Жарнама
Жарнама

Абдулаи Диакате: «Тараздан» кеткім келмейді

13.08.2011, 07:56
Жарнама
Жарнама
Қазақстанда доп теуіп, нәпақа тапқан тәжірибелі шетел футболшылары жетерлік. Сондай футболшылардың бірі Абдуллаи Диакате. «Тараз» футбол клубында еліміздің намысын қорғап жүрген сенегалдық жартылай қорғаушы бұған дейін Түркияның бірінші лигасында ойнаған. Жақында 23 жасар футболшымен тілдесудің сәті түскен еді. – Абдуллаи, Қазақстанға биыл бірінші рет келіп отырсың. Командаға қаншалықты бой үйреттің? – Бастапқы кезде тілге байланысты қиындықтар туындаған. Қазір бірте-бірте оған да үйреніп келемін. – Тіл демекші, қазақша қандай сөздер үйрендің? – Әзірге «Сәлем», «Қалайсың?», «Рахмет» деген сөздерді ғана үйрендім. – Командаластарыңның арасынан дос таптың ба? – Әрине. «Тараз» футбол клубының ойыншылары бауырмал. Біз тез тіл табыстық. Әрдайым бір-бірімізге білмегенімізді үйретіп отырамыз. – Осының алдында Түркияда ойнап келдің, қазір Қазақстандасың. Екі елдің футболының деңгейі туралы не айтар едің? – Мен Түркияда бірінші лигада «Карталспор» клубында ойнадым. Ол жақта футболға деген ықылас Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда күшті. – Қазіргі таңда әлемнің қай ойыншысы таңдай қақтырады? – Әрине, ең бірінші Месси. Себебі, оның ойнау стилі өзгелерге ұқсамайды. – Біздің елімізде ше? – Шынымда айтсам, мен олардың аттарын білмейді екенмін. Бірақ «Астана» мен «Ақтөбе» сапында талантты ойыншылар бар. – Футболда өзің үлгі тұтар тұлға кім? – Сенегал ұлттық құрамасының шабуылшысы – Эль-Хаджи Диуф. – Ұлттық құрама сапында ойнауға мүмкіндік туды ма? – Ұлттық құраманың жейдесін кию әрбір футболшының арманы. Өкінішке қарай, ондай бақыт әзірге маған бұйырмады. Біздің елде ұлттық құраманы Испания, Англия, Германия, Франция, Италия сынды футболы жақсы дамыған жетекші елде доп теуіп жүргендерден жасақтайды. – Алаңның қай тұсында доп тепкен сен үшін қолайлы? – Орталық жартылай қорғаушы ретінде. – Ойнаған клубтарыңның ішінде қайсысынан көп тәлім алдың? – Футболды алғаш бастаған «Элитфут» командасында үйренгенімнің көп көмегі тиді. – Бос уақытыңды қайда өткізесің? – Көбіне достарыммен. Кейде компьютерде отырып интернетке кіремін. Бірақ социалды сеттерді пайдаланбаймын. Шаршамасам алаңда жаттығу жасаймын. – Біздің елдің қандай ерекшелігін байқадың? – Қазақстан – Түркия, Сенегал секілді мұсылман мемлекеті. Адамдардың дінге деген көзқарасы жақсы. Тіл білмейтін болғандықтан сыртқа көбірек шыға бермеймін. Дегенмен, Тараз жап-жасыл қала екен. Адамдары бауырмал, әзілқой, әрдайым жүздері жарқын. – Құпия болмаса, «Тараздан» қанша жалақы аласың? – Ренжімесеңіз, жалақымды құпия ұстағым келеді… – Өзің, жанұяң жайлы айтып кетсең… – Мен 1988 жылы қаңтардың 16 күні Дакар қаласында дүниеге келіппін. Жанұяда екі аға, бес әпке, бір інім бар. Үлкен ағам Испанияда тұрады. Анам үй шаруасындағы әйел. Кіші інім «Элитфут» футбол мектебінен тәлім алып жүр. – Жанұяңмен қалай хабарласып тұрасың? – Кейде телефон, кейде интернет арқылы хабарласамын. Ол жағынан ешқандай кедергі жоқ. – Сені намаз оқиды деп естідік… – Иә, жеті жасымнан бері намаз оқып, құдайға құлшылық жасап келемін. Біздің жанұя түгелдей дерлік намазға жығылған. Бізді әкем сол жеті жасымызда тәрбиеледі. – Клубпен бір жылға келісім шартқа отырдың. Келесі маусымда команда ауыстырғың келмей ме? – Мүмкін болса, «Тараздан» кеткім келмейді. Себебі, бұл жақтан жақсы достар таба алдым. Команда сапында да жақсы қолдауға иемін. Клуб басшылығы да келесі маусымда осында қалғанымды қалайды. Әңгімелескен: Абай Асанкелдіұлы
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров