Қазақстан жастар құрамасы мен «Елімайдың» жартылай қорғаушысы Абылайхан Назымханов ұлттық команданың ӘЧ-2026 іріктеуіндегі аяқ-алысы мен жаңа ойыншылары жайлы пікірін білдірді.
23-жастағы футболшы мансабында семейлік клубтан бөлек, қарағандының «Шахтерінің» намысын қорғаған. Сондай-ақ, Қазақстан жастар құрамасының жейдесінде 14 ойында өнер көрсетті.
«Иә, әрине құраманың ойындарын өткізбей қараймыз. Өткен жылы да, биыл да. Былтыр әрине мықты командалармен ойнады. Бірақ оған қарамастан жігіттер барын салып өнер көрсетті. Өткенде жеңіске жетіп, қуантты. Үш ұпайды алып үйге қайтқанымызға қуаныштымыз. Уэльспен де ойынды қарадық, жігіттер жақсы ойнаған. Бірақ, ол футбол болған соң жеңіс те жеңіліс те болады. Сондықтан, ешқандай сөге алмаймыз. Барлығымыздың жұмысымыз бір, футболшы болған соң әрдайым жеңіске жете берудің мүмкін еместігін білеміз. Жастар шақырылып жатыр, оған қатты қуаныштымыз. Себебі, олардың біршамасымен U-21 командасында бірге доп тептім. Қазір мүмкіндіктер беріліп жатыр. Сондықтан, Қазақстан футболы жақын жылдары дамиды деп ойлаймын», - деді Абылайхан Назымханов Спорт Пульс ютуб-арнасына берген сұқбатында.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы сырт алаңда Лихтенштейнді 2:0 есебімен жеңді. Ұлттық команда сапынан Максим Самородов пен Александр Марочкин мергендік танытқан болатын. Енді Әли Әлиевтің шәкірттері 9-маусымда өз алаңында Солтүстік Македонияны қабылдайды. Одан кейінгі кездесу қыркүйектің төртінде Уэльске қарсы өтпек. Бұл матч Қазақстанның алаңында болады. Әзірге ұлттық құрама екі турдан кейін 3 ұпаймен үшінші сатыға жайғасқан.
Біздің серіктес: FONBET