Қазақстан құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов бірнеше апта бұрын елордалық клубпен келісім-шартқа қол қойған еді. Осы аралықта ол 3 ойын өткізіп, 4 гол соғып үлгерді. Осы орайда «Sputnik.kz» сайтына эксклюзивті сұхбат берген Абат елордалық клубқа қандай себеппен ауысқанын, бас бапкер Андрей Тихоновтың жұмысына қандай баға беретінін және футбол мансабын жалғастырудың қандай жолдарын қарастыратынын айтып берді.
- Абат, қатарынан екінші матчта дубль жасадыңыз. Құттықтаймын! Ойыныңыздың қай тұсын әлі де жетілдіру керек деп ойлайсыз?
- Әрдайым алға ұмтылу керек, тоқтап қалуға болмайды! Мен командадаға енді келдім, сондықтан әр матч сайын күштірек бола түсемін деп үміттенемін.
- Андрей Тихоновпен жұмыс істеген қалай екен?
- Маған Андрей Валерьевичпен жұмыс істеу ұнап жатыр. Ол футболшылармен әрдайым сөйлесіп, өз талаптарын барынша жеткізуге тырысады.
- Марин Томасовпен керемет жұп құрдыңыз. Оның футболшы және адам ретінде қандай екенін айтып берсеңіз.
- Марин - тәжірибесі мол мықты футболшы. Ол саған кеңес бере алады. Мұндай кәсіпқоймен футбол алаңында да, одан тыс жерде де ортақ тіл табу өте оңай.
- Жалпы команданың ойыны қалай?
- Біз шабуылда белсенді ойнаймыз, сондықтан ойын барысында көп мүмкіндікке ие боламыз. Мұндай футбол тек команданың өзіне ғана емес, жанкүйерлер де ұнайды деп сенемін.
- Командадағы қарым-қатынас пен көңіл-күй өте маңызды. «Астанада» осы жағы қалай?
- Командадағы атмосфера керемет. Содан болар, мен және командаға қосылған басқа да жаңа ойыншылар ұжымға оңай сіңісіп кетті. Барлығымыз бір мақсат үшін өнер көрсетеміз, ол – жақсы нәтиже көрсету.
- Неге «Астанаға» ауысу туралы шешім қабылдадыңыз?
- Мен «Крылья Советовта» ойнамадым, ал тәжірибе жинақтап, ұлттық құрамаға шақыртулар алып тұру үшін көп ойнау маңызды. «Астана» маған сол мүмкіндікті беруге дайын екенін жеткізді. Мен команданың бас бапкерімен де, атқарушы директорымен де сөйлестім. Олар менің клубқа керек екенімді айтты. Енді олардың сенімін ақтай аламын деп үміттенемін.
- 17-ші нөмірді таңдауыңызға не себеп болды?
- Мен Қазақстан ұлттық құрамасында да осы нөмірмен ойнаймын. «Астанаға» келгенде осы нөмір бос болды, сондықтан соны алуды шештім. Осы нөмірмен кезінде Таңат Нөсербаев ойнағанын да жақсы білемін. Таңат - «Астана» тарихында үлкен із қалдырған керемет футболшы.
- «Астанадан» бөлек басқа командалардан да ұсыныс түсті ме?
- Біз агентімізбен мансабымды жалғастырудың түрлі жолдарын қарастырдық, дегенмен қазір мен «Астанадамын», сондықтан басқа клубтар туралы айтудың мәні жоқ.
- Сіз үш жыл бұрын ауыр жарақат салдарынан футболмен қош айтысуға шақ қалдыңыз. Сондай жағдайға қарамастан, қазір Қазақстанның үздік шабуылшыларының біріне айналдыңыз, бұған қалай қол жеткіздіңіз?
- Бұл менің мансабымның ауыр кезеңі болды, ол кезде көп жарақат алдым. Алайда бұл мені футболшы ретінде де, адам ретінде де мықты етті. Әрине, оңай болған жоқ, бірақ жақындарымның қолдауы маған осы қиын кезеңді жеңуге көмектесті.
Біздің серіктес: FONBET