПЛ-дің 4 тур ойындары өтті

Аптаның демалыс күндері футболдан ел біріншілігінің 4 тур ойындары аяқталды. Сенбі күнгі 4 ойында да алаң иелері жеңіске жетсе, бүгін өткен 2 ойын тең нәтижемен аяқталды. 

  «Тобыл»-«Ақтөбе» (2-1)

Биылғы маусымды -12 ұпаймен бастаған «Ақтөбе» бұл турда Қостанайдың «Тобылына» қарсылық көрсете алмады. Матч басталғаннан шабуылға лап қойған алаң иелері 34 минутта Азат Нұрғалиев пенальтиді сәтті орындаған соң есепте алға шықты. Осыдан соң қарымта шабуылға иек артумен болған Газзаев шәкірттері 80 минутта Максим Федин соққан голдан кейін есепті еселеді. Алайда, ойын аяқталар тұста «Тобыл» қақпашысы Эмиль Балаев өрескел қателікке бой алдырып, Есен Жасановқа есепті қысқыртуға «көмектесті».

«Ертіс»-«Тараз» (2-0)

Осы маусымда жүлде үшін таласқа түсуге дәмелі павлодарлық футболшылар «Тараз» қақпасына доп соға алмады. Бірақ бұл «Ертіске» қажетті 3 ұпайды алуға еш кедергі болған жоқ. Ойынның 17  және 69 минуттарында қорғаушысы Игорь Пикалкин мен қақпашы Самат Отарбаев өз қақпасына гол автогол соғып алды.

«Ордабасы» — «Жетісу» (1-0)

Алма кезек шабуылдармен өткен Шымкенттегі ойын тартысқа толы болды. Сондықтан болар ойынның тағдырын жалғыз доп шешіп кетті. Алаң иелері үшін жеңіс голын 72 минутта Жоао Паулу соқты.

«Қайрат»-«Оқжетпес» (4-1)

Алматының «Қайраты» үшін де 4 тур сәтті өтті. Дегенмен, Көкшетаудың «Оқжетпесін» қабылдаған Алексей Шпилевский шәкірттері небәрі 2 минутта гол жіберіп алған-ды. Айып соққысын керемет орындаған Санат Жұмаханов «Оқжетпесті» алға шығарған. Алайда, Адеринсола Эсеола (11, 27 минут) мен Раде Дугаличтің (44, 81 минуттардағы) дублі Қайратқа ірі жеңіс сыйлады.

«Қайсар» -«Астана» (0-0)

Осыған дейінгі 3 тур бойы ұпайдан шашау шығармай келе жатқан «Астана» Қызылордада «Қайсардың» табанды қарсылығына тап болды. Қақпа алдындағы қауіпті сәттерге толы болған ойында қонақтардан гөрі алаң иелерінің жеңіске жетуге мүмкіндігі көп болған. Алайда, екі команда шабуылшыларына соңғы сәтте сәттілік жетпей жатты.

«Атырау» -«Шахтер» (0-0)

«Мұнайшы» стадионының дайын болмауына байланысты «Атырау» 4 турдағы «Шахтермен» болатын ойынды «Астана-Аренада» өткізді. Екі ұжымда да ойын барысында гол соғатын мүмкіндіктер болғанымен, ойыншыларға дәлдік жетіспей жатты.

                                                                                  Шамкен БАЙЫРБЕК.  

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*