ALADOP.KZ
3-тайм

«Реалдың» жаңа бапкері: Месси тарихтағы үздік ойыншы

Кеше Мадридтің «Реалы» команданы келесі маусымда Испания ұлттық құрамасының қазіргі бапкері Хулен Лопетеги жаттықтыратынын ресми түрде жариялады. Әлем чемпионатының басталуына екі күн қалғада мұндай жаңалықты хабарлауына басты себеп – ұлттық құрама ойыншыларының бұл құпияны өзара сақтай алмауында болған көрінеді.

Radio Marca-ның хабарлауынша Лопетегидің Мадридке баратынын алғашында «Реалдың» алты футболшысы ғана біліпті. Алайда көп ұзамай бұл мәлімет өзге клубтың бір өкіліне де жеткен көрінеді. Түрлі БАҚ ол ойыншының «Реал» туралы керағар пікір білдіретін Жерар Пике екенін жариялап жатыр. Лопетеги сыбыстың тарап кетуінен сақтанып, «Реал» басшылығына ресми түрде жариялауын өтініпті.

Бір айта кетерлігі Лопетеги 22 мамыр күні Испания құрамасымен 2020 жылға дейін келісімшартын ұзартып қойған. Арада бір апта өткеннен соң «Реалдың» бұрынғы жетекшісі Зинедин Зидан Мадирдтен кететінін мәлімдегеннен кейін команда басшылығы жаңа коучті іздеуге кірісті. Таңдау испаниялық маманған түскені көпшілікті таң қалдырғаны жасырын емес. Marca басылымы Лопетеги мен құрама арасындағы келісімшартты уақытынан бұрын үзу үшін корольдік Испания футбол федерациясына екі млн еуро төлейтінін хабарлады.

Шыны керек Хулен Лопетегидің Мадридке баратынын ешкім болжап білген емес, көпшілік күткен жоқ. Оның кандидаты тіпті жұрт күткен бапкерлердің арасында да болған емес. Зидан «Реалмен» қоштасқан кезде букмекерлер келесі бапкер кім болатыны жайлы бәс тігу ісін қабылдай бастады. Бұл тізімде «Тоттенхэмнің» жаттықтырушысы Маурисио Почеттино көш бастап тұрған. Сондай-ақ Арсен Венгер, Гути, Массимилиано Аллегри, Антонио Конте, Маурицио Сарри, Андре Виллаш-Боаш, Луис Фелипе Сколари, Тите, Йоахим Лёв секілді мамандардың қарасы көрінген.

Аян ӘБДУӘЛИ,

«Егемен Қазақстан»

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*