Футболдан «Қайрат» клубы араға 10 жыл салып, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды. Ал 2015 жылы Станимир Стойлов баптаған «Астана» клубы дәл осы межеге бірінші болып жетіп еді. Осы орайда елордалық команда сапында доп тепкен футболшылардың қазіргі жай-күйіне үңіліп көрдік.
Естеріңізге сала кетейік, бір топта «Атлетико» (Испания), «Бенфика» (Португалия), «Галатасараймен» (Түркия) түскен клубымыз 6 ойында 4 ұпай (4 тең көрсеткіш және 2 жеңіліс) жинаған болатын.
Қақпашы: Ненад Эрич («Астана»)
Сербиядан келген қақпашы 2020 жылға дейін «Астананың» намысын қорғап, спорттық мансабын аяқтады. Қазақстан азаматтығын алып, 2018 жылға дейін ұлттық құрама сапында 8 ойын өткізді. Қазіргі таңда Сербияның 17 жасқа дейінгі бапкерлік штабтың құрамына кірді.
Қорғаушылар:
Бранко Илич – 2016 жылы клубтан кетіп, Жапония, Словения, Дания чемпионаттарында өнер көрсетті. 2020 жылы футбол мансабын аяқтады.
Евгений Постников – 2021 жылы «Астана» сапында мансабында аяқтады. Қазақстан азаматтығын алып, 2018-2019 жылдары ұлттық құрама сапында 8 ойын өткізді.
Марин Аничич – 2019 жылға дейін «Астана» сапында доп тепті. Кейін Түркия, Босния және Герцеговина чемпионатында 2024 жылға дейін бақ сынады. 2016 жылы алғаш рет Босния және Герцеговина құрамасына шақырту алды.
Дмитрий Шомко – 2020 жылға дейін «Астана» сапында болды. 2025 жылы қайтадан «Астанаға» қосылды.
Абзал Бейсебеков – «Астана» сапында ойнайды.
Елдос Ахметов – 2016 жылы «Ертіс» клубына ауысты. Одан кейін «Қайрат», «Қайсар», «Тараз», «Ақсу» клубында доп теуіп, 2023 жылы футбол мансабын аяқтады.
Жартылай қорғаушылар:
Роджер Каньяс – 2016 жылы «Астанадан» кетіп, Кипр, Беларусь, Чили чемпионаттарында өнер көрсетті. 2022-2024 жылдары Қарағандының «Шахтерінде» доп тепті. Бірақ Бірінші лигада тек отандық футболшыларға рұқсат берілгендіктен, командадан кетуге мәжбүр болды. Әзірше ешқандай клубпен келісім-шарт жоқ.
Неманья Максимович – «Астана» мен Сербияның жастар құрамасында жақсы қырынан көрсеткен футболшы 2017 жылы Қазақстан Премьер-лигасынан Испания Ла-Лигасына ауысып кетті. «Валенсия», «Хетафе», «Панатинаикос» клубтарында ойнады. Қазір БАӘ біріншілігінде жүр.
Бауыржан Джолчиев – Қазақстанның жарық жұлдызы саналған футболшы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Галатасарайға» қарсы ойнады. Одан кейін жасыл алаңға шықпады. 2017 жылы автокөлікті мас күйінде айдағаны үшін, 100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылған болатын.
Георгий Жуков – 2015 жылдан кейін «Астана» сапынан кетті. Нидерланд, Польша, Қытай чемпионаттарында бой көрсетіп үлгерді. Жазда «Ақтөбе» сапына қосылды.
Фокси Кетевоама – 2015 жылдан кейін «Астана» сапынан кетті. Одан кейін 2022 жылға дейін Түркия чемпионатында өнер көрсетті.
Данис Дедечко – «Астана» сапында ойыны жүрмей, 10 матчта 1 ғана гол соқты. Одан кейін Украина, Ресей, Армения чемпионаттарында доп тепті. Қазір де Армения чемпионатында жүр.
Серікжан Мужиков – 2019 жылға дейін «Астана» сапында болды. Одан кейін «Тобыл», «Жетісу», «Елімай», «Оқжетпес» клубтарына барды. Қазір көкшетаулық команда сапында алаңға шығып жүр.
Таңат Нөсербаев – 2016 жылы «Астана» сапынан кетті. 2022 жылы «Тұран» клубында мансабын аяқтады. Қазір «Ордабасы» клубының спорт директоры.
Игорь Пикалкин – «Атлетико» клубына қарсы ойында дебют жасаған. Одан кейін «Шахтер» мен «Тараз» сапында ойнады. 2020 жылдан кейін ешқандай клубта доп теппеді.
Біржан Құлбеков – «Атлетико» клубына қарсы ойында дебют жасаған. Одан кейінгі мансабы қатты жоғарламады. Бірінші, Екінші лигада ойнап, 2022 жылы «Жеңіс» клубында мансабын аяқтады.
Шабуылшылар:
Джуниор Кабананга – «Астана» клубының басты сұрмергендерінің бірі елордалық ұжымның сапында әр жылдары ойнап тұрды. Қазақстаннан бөлек, Криштиану Роналдудың қазіргі командасы «Әл-Наср» және Түркия, Қатар, Беларусь, Қытай чемпионаттарына барып қайтты. 2023 жылы «Мақтарал» клубына келгенімен, Премьер-лигада көзге түсе алмады. 2024 жылы жарақатына байланысты мансабын аяқтады.
Патрик Твумаси – Қазақстан чемпионатында өз ойынымен көпшілікті тәнті еткен футболшы 2018 жылы Испанияның «Алавесіне» 3 млн еуроға ауысты. Ол қазақстандық клуб сапында еурокубокта 15 гол соғып, ТОП-3 сұрмерген ретінде есте қалды. Одан кейін Түркия, Германия, Израиль, Кипр елдерінде бақ сынады. Қазір Оңтүстік Кореяның «Чонбук Моторс» атты команданың намысын қорғап жүр.
Алексей Щеткин – Әр жылдары «Астанада» ойнаған Алексей Щеткин 2018 жылы ең үздік маусымын өткізіп, Қазақстан чемпионатында 10 гол соқты. Одан бөлек, футболшы Ресейдің «Ротор», «Кубань» клубтарында да доп тепті.
Жақып Қожамберді – Испанияның «Атлетико» клубына қарсы матчта қосалқы құрамнан шыққан футболшы Премьер-лигада өзін жақсы қырынан көрсете алмады. Қазіргі сәтте Бірінші лигадағы «Каспий» клубында ең үздік маусымдарының бірін өткізіп жатыр. Ол 18 ойында 9 гол соғып үлгерді.
Біздің серіктес: FONBET