Жарнама
Жарнама

“Он бір де бір” Молдова бүкіл Еуропаға ұятқа қалды. Олардың күйін Қазақстан да кешуі мүмкін бе?

10.09.2025, 22:30

Футбол тарихында сирек емес, арсыздықтың шыңы тіркелді. Норвегия Молдованы 11:1 есебімен табанға таптады. Бұл енді жай ғана жеңіліс емес футболдағы ұлттық абыройды аяқ асты еткен сұмдық, бір елдің намысына салынған өшпес қара таңба.

Жарнама
Жарнама

Жығылған сүрінгенге күледі.... Қазақстан да жақында Бельгиядан 6:0 болып ойсырай ұтылды. Бірақ айырмашылық бар: біздің жеңілісіміз ащы болғанымен, Молдованың жағдайымен салыстырғанда — тіпті майда ғана. Өйткені 11 гол жіберу бұл спорттағы емес, ұлттық деңгейдегі масқара! Еуропаның күллі жұртына "әлжуаздар", "қарабет” болып танылу деген футбол емес, қорлық.

Қазақстан футбол федерациясының техникалық дирекциясының басшысы Геннадий Скуртулдың отандастары осылайша масқараға ұшырады. Ал біздің федерация дәл сол елден маман шақырып, кеңес алып отыр. Сонда Қазақстан футболын дамытамыз деп жүргендерге сұрақ: өз елін Еуропа алдында қарабет қылған адамдар бізге не үйретпек?

Бұл жерде ащы шындықты айту керек: Қазақстан футбол федерациясы елдің футболын көтеретін мекеме емес, күлкіге қалдыратын мекемеге айналды. Басшылардың ойы кресло, ал футболдың тағдыры олар үшін түк емес. Миллиондар бөлінеді, миллиардтар желге ұшады, ал нәтиже қайда? 6:0 Бельгиядан, енді бір күні біз де 11:1 болсақ, таңғалмаймын!

Федерация басшыларына сұрақ:

Өз елін масқара қылған адамнан сіздер не үйренесіздер?

Бұл халықты ақымақ санағандарыңыз ба?

Әлде футболды дамытпай, әдейі құртып, масқара қылуды мақсат еткенсіздер ме?

Норвегия – Молдова ойыны футбол тарихындағы ұят емес, ұлттық намысты аяққа таптаудың символы болып қалды. Молдова халқы бүгін жер шұқып отыр. Бірақ ең сорақысы біз де дәл солардың жолымен келе жатқандаймыз. Қазақстан федерациясы шын мәнінде ұлттық футболды көтергісі келсе, ұятты есеппен жеңілген елден емес, нағыз дамыған футбол мектептерінен үйренсін. Әйтпесе, ертеңгі күні біз де Молдова сияқты күлкі болуымыз ғажап емес.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров