ALADOP.KZ
Ала доп аңыздары

Зинедин Зидан!

Біреудің ала жібін аттамай, ар сақтаған Зинедин Зидан арда тұлға. Қарапайымдылық, сабырлылық, шүкіршілік ету секілді қасиеттер бұл кісінің бойында тұнып тұр. Кедей жанұяда туып өсіп, кейіннен атақты болып кетсе де Зинедин өзінің байсалды қалпынан еш айнымады. Ол өзінің құдай берген таланты бар екенін біле тұра, оны еш сарп етпеді.

Көптеген талантты футболшылар ішімдікке салынып, тіпті нашақорлыққа барып, алла несиеге берген қасиеттерін көз алдымызда жоғалтып жатты. Жариялылықтың қылышынан қан тамып тұрған мынандай заманда танымал адамдардың әр адымы аңдулы емес пе? Алайда, Зидан бүлдіріпті, Зинедин асылық сөйлепті дегенді естіппе едіңіз? Бірде сары басылымдар Зидан жұбайының көзіне шөп салып, әнші қызбен көңіл жарастырыпты деп жала да жабылды. Бірақ, бұл әңгімеге ешкім де сенген жоқ. Себебі, Зинедин Зидан ондай адам емес. Нәтижесінде әлгі газеттегілер кешірім сұрап, әнші қыздың сұқбатын да жариялады.

Асыл туған аяқдопшының атына сай болуының өзі ғанибет. Ол мұсылман әлемінің мақтанышы. Зине дін – таза дін дегенді білдіреді. Ол өзі таңдаған жолды таза ұстап келеді. Жыл сайын Марсельдің кедей-кепшіктері тұратын ауданында ауызашар беріп, көпшіліктің сауабын алады. Көп адамға естіртпей, жасырын түрде қайырымдылық жасайды. Ол өзгелер секілді жарнаманы, жалған атақты қаламайды. Міне, ол сонысымен де асыл адам.

Жасыл алаңда Зинедин ашуланып, біреудің аяғынан теуіп кеткенін ешкім растай алмайды. Ол шыншыл әрі әділетті адам. Өзінің тарихи отаны Алжирге де көмектесіп, талай мәрте қаржы аударған. Бұл жайында да ақпараттар ғаламторда көп кездесе бермейді.

Зиданды қатты құрметтейтін мұсылман елдерінің бірі Қатар оны ұлттық құрамаға бапкер қылып шақыртты. Қаржыны аямайтын арабтар Зиданға жылына 50 миллион доллар жалақы береді. Ол шамамен аптасына бір миллионнан. Бірақ, Зиданды жалақыға қызығып кетті десеңіздер қателесесіздер. Ол осы қаржының барлығын қайырымдылыққа жұмсауды көздейді. Себебі, Зинедин осыдан 10 жыл бұрын ақ үлкен соммада жалақы алатын. Алайда, ол өзінің отбасысымен сол бұрыннан бері тұратын үйінен ешқайда көшкен жоқ. Туыстары да бірқалыпты өмір сүреді. Дүниенің жалғандығын білетін бапкер мұқтаж адамдарға қол ұшын созуды көздейді.

Көптеген испан газеттерінің жазуы бойынша Зидан «Реалдан» әбден шаршаған. Футболшылардың мінездері, ұрыс-жанжал, қаптаған журналистер, адамгершілігінен гөрі саясаткерлігі басым Флорентино Перес, барлығы да оны шаршатты дейді. Екінші жағынан ол әрқашан абыроймен кете білетін адам. Ұлы бапкерлердің бәрі сондай. Сэр Алекс те болдым, толдым деп орнын босатып берген жоқ па?!

Ал енді Қатарда Зидан тыныштықта, сабырмен өмір сүріп, құраманың бас бапкері болады. Барша мұсылман қауымы оның әрбір ісіне сәттілік тілейді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

*