ALADOP.KZ
Еурокубок Қазақстан

Роман Мұртазаев: Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуды көздейміз

Елордамызда өткен «Астана» мен «Сутьеска» арасындағы матчтан кейін Президенттік клубтың ойыншысы Роман Муртазаев бұл жеңістің қаншалықты маңызды екендігіне тоқталып, Чемпиондар лигасының биылғы маусымына қойылған команданың мақсаты туралы айтып берді.

— Роман, «Сутьескаға» қарсы ойын туралы айтып берсеңіз. Қарсылас қаншалықты қарымды болды?
— Әу баста-ақ қарсыластың бізге қарымды қарсылық көрсететінін білгенбіз. Менсінбеушілік мүлдем болған жоқ. Ең бастысы, жеңіске жеттік. Сондықтан, көңіліміз көтеріңкі. Дегенмен, әлі ештеңе шешілген жоқ. Монтенегроға барып, тағы да жақсы ойнауымыз қажет. Сондықтан, бізге босаңсуға болмайды. Ол жақта да қиын ойын күтіп тұр.

— Жанкүйерлер сіздердің бір гол ғана соққандарыңызға аздап жабырқаулы…
— Иә, біз де жанкүйерлерді неғұрлым көп голмен қуантқымыз келген. Бірақ, Астанада кенет күн ысып кетіп, стадионның іші қапырық болып кетті. Екі жаққа да оңай болған жоқ. Әсіресе, екінші таймда отырып қалдық. Бұл, әлбетте, сылтау емес. Себепті өзімізден іздеуіміз қажет. Кейбір болмашы жерлерде жиі қателесіп жатқан өзіміз.

— 1:0 есебінен кейін «Астанадан» Монтенегрода қандай ойын күтуге болады?
— Монтенегрода қалай ойнайтынымызды бас бапкер шешеді. Дегенмен, біз жасыл алаңда барымызды саламыз. Күшіміз жеткенше жеңіске ұмтыламыз. Келесі кезеңге қалайда өтуіміз керек. Ең бастысы, ауа-райы жайлы болса дейміз. Өйткені, Монтенегрода да күн өте ыстық деп естіп жатырмыз.

— Қарсылас бұл ойында болмашы жерден жиі құлай берді. Уақыт созды деп ойламайсыз ба?
— Қарсылас жаман емес екен. Футбол ережесіне сай ойнады. Уақыт созды деп ойламаймын. Бұл спорт. Мұнда қандай әдіс пайдалансаң да өз еркің. Енді оларға қарсы екі есе қатты дайындалу қажет.

— Қарсылас командасына пенальти белгіленгенде нүктеге өзіңіз бардыңыз. Жауапкершілікті мойныңызға алудан қорықпадыңыз ба?
— Бізде командада 23 футболшы бар болса, соның 18-і пенальти тебе алады. Бәрі де нүктеден жақсы тебеді. Бірақ бұл жолы әріптестерім маған сенім артты. Бірден оң жақ бұрышты көздедім. Қақпашы ұмтылғанымен допқа жете алмады. Менің голым командама жеңіс әкелгеніне қуаныштымын.

— «Сутьескамен» ойнап жатып, келесі іріктеу кезеңіндегі қарсыластарыңыз «Митьюлланд» жайлы ой келді ме?
— Жоқ. Біз кез келген қарсыласқа құрметпен қараймыз. Егер монтенегроны өтпей жатып, келесі қарсылас жайлы ойлар болсақ, онда жеңіліп те қалар едік. Бұл футболдың жазылмаған заңы.

— Қалай ойлайсыз, егер қарсыластар қорғанысқа жатып алмай, ашық ойын үлгісін көрсеткенде ірі жеңіске қол жеткізе алар ма едік?
— Мүмкін. Өйткені, қорғанысқа жатып алған команданың қақпасын тесу қиын. Сырттан қараған адамға Испания мен Ресей құрамаларының әлем чемпионатындағы кездесуін көз алдына әкелген шығар. Тек «пиренейліктерге» қарағанда біз гол соға алдық.

— Өзіңіз әлем чемпионатын көріп жатырсыз ба?
— Әлбетте. Ресейге жанкүйер болатынмын, негізі. Ал финалда Франция құрамасы ұтатын шығар деп ойлаймын.

— Ал биыл Чемпиондар лигасында алдарыңызға қандай мақсат қойып отырсыздар?
— Клуб басшылары, жанкүйерлер мен демеушілеріміз бізге үлкен сенім артып отыр. Үміттерін ақтауларымыз қажет. Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне дейін шыққымыз келеді. Бұл үшін бізге барлық жағдай жасалған.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*