ALADOP.KZ
Қазақстан Ұлттар Лигасы Ұлттық құрама

Станимир Стойлов: «Бірінші ойында ұтылcақ та, соғыста жеңілген жоқпыз».

  Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стойлов Грузияға қарсы ойыннан кейін журналистер сұрағына жауап берді.

-Бүгінгі ойын екі тарапқа да қиын болатынын білгенмін. Алайда, есеп мүлде мен ойлағандай болмай шықты. Өз алаңымызда есе жіберіп алғанымыз өкінішті. Көп жағдайда жігіттер гол соғатын мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмады. Бізге осы тұрғыда жұмыс істеу керек екені көрініп тұр.

— Егер ойынның есебін есептемесек, жігіттеріміздің іс-қимылы көңіліңізден шықты ма?

— Шынымды айтсам, ондай сәттер көп бола қайған жоқ. Өйткені, ойыншыларыма жылдамдық пен сенімділік, шабуылдар барысында ширақ қимылдар жетіспей жатты. Ал сенімділік жетіспесе, бұндай мачтарда жағымды нәтижеге жете алмасымыз белгілі.

Күтпеген жеңілістен кейін Қазақстан құрамасының топтағы жағдайын қалай бағалайсыз?

 — Грузияның қиын қарсылас екенін білдік. Осыған дейінгі жақсы өткізген 3 ойыннан кейінгі жеңіліс оңайға соқпады. Сондықтан, бізге  келесі ойында жеңіске жету аса маңызды. Қолдан келгеннің бәрін жасап, әрбір ойында ұпайға таласамыз. Нәтиженің қандай боларын соңында көреміз.

Қақпамызға соғылған екінші голды Георгий Жуков алып келді деуге болады. Сонда оның алаңда 90 минут бойы ойнауы қаншалықты орынды. Неге дәл Жуковты алмастырмадыңыз?

 — Мен екінші голға Жуков кінәлі деп айтпас едім. Себебі, ол  бүгінгі ойында жақсы ойнады. Алаңда барын салып, командаға көмектескісі келіп жүргенін байқадым. Оның үстіне ол бұл ойында өз позициясында емес, оң қапталдағы жартылай қорғаушының орнында жүрді. Қорытынды нәтижеге қарамастан Георгийдің ойынына көңілім толады деп айта аламын.

  — Еурокубоктік бәсекелер де, бүгінгі ойын да шабуылшыларымыздың осалдығын көрсетіп бергендей. Бұл мәселені қалай шешу керек?

Айтарым, оларға негізгі құрамдағы орын үшін барын салулары керек. Көбірек ойын тәжірибесі болса, нәтиже же жақсарады. Сол кезде біз де ұлттық құрама сапында оларға барынша сенім арта аламыз. Ал әзірше бар ойыншылармен турнирді жалғастыра бермекпіз.

Шамкен БАЙЫРБЕК.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*