Айта кетейік, үстіміздегі жылы тарихта тұңғыш рет клуб үш бірдей ұлттық біріншілікке толықтай үш команда қойып, ойыншылардың ойын тәжірибесінің артуына жол ашылды. Теориялық тұрғыда бапкерлерде команда құрамын күшейтуге болатын 75 ойыншыны кез келген уақытта қатарға қоса алатын мүмкіндік бар. Клубта осылайша балалар мен жасөспірімдер және жастар футболын дамытудың жаңа стратегиялық тұжырымдамасы жүзеге асырылуда.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен, Жамбыл футболын дамытудың жаңа жүйесі қалыптасуда. Дәлірек айтқанда, ең кіші жас ерекшелігінен бастап негізгі құрамға дейінгі аралықтағы футболшыларды даярлау жұмыстары сәтті басталып келеді. Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдау білдіруімен нәтижесі жемісті болатын шаруалардың негізі қалануда. Буындар сабақтастығын үйлестіруде кемшілік орын алмауы тиіс.
Биыл «Тараз-Қаратау» командасы Бірінші лигада тегеурінді қарсыластармен ойнап, тәуір өнер көрсетті. Бұл лигадағы кейбір командалар премьер лигада ойнап жүрген клубтар мен ел кубогының топтық кезеңде атой салған ұжымдар. Тараздық команда маусым қорытындысы бойынша турнир кестесінде 29 ұпаймен жетінші сатыдан көрінді. Доп айырмашылығы да көңілден шығады – 40:32.
Бастысы команда мүшелері «Мақтаарал», «Қыран», «Оқжетпес», «Ақсу» секілді мықты ұжымдармен ойнап, тамаша тәжірибе жинақтады.
Мұндағы командалар деңгейінің жоғары екендігін ел кубогының топтық кезеңінде «Атыраумен» тең дәрежеде ойнап, «Тобыл» жастарын екі рет жеңген «Мақтаарал» командасынан аңғаруға да болады. Бұл команда «Тараздың» негізгі құрамымен де тәуір ойнай білді. Мұны жанкүйерлер ҚР Кубогында анық аңғарған болар.
Команданың жаттығулар жасап, ойын өткізуі үшін толыққанды жағдай жасалды дейді «Тараз-Қаратау» командасының бас бапкері Руслан Эсатов.
- Чемпионат басын жақсы бастауымызға Шымкент және Алматы қалаларында өткен оқу-жаттығу жиындары әсер етті. Экипировкалар мен керекті құрал-жабдықтар уақытында берілді. Ол үшін клуб басшылығына ризашылығымызды білдіреміз. Біз бұл лигада өзімізге көп нәрсе алдық деп ойлаймын. Мұнда Екінші лигаға қарағанда ойын тіпті өзгеше өрбиді. Командалар премьер лигаға шығу үшін барын салып, тер төгуде. Ересектермен ойнайсың. Осының нәтижесінде біздің жігіттер тез алға жылжып жатыр. Мәселен, Жұмат Мүслім қаралымнан жақсы өтіп, негізгі құрамның қатарына алынды. Бір жылдың ішінде команданың көшбасшы ойыншысына айналып, қазір оған премьер лига командалары қызығушылық танытуда. Менің ойымша, алғашқы жыл үшін бұл жақсы көрсеткіш. Премьер лигада ойнайтын командалардың фарм-клубтары арасында біз тек «қайраттықтарға» ғана есе жіберіп алдық. Оның үстіне соңғы турға дейін бесінші орынға талас жүргізіп келдік, - дейді Руслан Эсатов.
Ал Ерзат Кенбаев жаттықтыратын «Тараз-Ж» командасы Екінші лигада өнер көрсетті. Команда ойыншыларының барлығы дерлік осындағы футбол орталығынан түлеп шыққан балалар. Өз дивизионында команда 24 ұпай жинап, 8 орыннан табылды. Команда алдындағы негізгі мақсат – балалардың ойын тәжірибесінің қалыптасуына жол ашу болатын. Өзге клубтардың фарм-ұжымдарымен ойнаған команда мүшелері үшін маусым шын мәнісінде тамаша тәжірибе болғаны анық. 6 жеңіс пен 6 тең нәтижеге қол жеткізді.
Команданың бас бапкері болып тағайындалған Ерзат Кенбаев үшін бұл кәсіби тұрғыда бапкерлік қызметті атқарған алғашқы жыл болып есептеледі. Соған қарамастан нәтиже көңілден толық шығады деуге негіз бар. Ол еуропалық деңгейдегі мамандардың футбол орталығында еңбек етуі өз жемісін бере бастады дейді.
- Футбол орталығының жаттықтырушылары мен Бірінші және Екінші лига бапкерлерін оқытуда УЕФА PRO инструкторы Игорь Шпанера мен физикалық дайындық бойынша маман Дмитрий Васильевтың еңбегі мол деп айтуға болады. Футболшылар дамуы үшін оларды кәсіби шеберлік тұрғысынан баптау қажет екені белгілі. Алғашқы күннен бастап командалардың ойын моделі әзірленіп, ұзақ мерзімді жоспар жасалды. Ең жас ерекшелігіндегі топтардан бастап Бірінші лига командасына дейін барлық ұжымдар бір бағытта жұмыс жасады. Күн сайын семинарлар ұйымдастырылып, одан кейін жаттығу процессі талданды. Апта сайын жаттықтырушылар жиналып, атқарылған жұмысқа жеке жеке тоқталып, талқылауға салдық, - дейді Ерзан Кенбаев.
Сонымен қатар ол «Тараз-Қаратау» командасының құрылуы үлкен рөл атқарды дейді. – Біріншіден, негізгі командаға алынбай қалған футболшыларға бұл екінші мүмкіндік болды. Осының арқасында қазір премьер лига командасын күшейте алатын ойыншылар тобы қалыптасты. Ал жоғары лигада өзін жақсы көрсете алмаған ойыншылар Бірінші лига командасында тер төкті. Осы секілді Бірінші лигада ойнай алмағандар екінші лигада жастар сапында өнер көрсетті. Мұның барлығы ойыншылар үшін ойын тәжірибесінің тоқтап қалмауына үлкен септігін тигізеді. Әйтпесе, негізгі командаға ілінбей қалғандар қосалқы құрамда уақыт өткізіп алатын еді. Осындай жүйенің арқасында жігіттер тәжірибе толықтырып, шеберліктің артуына жұмыс жасап, дамып келеді. Осыған дәлел ретінде U-17 Қазақстан құрамасына 5 футболшы (Нұрымбет Әбинұр, Баймолда Абзал, Исатіллә Ақнұрби, Ниязымбетов Қанат, Салохотдинов Дониер), еліміздің U-19 құрамасына 4 футболшы (Рахмет Бауыржан, Сатышев Асқар, Абдулла Ермек, Жұмат Мүслім), Қазақстан жастар құрамасына 4 футболшы (Дінмұхамед Қараман, Жалғас Жақсылықов, Абылайхан Жұмабек, Мұхамеджан Сейсен) шақырту алғанын айтуға болады. Сонымен қатар негізгі құрам ойыншылары Мұхамеджан Сейсен мен Бауыржан Байтананың ұлттық құрамаға шақырту алғанын да айта кетуіміз керек. Жасөспірімдеріміз де футбол академиялары мен футбол орталықтары арасындағы біріншіліктерде сапалы ойын көрсетіп келеді. Бастысы бапкерлер мен футболшылар алға қадам басуда. Енді осы негізі қаланған жүйенің жалғасуы өте маңызды, - дейді Ерзат Кенбаев.
Руслан Эсатов та Игорь Шпанера мен Дмитрий Васильевтің семинарлары шын мәнінде бапкерлік тұрғыда дамуға үлкен көмек беріп жатқанын айтады. – Биылғы жылдың ішінде олардың бізге берген дәрісі мен материалдарын біз ешбір жерден ала алмас едік. Бізге ұсынған даму тұжырымдамасы мен стратегиясы айтарлықтай ерекшеленеді. Жақын болашақта мұның нәтижесі ретінде біздің бапкерлер мен ойыншылар ғана емес, жалпы Жамбыл өңірінің футболында айқын көрініс береді деп ойлаймын, - дейді бапкер.
Ойыншылар мен бапкерлердің өзара қатынасының жаңа моделі өз нәтижесін беретініне Футбол орталығының жетекшісі Сергей Пак та сенеді.
– Орталықтағы барлық жас ерекшелігіндегі балалар ел біріншіліктері аясындағы ойындардың бір де бірін жіберген жоқ. Тіпті қосымша жолдастық турнирлерге де қатысып үлгердік. Балалар мен жасөспірімдерге ойын тәжірибесінің көп болуы өте маңызды. Толыққанды даму үшін әсері зор. Ал бапкерлерге теориялық тәлім алу маңызды. Бұл ретте УЕФА инструкторларының дәрісі айтарлықтай көмегін беруде. Клуб құрылымына УЕФА-ның қақпашыларды оқыту бойынша инструкторы Олександр Глущенконың келуі де оң әсерін тигізеді деп күтілуде. Ол клуб жүйесіндегі барлық деңгейдегі қақпашылардың дайындығына жұмыс жасайды, - дейді Сергей Пак.
Оның айтуынша, биыл бапкерлер бір сілкінгендей орасан күшпен еңбектеніп жатқандай. Футбол орталығындағы балалар әлемдік футболдың жаңашылдықтарын сезінуде. Сондықтан нәтижелер де көңілден шығып отыр. Орталықтағы әртүрлі жастағы ерекшелік бойынша командалардың жартысынан көбі ел біріншіліктерінде турнир кестесінің алғашқы жартысынан орын алды. Ал 2004 және 2009 жылы туған балалар командасы біріншіліктің жүлдегерлері атанды.
Сонымен қатар, футбол орталығы балалар мен жасөспірімдер футболын қолдау бойынша акциялар жасауды жалғастыруда. Мәселен, балаларды қорғау күніне орай футбол фестивалі ұйымдастырылып, негізгі команданың ойыншылары мен клуб басшылары қатысты. Келген балалар сыйлықтар алып қана қоймай, футбол секциясына жазылуға мүмкіндік алды. Мұндай фестиваль қыздар үшін де ұйымдастырылды.
Жалпы алғанда, алға қойылған мақсатқа жету үшін жасалған жоспар осылайша өз жемісін бере бастады. Бастысы осы бағыттағы жұмыстарды үзбей, жалғастыру қажет. Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынып жатқан футбол академиясынан келешекте талай талант түлеп ұшатын күн алыс емес.
Мәтін мен фото: «Тараз» КФК баспасөз қызметі
Біздің серіктес: FONBET