ALADOP.KZ
Құдіретті футбол ӘЧ-2018

Жасыл алаңда – «Жасыл бүркіттер»

Футболдан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жеребе тарту рәсімінен соң бірқатар футбол мамандары «D» тобына ең мықты құрамалар жиналғанын айтып жатты. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл топтағы барлық команда – плей-офф кезеңіне өтуге лайық құрамалар. Топтан шығу үшін жұлдызды Аргентина, дегенінен қайтпайтын Исландия, жаралы Хорватия және күліп жүріп жеңіске жететін Нигерия құрамалары сынға түседі.

Футболдан Нигерия құра­ма­сы өткен ғасырдың екінші жар­тысына дейін әлем былай тұрсын, Африкада жетекші команда саналмайтын. Тіпті Африка Ұлт­тар кубогының алғашқы се­гіз турнирінің тек біреуінде ғана негізгі кезеңге жолдама алған. 1980 жылы Нигерия құ­ра­­масы өз елінде өткен құрлық біріншілігінде тұңғыш рет Африка чемпионы атанды. Соңғы 25 жылда «африкалық бра­зилиялықтар» футбол әле­мінде тың серпіліс жасап, бар­лығын таңғалдыра бастады. Яғ­ни нигериялықтар соңғы ал­­ты әлем чемпионатының бе­­сеуіне қатысқан. Бұл тәжі­ри­белі команда ғана жететін нәтиже еді.

Нигерия тұңғыш рет әлем чемпионатына 1994 жы­лы қатысып, бірін­ші­лік­тің 1/8 финалына дейін жет­ті. Топтық кезеңде «жа­сыл бүркіттер» Грекия мен Болгария құрамасын се­німді түрде жеңсе, соңғы тур­да аргентиналықтардан же­ңі­ліп қалды. 1/8 финалда нигериялықтар Италия құ­ра­масын «нокаутқа» түсіре жаз­дады. Матчтың 88-минуты­на дейін жеңіліп жатқан Ита­лия құрамасы Роберто Баджоның голы арқасында есепті теңестірсе, экстра-таймда дәл сол Баджо өз құрамасына же­ңіс сыйлады. Осындай ке­ре­мет нәтижеден соң (әлем чем­пионатына тұңғыш рет қа­тысқан құрама үшін 1/8 фи­налға дейін жету жақсы көр­сет­кіш) нигериялық футболшы­лар Еуропаның ТОП клубтарында ойнай бастады.

Араға 24 жыл салып Нигерия құрамасы АҚШ-та өт­кен чемпионаттың нәти­же­сін қайталау үшін Ресейдегі әлем чемпионатына қайта кел­ді. «Жасыл бүркіттер» тө­рт жылдың ішінде тә­жі­ри­бе­ле­рі толысып, бұл жолы мықты құраммен келіп отыр. Егер африкалықтардың құжат­та­рына сенетін болсақ, онда Нигерия құрамасы биылғы чем­пионаттағы ең жас құрама са­налады. Соңғы матчта 30 жастан асқан бірде-бір футболшы алаңға шыққан жоқ.

Нигерия құрамасы басқа африкалық командалар сияқты екі кезеңнен тұратын іріктеу кезеңнен өтті. Бастапқыда Свазиленд құрамасымен жо­лы­ғып, өз алаңында өткен кез­десуде жеңіске жетіп, сырт алаң­да тең түсті (2:0, 0:0). Ал топтық кезеңде Замбия, Ал­жир және Камерун секілді азулы командалармен жол­даманы сарапқа салды. Мы­салы, Камерун – Африка құр­лығының соңғы чемпионы, Алжир – Марез, Браими, Слимани және бірнеше «жұлдыз» ойыншылары бар, Замбия – жергілікті футболшылардан құралған мық­ты ұжым болатын. Де­ген­мен «жа­сыл бүркіттер» тек екі ойын­да ғана тең ойнап, қалған матчтың бәрінде же­ңіс­ке жетті. Осылайша,14 ұпай жи­нап, топтан бірінші орынмен шықты.

Жоғарыда айтқанымыз­дай, Нигерия футболшылары тұң­ғыш әлем чемпионатында Аргентинамен бір топқа тү­сіп, екі құрама да келесі кезеңге өткен болатын. Бір қызығы, кейінгі чемпионаттарда да Нигерияның жолы Аргентинамен түйісе берді. 2002 жылы өткен біріншілікте нигериялықтар Аргентина, Швеция және Англиямен бірге «ажал» тобында ойнап, еуропалықтар келесі кезеңге өткен-ді. 2010 жылы Африкада ұйым­дас­ты­рылған доп додасында ескі қарсыластар тағы бір топқа түсті. Бұл жолы да «жасыл бүркіттер» топтық ке­зеңнен өте алмады. 2014 жылы Нигерияға тағы да Аргентина қарсылас атанды. Бұл жолы Нигерия Аргентинадан соң екінші орын алып, 1/8 финалға дейін жетті. Енді міне, Ресей­дегі әлем чемпионатында да Нигерия мен Аргентина бір топқа түсіп отыр.

Нигерия құрамасының тізімі:

• қақпашылар: Энзенва Икечукву («Эньимба»), Фрэнсис Узохо («Депортиво», Испания), Даниэль Акпейи («Чиппа Юнайтед», ОАР);

• қорғаушылар: Абдул­лахи Шеку («Бурсаспор», Түркия), Тайрон Эбьюэхи («Ден Хааг», Нидерланды), Элдерсон Эчиджиле («Серкль Брюгге», Бельгия), Брайн Идову («Амкар», Ресей), Чидозье Авазьем («Нант», Франция), Уильям Троост-Эконг («Бурсаспор», Түркия), Леон Балогун («Майнц», Германия), Кеннет Омеруо («Касымпаша», Түркия);

• жартылай қорғаушы­лар: Джон Оби Микел («Тяньцзинь Тэда», Қытай), Огенйи Онази («Трабзонспор», Түркия), Уилфрид Ндиди («Лестер», Англия), Огхенекаро Этебо («Лас-Пальмас», Испания), Джон Огу («Хапоэль», Израиль), Джоэл Оби («Торино», Италия);

• шабуылшылар: Ахмед Муса, Келечи Ихеначо (екеуі де – «Лестер», Англия), Одион Игало («Чанчунь Ятай», Қытай), Алекс Айуоби («Арсенал», Англия), Виктор Мозес («Челси» Англия), Симеон Нванкво («Кротоне», Италия)

          Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*