Қазақстан Премьер-лигасының 17-турындағы алғашқы ойын Астана төрінде өтті. Алайда «Тұран» үшін футбол мейрамы емес, масқараға айналды. «Астана» түркістандық клубты 7:0 есебімен тас-талқан қылды.
Көрінбесе ел данасы,
Көрінгенге жем боласың.
Есіңді жи, еліңді ойла,
Ей, Тұранның бел баласы!
Тоғызыншы жеңіліс. Иә, тоғызыншы! Футболға, жанкүйер сеніміне жасалған опасыздық. 0:7 деген не? Қай заманда қазақтың командасы бұлайша қираған?!
Трансферлік терезе ашылды, бірақ терезеден үміт емес, күмән кіріп кетті. 1,5 жыл бойы доп теппеген легионер Лука Чермель неге алынды? Аслан Дарабаевты қай беттеріңмен шақырдыңдар?
Telegram арналары 11 миллион теңге айлық алатын ойыншылар жайлы жазуда. Бірақ 11 миллионға 11 соққы жасауға шамасы жетпеген ойыншылардан не қайыр? Былтыр ғана Екінші лигада жүрген Нұрәлі Жақсылықовтан гол жіберген футболшылардың қаншалықты пайдасы бар?
Сендердің орындарың – Бірінші лига емес, бірінші болуға ұмтылатын биік еді. Бірақ биікке емес, тұңғиыққа құлдиладыңдар. Осыған жол бергендер кім?
Біздің серіктес: FONBET