Футболдан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында «Қазақстан Республикасының Президенті кубогы» додасы аяқталды.
Төртінші рет өткен дәстүрлі халықаралық турнирде бас бәйгені Әзірбайжан жеткіншектері иемденді. Олар «А» тобында қарсыластарының бәрін жеңіп, финалда «В» тобында бірінші орын алған Украина ұландарымен кездесті. Ақтық ойында екі елдің бозбалалары да гол соға алмай, жеңімпаз пенальти арқылы анықталды. Пенальти соғуда Әзірбайжан жеткіншектерінің бақтары жанып, бас бәйгеге тігілген 10 000 АҚШ долларын жан қалталарына басты. Украина ұландарына 6 мың доллар бұйырды.
Үшінші орын үшін өткен матчта «А» тобында екінші орын алған Қазақстан жеткіншектері «В» тобында тура осындай орынға ие болған Түркия тарландарымен кездесіп, 2:3 есебімен ұтылып қалды. Түріктер үшінші жүлдеге тиесілі 4 мың долларға қол жеткізді. Біздің бозбалаларымыз төртінші орынды қанағат тұтты. Грузия жеткіншектері Иранды 3:2 есебімен жеңіп, бесінші орын алса, Армения бозбалалары Өзбекстан өрендерін 2:0 есебімен тізе бүктіріп, жетінші орынға орналасты.
Қазақстан қақпашысы Михаил Голубничий турнирдің ең үздік голкипері атанса, Игорь Харатин (Украина) үздік қорғаушы болып танылды. Ал Серхат Чакмак (Турция) «үздік жартылай қорғаушы», Дмытро Билоног (Украина) «үздік шабуылшы» номинацияларында үздік шықты. Голды көп соққан Руслан Насирли (Әзірбайжан) «турнирдің сұрмергені» жүлдесіне ие болса, Николос Ахвледиани (Грузия) биылғы доданың «ең үздік ойыншысы» атанды.
Өзіміз биылғы Елбасы кубогын бастан-аяқ көре алмаған соң, Қазақстан футбол федерациясының қоғаммен қатынас және маркетинг жөніндегі департаментінің директоры Измаил Бзаровқа осы турнирді қорытындылап беруді өтінген едік.
– Бес күн бойы сегіз елдің жас таланттары бір-бірімен достасып, жасыл алаңда қарсылас та болды. Қазақстан жеткіншектерінің өнерлеріне баға берер болсақ, Оливер пельцердің шәкірттері лайықты деңгейде өнер көрсете білді. Қорытынды есептегі төртінші орын тым жаман көрсеткіш емес. Ең бастысы, біздің жеткіншектер Әзірбайжан және Түркия сияқты азулы командалармен кездесіп, ысылды. Қақпашымыз (Павлодардың «Ертісінің» голкипері) турнирдің «ең үздік қақпашысы» болып танылды. Ал біздің құраманың ойынын үйлестіруші Иван Антипов («Ақжайық», Орал) ең үздік жартылай қорғаушы номинациясында үміткерлердің бірі болды. Елбасы кубогы Қазақстан жеткіншектері үшін 2012 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасына дайындалудың бір сынағы болды. Оливе Пельцердің өзі «команда ойымыздағының бәрін жүзеге асыра алды, осы додадағы өнерімізге де, алған орнымызға да көңіліміз толады» деді. Ең соңғы баспасөз маслихатында бәрінен де Әзірбайжан құрамасының аға жаттықтырушысы Табриз Хасановтың айтқан сөздері адам тебіренерліктей болды. Ол «бірінші кезекте сіздердің Президенттеріңізге алғыс жолдағым келеді. Бұл турнир елбасыларыңыздың атымен аталады. Біз әрі сіздерде спортқа қалай айрықша көңіл бөлінетіндігін білеміз. Турнирдің ұйымдастырылу деңгейіне әлі сүйсінудеміз. Бәрі де тамаша болды. Турнирдің ашылуына – 11 мың, ал жабылуына 7 мың жанкүйер келді. Біз сәулеті тамаша стадионда жеңіске жеттік. Татулығы сүттей ұйыған елде қол жеткізген жеңісіміз ешқашан ұмытылмайды. Біздің тарихымызда мәңгілікке қалады. Құдды кіші әлем чемпионатын жеңіп алғандай күйдеміз» деп толқыды. Сырттан келген қонақтың сөздері бәріне баға бола алады деп ойлаймын, – деді Қазақстан футбол федерациясының өкілі.
Автор: Нұрғазы сасаев