Футболдан ел біріншілігінің аяқталуын кейбір футболшылар қуана, жақсы қабылдаса, кейбіреулерін әлдебір ойлар мазалап, бойларын жаңа маусымға деген сенімсіздік билеп жүргені рас.
Шыны керек, Қазақстан футбол федерациясының жас ойыншыларға мүмкіндік беру саясаты аясындағы «әр клубтың сапында 21 жасқа дейінгі екі футболшы міндетті түрде алаңда ойнауы керек» деген ережесі көптеген клубтарды тығырыққа тіреп келді. Дегенмен жастарды құлақтарынан сүйрей берудің нәтиже бермесін түсінген ҚФФ бұл ережеге аздап өзгерту енгізуді жөн көрген секілді. Енді жаңа маусымнан бастап әр клуб ішкі біріншіліктегі ойын кезінде өз сапына 21 жасқа дейінгі үш футболшыны тіркеп, оның біреуі міндетті түрде алаңда ойнауы керек болады. Иә, бұл ереже бас бапкерлердің жұмысын аздап болса да жеңілдетері анық. Әйтпесе ашығын айту керек, талантты жас футболшыларды жер-көктен іздеп, әбден сабылып кеткен еді. Оның үстіне, өздерінің міндетті түрде алаңға шығатынын білетін жастар да кейінгі кездері арандарын аша бастағаны жасырын емес. Тағы бір мәселе, ҚФФ-ның бұл саясаты, шыны керек, жемісін беріп жатқан жоқ. Мәселен, соңғы чемпионатқа көз салар болсақ, 2009 жылғы футбол маусымында «лимитчик» болып, масайрап жүрген 1988 жылғы жастардың тек 12-сі ғана биыл ел біріншілігінде өнер көрсетіпті. Онда да «ертістік» Павел Шабалин (29 ойын) мен «тараздық» Ерзат Кенбаевтен (28 ойын) басқалары негізгі құрамда ойнаған жоқ. Тіпті былтыр «лимитчик» кезінде «Жетісудың» негізгі шабуылшысы болған Ерзаттың өзі «Таразда» жиі қосалқы құрамда қалып қойып отырды. Ал Жамбыл Көкеев бас бапкерге жиі жақпай жүрді, Сабырхан Ыбыраев бірде бар, бірде жоқтың күйін кешті. Былтыр Бернд Шторктың сүйікті ойыншысы болған Глеб Мальцев «Ертістің» дублінен бір-ақ шықты. Бексейіт Шоланбеков, Бекзат Бейсенов, Амангелді Жүсіпов, Аслан Киреев, Максим Семенов сынды ойыншылардың тіпті бар-жоқтары да білінген жоқ. Ал «ақтөбелік» Юрий Логвиненко мен «Локомотивтегі» Вячеслав Эрбес бар уақытын жарақатын емдеумен өткізді. Осылардың ішінде қажеттілігін өз ойынымен дәлелдеген тек «Ақжайықтың» капитаны Айбек Губайдуллин болды десек, артық айтқандығымыз емес.
Бұл әсіресе лимиттік жастан өткен 1989 жылғы футболшыларға қатысты. Бүгінгі тақырыбымызда осы футболшылардың келесі жылғы мүмкіндіктерін саралап көрсек деп едік.
Иә, бұл жастарымыздың тағдырын 1989 жылы туған футболшылардың қайталамасына ешкім кепілдік бере алмайды. Тіпті келесі жылы Тимур Досмағамбетов, Олжас Керімжанов, Виталий Головещкин, Алексей Макаров, Алексей Малышев, Дмитрий Богдан, Ілияс Әмірсейітов сынды жастарымыз команда таппай жүрсе де, еш таңғалмаспыз. Рас, Макаров, Малышев сынды жастарымыз биыл «Тобылда» нашар ойнаған жоқ. Мамандардың назарына жиі ілігіп, жоғары бағаларын алып та жүрді. Бірақ 21 жастан асқаннан кейін бұлар командасына керек бола ма? Ал өткен маусымның өзінде «лимиттік» жастарына қарамастан, қосалқы құрамда жиі қалып қойып жүрген Тимур Досмағамбетов, Олжас Керімжанов, Александр Шкот, Вячеслав Сердюков, Виталий Головещкин, Мәлік Жантілеуовтер келесі жылы қайтер екен? Тіпті өткен маусымда өз клубтарының үздіктері саналған 1989 жылғы жастардың біразы қосалқы құрамнан бір-ақ шықса, ғажап емес. Мәселен, «Ақтөбедегі» Аслан Дарабаевқа, «Локомотивте» өнер көрсеткен Марат Шахметов пен Марк Гурманға, «Тобылдағы» Санат Шәлекеновке, «Жетісудағы» Серікжан Мұжықов пен Әсет Меңліқожаға, «Атыраудағы» Тельман Зунунов пен Бақыт Абуовқа, «Ертістің» қақпашысы Никита Калмыковқа, сондай-ақ «Тараздағы» Ұлан Қонысбаев пен «Қайраттағы» Ілияс Әмірсейітовке сындарлы сәттердің тақап қалғаны шын. Бұл футболшылар үшін ең бастысы мұқалмай, жігерлерін шыңдай білу керек. Осынша уақыт сүйреп келіп, 21 жастан асқанда далада қалдырсақ, обалы кімге? Не де болса, әліптің артын бағып көрейік, қайсысының бағы жанар, қайсысы қосалқы құрамда қиналар, оны артынан көреміз.
Автор: Әзиз Жұмаділ