“Алтын шыққан жерді белден қаз” деген сөз бар қазақта. Сол секілді талантты футболшыларды көптеп шығарып жүрген Жамбыл жерінде тағы бір жақсы деңгейдегі футболшы өсіп келеді. Биылғы маусымда көпшілікке көріне білген Абзал Таубай «KazFootball.kz» сайтына сұқбат берді. Осы күні ол жастар құрамасының сапында “Достастық Кубогына” дайындалып жатыр.
Жарнама
Жарнама
- Абзал, алдымен өзіңіздің футболға қалай аяқ басқаныңыз жайлы айтып өтсеңіз - Мен өзім Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылында туып өстім. Сол ауылда жүріп футболға қатты қызықтым. Ауыл арасында көптеген жарыстарға қатысып жүрдім. Мектеп оқып жүрген шағымда бос уақытты футболға арнайтынмын. Содан жетінші сынып оқып жүрген кезімде Тараз қаласындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа түстім. Онда футболмен айналысуды одан әрі жалғастырдым. Алға қойған мақсатыма жетіп келемін. «Тараз» футбол командасының сапына алынып, үлкен футбол ойнау мақсаттарымның бірі еді. - Өткен маусымда «Тараз» командасының сапында 14 ойында алаңға шығып, 1 гол соғыпсыз. Бұл Сіз үшін жақсы көрсеткіш пе? - Мен сияқты жас футболшы үшін Қазақстан премьер-лигасында 14 ойын өткізу жақсы көрсеткіш қой. Оның үстіне алғашқы голымды соқтым. Бірақ, мен үшін бұл орташа көрсеткіш. Жаман деп те, жақсы деп те айта алмаймын. Өйткені, мен өз күшіме сенемін. Бұдан да мықты көрсеткіштерге жете алатынымды сеземін. Әлі жаспын. Көптеген жаттығулар мен ресми матчтардан кейін тәжірибие жинақтасам, көрсеткіштерім анағұрлым мықты болатыны анық.
- Енді, Сіз секілді жас футболшылар қазірден бастап команда ауыстырып, өзге ұжымдарға ауысып жатады. 2016-шы жылы тағы да «Таразда» болатын шығарсыз? Әлде, басқа жоспарларыңыз бар ма? - Әрине, бірнеше клубтан ұсыныстар түскен. Дегенмен, менің әлі бір жыл келісім-шартым бар. Сондықтан, «Таразда» тағы бір маусым ойнаймын. Оның үстіне туған жерімнің командасына көмектескім келеді. Биылғы маусымға команда жақсы мақсаттар қойып отыр. Жергілікті футболшылардың барлығы командаға қайта оралуда. Өзім де, сол жігіттермен бірге ойнап, шеберлігімді шыңдай түскім келеді. Осы маусымда әлгі көрсеткіштерімді жақсарту - басты мақсатым.
- Осы күндері Санкт-Петербург қаласында “Достастық Кубогына” дайындалып жатырсыздар. 17-ші қаңтар алғашқы ойын Молдоваға қарсы. Ойын алдында командада қандай көңіл-күй бар? - Командада көңіл-күй өте тамаша. Екі бірдей жолдастық кездесу өткіздік. Бапкер бар білгенін үйретіп жатыр. Біз оның айтқандарын екі етпей орындауға тырысудамыз. Қарсыластардың барлығын біліп отырмыз. Әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл турнирде оңай қарсылас жоқ. Барлығы өзін көрсетуге келіп отырғандар. Біз өзі қазақтар намысшыл халықпыз ғой. Соныдақтан, намысқа тырысып, жақсы ойын көрсетеміз деп ойлаймын. Жігіттердің барлығының ойы осы. “Достастық Кубогында” жүлдеге ілігіп жатсақ жаман болмас еді, әрине. - Әңгімеңізге рахмет!
Ермұхамед МӘУЛЕН