ALADOP.KZ
Шолу Қазақстан Ұлттық құрама

«Стойлов білікті маман, Бабаянның одан үйренері көп»

  Ертең «Ұлттар Лигасының» аясында Қазақстан құрамасы өз алаңында Латвияны қабылдайды. Бүгін ойын алдындағы дәстүрлі баспасөз жиынында Роман Мұртазаев журналистер сұрағына жауап берді.

 -Ертеңгі Латвияға қарсы ойын өз алаңымыздағы соңғы ойын болмақ. Бұл ойыннан не күтесіз?

Ең алдымен біз алға қойған жоспарды орйындау үшін жиналып отырмыз.  Енді ертең сәтін салып, жеңіске жету үшін аянбайтын боламыз. Құрамадағы өзге де әріптестерім бұл ойынның қаншалықты жауапты екенін жақсы түсінеді.

Сіз Латвия құрамасының қандай артықшылықтарын атап өтер едіңіз?

Латвия құрамасының кез келген ойыншысы алаңда жанкешті ойнайды. Бұған сырт алаңдағы бірінші ойын дәлел бола алады. Олардың да алға қойған мақсаттары бар. Алайда, бұл жолы біздің олардан артықшылығымыз өз алаңымызда, өз жанкүйерлеріміздің алдында доп тебетініміз. Ертең жанкүйерлерімізді қуанту үшін бізге барлық жағдай жасалған. Бәрі өз қолымызда.

Құрама сапында тер төгіп жүргеніңізге біршама уақыт болды. Осы ойын қарсаңында бірнеше жас ойыншы қатарларыңызға қосылды. Олар туралы не айтасыз?

Қатарымызда жас ойыншылар жылдың басында да болған. Өз басым, мен жаңадан келген жігіттерге қарап оларды кіші деп бөлмеймін. Бапкерлер құрамаға шақырса, ол ойыншылар бізге керек деген сөз. Сондықтан, бірлесе жаттығып, жалпы нәтижеге жету үшін бірлесе өнер көрсетуіміз керек. Маңыздысы, алдағы ойында қарсыластан айламызды асырып, жанкүйерлерге көтеріңкі көңіл күй сыйлау.

—  Станимир Стойлов пен Григорий Бабаянның тактикалық жүйесінің арасында қандай артықшылықтарды байқадыңыз?

Бұл екі маманның бірнеше жыл иық тірестіріп бірге жұмыс істегенін бәріңіз білесіздар. Станимир Стойлов білікті, тәжірибелі маман, ал Григориий Бабаянды оның шәкірті сияқты деп ойлаймын. Ұқсастықтары көп. Біз екі бапкердің де ойыншылардан нені қалайтынын, қандай тактиканы ұстанатынын жақсы түсінеміз. Негізінде, екеуінің жұмыс барысында үлкен айырмашылық жоқ.

                                                                                                        Шамкен БАЙЫРБЕК.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*