ALADOP.KZ
Басты ақпарат Сараптама

ЖЕҢІЛІССІЗ ЖЕҢІСТІҢ ДӘМІ ЖОҚ…

Биыл футболдан алғаш рет UEFA Ұлттар лигасы  жалауын желбіретті. 55 елдің командасының басын қосқан бәсекеден Қазақстан ұлттық құрамасы да шет қалмады. Қазақстан Ұлттық құрамасы жеребе тарту рәсімінде D лигасының 1 тобына түсіп, Грузия, Латвия, Андорра құрама командаларына қарсылас атанған болатын.

Көп ұзамай басталған UEFA Ұлттар Лигасы аясында Қазақстан құрамасы өз алаңында Грузия футболшыларын қабылдап, 0:2 есебімен жеңіліске ұшырады.

Болгариялық маманның жетекшілігімен өткен алғашқы ресми ойында құрамамыз Астана-Арена стадионына жиналған 29000 жанкүйердің үмітін ақтамады. 68 минут бойы шабуылдаған құрамамыз өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. «Сен соқпасаң, саған соғады» деген қанатты сөз тағы да ақиқатқа айналғандай. Ойынның 69-минутында қарсы шабуылға иек артқан грузиндер есеп ашты. Грузиялық 19 жасар талант Георги Чакветадзе қорғаушыларымызды бұйым көрмей айналып барып, тоғыздыққа топ еткізді. Салқынқандылық таныта алмаған футболшыларымыз арада 5 минут өткен соң, тағы да қателесті. Кезекті рет қарсы комбинация ұйымдастырған грузиндер Чакветадзенің аяғына допты салып берді. Ойқастап барып оң аяқпен шірене тепкен жас футболшының соққысын Эрич ерлеп қайтарғанымен, позициясын дұрыс таңдай алмаған қорғаушы Сергей Малый автоголдың авторы атанды.

Кезінде «Қайрат» командасын баптап, қазақ футболының қыр-сырын білетін словакиялық маман В.Вайсс Грузия құрамасымен Қазақстан құрамасын оңай ұтып кетті. Миллиондаған жанкүйерлер тағы күрсінді. Грузиялықтар 3 ұпаймен көш бастады. Ал топтағы 2-жұп  Латвия мен Андорра алғашқы турда 0:0 есебімен тең тарқасты.

Сенгенім сен болсаң…

             Өз алаңымыздағы жеңілісті сәтсіздікке балап, Андорраны ірі есеппен ұтармыз деген ой теледидарға телмірген миллиондаған жанкүйердің санасын жаулап алғаны анық. Бірақ, «баяғы жартас – сол жартас» екеніне көзіміз тағы жетті.

Ұзақ уақыт бойы допқа иелік еткен командамыз кездесудегі алғашқы голды екінші таймның 68-ші минутында соқты. Бауыржан Исламханның әуелетіп асырған бұрыштама добына бәрінен бұрын жеткен Юрий Логвиненко қақпа торын тулатты. Андорра футболшылары 86-шы минутта ойынды теңестірді. Андорралық Жорди Алаэс Дмитрий Шомконың қателігін пайдаланып, Ненад Эричтен айласын асырды. Жанкүйерлердің өзегі тағы да өртенді. Ұлттық құраманы қолдауға арнайы «Эстади Насьонал д’Андорра» стадионына келген танымал өнер жұлдыздары да көңілдері құлазығандай күй кешті. Бірақ, әрбір жанкүйердің бір ғана отаны барын ескерсек, ұлттық құрамадан басқа сенеріміз жоқ…Стоиловқа үміт артып, құрамаға сенеміз.

Ержігіт КҮНТУБАЕВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*