А.Петрушин: Премьер-лига жолдамасына 5-6 команда таласады

«Ақтөбе» футбол командасының бас бапкері «Ақтөбе вестнигі» газетіне сұқбат беріпті.

- Алексей Алексейұлы, "Ақтөбе" клубымен танысу рәсімі қалай өтті?

- Мен ұшақтан түсіп, базаға келгенімде "Ақтөбе" қырғыз командасымен жолдастық матч ойнап жатыр екен. Оқу-жаттығу жиыны барысында футболшылардың қарым-қабілеттерін байқай бастадым. Өткен жылғы ойындарын қарап шығып, команданың голды шамадан тыс көп жіберетінін байқадым. Бойы ұзын футболшылар өте аз екенін де бірден көре білдім. Сосын физикалық тұрғыда өте мығым футболшылар іздестірдік. Осы қазір біздің құрамда ірі денелі қорғаушылар бар. Бірінші кезекте бұл ақтөбеліктерге таныс Куасси Куаджо. Оның қасында Ресей чемпионатында ойнаған Алексей Концедалов бар.

- Маусымаралық үзілісте Айымбетов, Кәкімов, Пизелли үштігі өзге клубтарға ауысып кетті. Қорғаныс мәселесін шешкен секілдісіз. Алайда, шабуыл жағы қалай болады?

- Негізгі шабуылшы қызметіне мен Андрей Чесовскихті қойып отырмын. Ол әр маусым сайын оншақты гол салып жүрген форфард. Сонымен бірге Бобан Джорджевич бар. Қапталда ойнайтын жартылай қорғаушы Олег Чернышов та шабуылды күшейтеді. Пас беріп, шабуылды қыздыратын аяқдопшыны команда ішінен таптық. Ал одан сәл төменгі позицияды Никола Цуцкич ойнайды.

- Өткен жылғы құрамнан кімдерді ерекше атап өтер едіңіз?

- Бірінші кезекті Ардақ Сәулет көзге түсті. Бұл техникасы мықты, жылдам футболшы. Сосын қапталдағы қорғаушы Рустам Темірхан да мықты екен. Допқа талас кезінде алған бетінен қайтпайтын қорғаушы екені көрініп тұр. Ал ортада Виталий Волковтың тәжірибиесі көзге көпе көрнеу байқалады.

- Алексей Петрушин қандай ойын мәнерін ұстанатын бапкер?

- Менің ұстазым Константин Бесков комбинациялық ойынды ұнататын. Мен де солай ойнағанды жақсы көремін. "Ақтөбе" қысқа әрі жылдам пастармен ойнайтын болады. Оны өзімше кішігірім "тики-така" деп ойлап жүрмін.

- Премьер-лига жолдамасына кімдер таласады? "Ақтөбенің" негізгі бәсекелесі кім деп ойлайсыз?

- Ол әрине де - "Атырау". Олар премьер-лигаға жылдам оралуды қалайды. Сосын, "Ақжайық" командасын да ерекшелеп айтар едім. Олармен өтетін матчтар қиын болады. "Мақтаарал" да жақсы құрам жасақтап алыпты. Демек, жолдамаға 5-6 команда таласады деген сөз.