2017 жыл футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасы үшін сәтті болды деуге келмес. Өйткені, құрамамыз көрші Ресей жерінде өтетін Әлем чемпионатына қатысапайды. Әлбетте Бородюк командасының әлін білгендіктен мундиальға бара алмайтынын бесенеден біліп отырдық. Алайда, іріктеу турнирінде бірде бір матчта жеңіске жете алмай, ФИФА рейтингісінде құлдилаған құрамамыз өз тарихындағы ең төмен нәтижені тіркейді деп еш күтпедік.
Баяғы жартас сол жартас. Қайраңда қалған кемедей еш ишарасыз қорғансыздың күнін кешті. Ілгерілегені былай тұрсын, құмалақ түскен қарындай іріп сала берді. Әйтпесе, әлемдік рейтингте 136-шы орынға сырғыйтындай жөні жоқ болатын. Сары құрлықта доп тебетін көршілеріміз Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, тіпті Тәжікстан футболшылары рейтингте біздің ойыншылардың алдын орап кетті. Бородюк бапкер білгенін қылар дегендердің болжамы бордай тозды. Соңғы 11 жылда мұншама төмен көрсеткіш тіркеммеппіз. «Е» тобында Польша, Дания, Румыния, Черногория және Армения командаларымен бір топқа түсіп, 10 ойында қарсыластарға 6 гол соғып, өз қақпамызға 26 гол жібердік. Жеті рет жеңіліс тауып, үш рет тең түскен командамыз небәрі 3-ақ ұпай еншіледі. Енді еліміздің басты құрамасын ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқасын деп тілегеннен басқа амалымыз жоқ.
Ал клубтық футболымыздың жай-күйі жаман емес. Қазақстан чемпионатында қатарынан 4 рет чемпион атанып, жаңа рекорд тіркеген елордалық "Астана" еурокубок додаларында сәтті өнер көрсетті. Кәрі құрлықтағы турнирін Чемпиондар Лигасынан бастаған Станимир Стойлов командасы алдымен екінші іріктеу айналымында Латвияның "Спартагымен" (Юрмаласымен) кездесіп, екі ойынның қортыныдысы бойынша 2:1 есебімен жеңіске жетті. Үшінші айналымда Польшаның 12 дүркін чемпионы "Легиямен" жолдары түйісті. Бірінші матчта менсінбеушілік танытқан қонақтар «Астанаға» 3:1 есебімен ұтылды. Келесі кезеңге шығу үшін 2 доп басымдығымен жеңуі тиіс болған поляктар Варшавада барын салды. Мұрнын шүйірген паң мінез поляк пандары сан соғып қалды. Екінші таймның бел ортасында Якуб Червиньский соққан жалғыз гол Магера шәкірттеріне жеткіліксіз болды. Ал "Астана" плей-офф кезеңіне шықты. Плей-оффта болашақ қарсыластар арасында "Селтик", "Марибор", "Копенгаген", "Олимпиакос" сынды клубтар тұрды. Соқыр жеребе Шотландияның 47 дүркін чемпионымен кездестірді. «Ескі жау - атыспаққа жақсы» демекші, осыған дейін еурокубокте түйісіп, бізді қапы қалдырған шотландиялықтарды осы жолы ұтып, есе қайтарамыз дегенбіз. Алайда, Роджерс шәкірттерінің бірінші матчта қақпаға тепкен доптарының бәрі кіріп, "Селтик Паркте" 5:0 есебімен ойсырай ұтылдық. Көп асқанға бір тосқан, «Селтик» Стойловтың сарбаздарын сабаға түсірді. Жауапты кездесуден үміт аз еді... Дегенмен, бапкер нұсқауын бұлжытпай орындаған "астаналықтар" екінші таймның басында 4:1 есебімен ұтып жатты. Келесі кезеңге шығу үшін әлі де 2 гол керек еді. Тайлы таяғымен шабуылға шыққан алаң иелері қорғанысты ұмытып, "Селтиктің" сайыпқырандары ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып кетті. Нәтижесінде ойын 4:3 есебімен тарих қойнауына сіңді. Топтық кезеңге бір қадам қалғанда отандық клуб қатарынан екінші жыл Еуропа Лигасының топтық кезеңіне түсіп қалды.
Жерлестеріміз Еуропа Лигасының «А» тобына жолдама алып, "Вильярреал", "Славия" (Прага) және Маккаби (Тель-Авив) командаларымен өзара мықтыны анықтады. Футбол мамандары фаворит "сары сүңгуір қайық" екенін бірден баса айтса, топтан екінші орынмен плей-оффқа шығатын клубтардың арасында үш команда болды. Бірінші матч Испанияда өтті. Осыған дейін Еуропа Лигасының төртінші кезеңінде ойнаған «Астана» мен «Вильярреал» бір-бірін азды көпті біліп алған. Сол кезде екі кездесуде жауапсыз 7 гол соққан испаниялық ұжымға бұл жолы «Астана» сырт алаңда гол соқты. Өкінішке орай Логвиненконың голы қонақтарға тең нәтижені де әпермеді. Ойын 3:1 есебімен "Вильярреалдың" пайдасына аяқталды. Артынша прагалықтармен өз алаңында тең ойнаған соң, «Астана» турнирдің келесі кезеңіне шығу мүмкіндігін төмендеп алды. Шешуші кездесулер алда еді. Мәселен үшінші турда «Маккабиді» қабылдап, Твумаси мен Кабананга қос-қостан ерекшеленіп, «Астана» еурокубоктер тарихындағы ең ірі жеңісіне қол жеткізді.
Осыдан кейін «Маккабимен» Израильде қайта кездесіп, Патрик Твумасидің жалғыз голы қонақтарға үш ұпай сыйлады. Сөнгелі тұрған үміт оты қайта тұтанды.
Мақтаулы «Маккабиден» айналсоқтап жүріп алты ұпай алған «Астана» ары қарай арынын ашты. Ал 5-ші турда елордалықтар "Вильярреалды" қабылдады. «Астана Аренадағы» осы ойынға жанкүйер біткен тегіс ағылды. Өкінішке қарай ішкі біріншілігінде «Реал», «Барселона», «Атлетико» сынды алыптармен ойнап жүрген «Сары субмаринаны» ұту қолдан келмеді. Ол ойын 2:3 есебімен испаниялықтардың пайдасына аяқталды.
Енді топтан шығу үшін «Астанаға» сырт алаңда Чехияның «Славиясын» ұту қажет болды. Оның үстіне чехтар сырт алаңда «Маккабиді» ұтып, 8 ұпаймен екінші орынға шыққан болатын. Алақанын ысқылап, тең ойнасақ та жетіп жатар деген «Славия» қазақстандық клубты сенімді түрде күтіп алды. Ал «Астана» ойынға дейін бір апта ерте барып, жергілікті уақытқа бой үйретіп, бір мәрте жолдастық кездесу өткізіп үлгерді. Нәтижесінде ел чемпионы Чехияның ең үлкен аренасында тарихындағы ең маңызды жеңісіне қол жеткізді. Матчтың 35-минутында Марин Аничич соққан жалғыз гол отандық клубты Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіне алып шықты.
Бұрын-соңды бірде-бір қазақстандық клуб мұндай жетістікке жетіп көрмеген еді. Сондықтан аталмыш нәтиже «Астана» командасының ғана емес, барша қазақ футболының тарихына алтын әріппен жазылғаны сөзсіз.
Жеребе тарту рәсімінде «Астана» Португалияның «Спортинг» командасымен кездесетіні белгілі болды. Енді Еуропа Лигасының 1/32 финалында қазақстандық ұжым алғашқы ойынын өз алаңында ақпанның 15-і өткізсе, 22 ақпанда Португалияда қарымта матчын ойнайды. Қазақ футболын Еуропа алаңдарында насихаттап жүрген командамызға алдағы уақытта асығы алшысынан түссін деп тілейміз.
Руслан Бақытжан
Біздің серіктес: FONBET