Жарнама
Жарнама

Адамдарды достастыратын ұлы күш – футбол

15.11.2010, 19:39
Жарнама
Жарнама
Футбол – адамзат тарихындағы ең танымал, халықтық ойын. Бұл ойынмен шұғылданатындар Жер ғаламшарының әрбір түпкірінде бар және олардың саны миллиардтар. Футбол қарапайым әрі оңай икемге келетін ойын. Себебі онымен кез-келген жерде, кез-келген бұйыммен ойнай беруге болады. Доптың қызметін консерві қалбыры, оралған шүберектер қосыны, апельсин немесе талдан түскен алма да атқара береді.  Ермұхамед МӘУЛЕН Бұл ойынды ойнау үшін Бред Пит секілді әдемі, Әлжан Жармұхамедов секілді ұзын болудың қажеті шамалы. Мұнда керегі тек қана ойнауға жететіндей алаң және доп! Ұсынылған жағдайға қарап айтар болсақ, алаңның орнын Алматының көпқабатты үйлерінің арасындағы бетон қоршаулар, Алатаудың арша басқан орманының ішінен көк майса сазды жер толықтай алмастыра алады. Футболды кеш бата теңіз жағалауында Сейшель аралдарының балықшылары да, ресми түрде тыйым салынғанына қарамастан тығылып Камбоджада әскери қызметін өтеп жүрген партизандар да ойнайды. Барлық елдің парламент мүшелері де футбол ойнауға құқылы. Оған мысал – Ұлыбритания, себебі бұл алпауыт держава бізге Диккенс пен Джеймс Бондты ғана емес, миллиардтардың махаббатына айналған ұлы ойынды сыйлады. Футболды спортшы да, мүмкіндігі шектеулі жан да, көлік тұрағының күзетшісі де, ҰҚК-нің төрағасы да, дәрігер де, қала әкімі де ойнайды. Ал төреші орнын семіздікпен ауыратын адам да, көз жанары нашарлаған баспа қызметкері де, зейнеткер де баса алады. Сонымен бұл ойынның шығуына Ұлыбританиядан өзге Грекия мен Қытай, Египет пен Италия секілді елдердің де қатысы бар. Мысалы, Грекияның Самофракия аралында біздің дәуірімізге дейінгі 2500 жылға жататын доптың суреті табылған. Дәл осы сипаттас бейнелері Египеттегі қабірханалардың қабырғаларынан да сыр береді. Сонымен қатар, сол жерлерден заманымызға дейінгі II-ғасырдың доптары табылған. Шамамен сол уақыттарда Қытайда допты аяқпен тебетін «дзу-ню» атты ойын болған екен. Одан кейінірек Қытайда осыған ұқсас «чжу-чу», «цу-цзюй» де аталған екі ойын пайда болған. Грекияда ондай ойындар бірнешеу: «эпискрос», «фененида» және «гарпанион». Соңғысының айтылуының ұқсастығына қарағанда («гарпастум») гректердің бұл ойынын римдіктер де қолданған-ау. Гректер мен римдіктердің сол кездегі доптары негізінен былғарыдан тігілген. Оның іші бірде аттың жалымен, бірде құммен, бірде тауықтың қанаттарымен толтырылған. Ал үндістің майя тайпалары каучук толтырылған салмақтары 4 келіге жететін ауыр доптар тепкен. Үнемі шапқыншылық пен соғыста жүрген Римнің легионерлері бұл ойынды осы күнгі Англия мен Германияның территорияларына таратқан. Доппен ойнап машақаттану бұл сол кезеңдерде әскери маңызға ие болған. Өйткені, бұл ойын жылдамдықты арттырады, икемділікті көбейтеді, қосымша күш және ержүректік береді – ал бұл қасиеттер соғыс жағдайында әрбір сарбазға керекті дүниелер екeні айтпаса да түсінікті. Бұл ойынды тек соғыс кездерінде ғана емес, бейбітшілік заманда да ойнаған. Бірақ, жеңіліс тапқандарды қатаң жазалап отырған. Айталық, Қытайда ұтылғандарды бамбук ағаштарының шыбықтарымен сабаса, ал майя үндістері тіпті адамдарды еш аяусыз өмірлерінен айырған. Сонымен дінге пара-пар футболдың маңызы неде? Оны ғаламшардың миллиардтаған тұрғыны жақсы көреді, оның үздік ойыншыларына ел табынады.  Кезінде ацтектер мен майя тайпалары құдайға бүйтіп табынбаған. Атақты футболшыларды ең бірінші құрлық ашқан тұлғаларға қарағанда ел жадында сақтайды. Әлем кубогының ақтық сынында гол соққан аяқдопшы халық арасында ұмытылмас бейнеге айналып, олар жайлы аңыз-әңгімелер ұрпақтан-ұрпаққа алмасады. Әлемнің тетігін ұстаған белгілі саясатшылар Пеле, Марадона немесе Бэккенбауэр секілді футболшылармен дос болғанды мәртебе тұтады. Жаһанның үздік футболшылары кейде голливуд жұлдыздарынан да танымал болып жатады. Ал кейбірінің жарнамаға түcіп алатын қаламақылары сол актерлерден анағұрлым көбірек те. Әлем біріншілігінің матчтарын кинотеатрлар мен көшедегі алып экрандардан миллиондаған адам тамашалайды. Әрбір төрт жыл сайын бүкіл әлем бір айға жуық уақытқа барлық жұмыстарын тастап, футболшылардың кішкентай ғана сыйтұғырға таласуына телміреді. Әлем кубогын өз жерінде өткізу үшін біраз мемлекеттер көп қаражатты сарп етеді. Баспасөз өкілдеріне мақтау мақалаларын толтыртып, қолдан келгеннің барлығын жасайды. Кейбірі халықаралық футбол одағының мүшелерін пара беріп сатып алуға дейін барады. Дания ұлттық құрамасының шабуылшысы Йон Даль Томассон «Әелем біріншілігі – соғыспен пара-пар, себебі мұнда бейбіт өмірдің тіршілігі жүрмейді», – деген екен. Шынымен де, Әлем біріншілігі өз түсінігінде соғыспен тең, оған қатысатын әр мемлекет өзінің ең мықты жасақталған футболшыларын әлемдік аренадағы сын көздің алдына қояды. Ал ұлттық құрама бапкерлері сол әскерді басқаратын генералдар сықылды. Былай қарасақ, расымен әлем біріншілігі нағыз күрес майданы. Онда ұлттың әнұраны шырқалады, ойыншылар өздерінің ұлттық нақыштағы оюларымен өрнектелген спорттық киімдерін киіп шығады. Жанкүйерлер де өздерін әскер деп атайды. Сүйікті футболшыларының аттары жазылған жейделерді киініп, бет-ауыздарын соңғы шайқасқа шыққандай бояп алады. Дәрігерлер соғыс барысында жарақат алғандарды алаңнан шығарып, зембілмен тасып жатады. Олар жеңіске жетсе, отанға оралысымен керемет қошаметпен күтіп алып, мемлекеттік деңгейде сый-құрметке бөлеп жатады. Кез-келген ойын 0:0 есебімен басталады да, белгісіз қорытындымен аяқталады. Шекспир мен Зюскиндтің, Лопе де Вега мен Островскийдің, немесе Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтердің пьесаларындағыдай шарықтау шағыменен оның негізгі нәтижесінде не боларын жанкүйер ешқашан білмейді. Сондықтан футбол – тек қана спорт емес, көруге тұрарлық концерт, үнемі премьерадан басталатын спектакль, адамзат ең көп телміретін қойылым, бір сөзбен айтқанда, адам баласы ойлап тапқан ең керемет ойын. Футбол әскери мағынада талай елдің арасына от тастағанымен, бітімгершілік жағында да қалыс қалмайды. Осының өзі оның ұлылығы! Мысалы, 1914 жылдың соңында, жаңа жыл қарсаңында Францияда соғысып жатқан Германия мен Англияның әскерлері бір-бірімен табысып, бірнеше футбол кездесулерін өткізіп татуласқан. Ал бұл соғыстың Бірінші дүниежүзілік соғыс екенін ескерсек, онда бұл тұрғыда футболдың еңбегін атап өткеніміз жөн. Осы кездесуге дейін ағылшын әскері 40 мың сарбаздан айрылып қалған еді. 1914 жылдың 25-желтоқсанында ағылшын әскерлері өздерінің арасында футбол ойнайды. Бұл кездесуге бельгиялықтар мен француздар қатысудан бас тартады. Басты жауларына қарсы ойын өткізудің еш қажеті жоқ деп түсінген олар осыдан соң біртіндеп өз иеліктерін тастап, жеңілуге мәжбүр болады. Содан, екі жақтың бір-біріне оқ жаудырып келген солдаттары жаңа жыл қарсаңында ән шырқап, қос әскер бірдей хорға ұласады. Сосын олар окоптарын тастап, шетке шығып қосылып, футбол ойнауды ұйғарады. Керемет футбол ойынынан кейін олардың арасындағы достық одан әрі ұлғаяды да, бұдан былай соғыс өрті тұтанбайды. Үш ойында немістер жеңсе, екі кездесуде ағылшындар басым болады. Бұл жайында туыстарына жазған хаттарында қос елдің солдаттары айтып өткен. Бірақ кейбір соғыс алаңдарында ертесіне оқтар қайта борап, шайқас жаңадан басталған. Ал әлгі әңгімелері мен футболдары жарасқан жерлерде бір аптаның көлемінде соғыс тоқтап, бейбітшілік өмір орнаған. Әскери тарихшы Эндрю Робертшоудың айтуы бойынша: «Егер осындай достық қарым-қатынас сол кезде болмағанда, бір жылдан соң екі жақ бір біріне улы газдар мен әуеден атқылауды қолданар еді. Ал одан кейін соғысты тоқтату қиын. 1915 жылдың соңына қарай қарсыластар одан әрі күшейе түс», – дейді. Ливерпульдік «The Farm» тобының ағылшын ұлттық құрамасының Еуро-2004-те әнұраны болған «All Togеther Now» әнін сол 1914 жылдары болған футболға арнап шығарған еді. Футболдың соғысты тоқтатып, жазықсыз қан төгуді доғарғаны бір ғана бұл жағдай емес. 1966 жылы Нигерияның Биафра қаласында өштескен екі жақ әлем біріншілігіндегі Пеленің ойынын көру үшін атысты тоқтата тұрған. Футболдың да тарих құдайы Клио секілді өзіндік мінездері бар. Футбол кейде адамзат тарихына ұқсас. Адамзат баласының осы күнге дейін сүріп келген өмірі мен жасаған қадамдары, оның сан түрлі құбылыстары мен алмағайып өзгерістері тура футболдың да осы күнге дейінгі жасап келген баянына келеді. Футболы дүркіреген Ежелгі Рим дағдарысқа ұшырап, өзінен кейінірек дамыған, әлсіз елдерге өз орнын босатты. Ұлыбритания – әлемдегі колония мен футболы жағынан алпауыттардың қатарында саналатын. Бірақ олар жайлап географиялық жағынан да, футболы жағынан да саяси сахынада кеше пайда болған мемлекеттерден жеңіле бастады. Мысалы, өткен жылдары ғана Хорватияның маңызды жерде Англияны жеңіп кеткені осыған дәлел. Ал кезінде алпауыт елдер саналған Нидерланды, Испания, Уругвай, Португалия секілділерге осы күндері ешбір команда оңай жеңіле қалайын деп жүрген жоқ. Әлемнің көп бөлігін католиктер алып жатпаса да, ең көп әлем чемпионы болған осылар екен. Өзге де дін өкілдерінің арасында футбол кем дамымаған. Буддистік Жапонияда футболға жанкүйерлер стадиондарды лық толтырып келіп жатса, мұндай көрініске мұсылмандар тұрақтаған Иран, Бангладеш, Индонезия, Түркия секілді елдерде де көз жеткізесіз. Проваславтық Грекия мен лютерандық Скандинавияда, сонымен қатар  Бенилюкс мүшелерінде де футбол қарқынды дамыған. Тіпті АҚШ-тың MLS футбол лигасы да соңғы кездері өте қатты қарқынмен өсіп келеді. Бірақ десе де ең көп жеңіске жеткен – Бразилия, Италия, Аргентина. Футбол – қызметтік сатыда жоғары өрлеу мен саяси ортада белсенді болуға итермелейді. Алып қарар болсақ, «Милан» басшысы Сильвио Берлускони атақты клуб басына 1986 жылы отырған. Содан бері миландықтар оншақты жоғары деңгейдің жеңісін тойлатты. Бірақ Берлускони үшін ең керегі – Италияның премьер-министрі деген лауазым еді. Ол сол «Миланның» керемет жеңістерінен кейін діттеген межесіне жетіп, жылы орынға жайғасты. Ал «Милан» чемпиондар лигасының ақтық сынында ағылшынның «Ливерпулін» 3:0 есебімен жеңіп тұрып, жеңісті қолдан жіберіп алғанында Сильвио футболды саясатқа теңеді: «Футбол саясат секілді: сен жеңдім деп ойлап тұрасың, ал бірақ соңында барлығы басқаша болады. «Ливерпульдің» соққан үш голы маған біртүрлі көрінді. Оларда бар болғаны гол соғатын үш мүмкіндік болды. Олар оны қалт жібермеді. Ал бізде қанша мүмкіндік болды, бірақ біз жеңілдік», – деп ағынан жарылды премьер-министр.

Футбол Нобель сыйлығын алу қажет деп ойлайтындар да баршылық. Швеция парламентінің депутаты оны әлемдегі ең асыл ойын деп бағалады. Сондай-ақ, «футбол секстен кейінгі екінші спорт, халықаралық және ішкі саяси қатынастарда оның алар орны ерек», – деп баға берген.

Мәселен, Ангола Португалия бодандығынан айрылысымен елде азаматтық соғыс басталып кетеді. Сол кезде этникалық топтар арасында футбол жарысы өтеді. Одан кейін, әрине, бір командада доп тепкен азаматтар өз-өздеріне оқ атып, қол көтермесі белгілі. Міне, тарихтың тұмса парақтары осы жәйттермен сөйлеп-ақ тұр емес пе?! Адамзаттың дамуы мен өркендеуіне орасан зор үлес қосқан осы футболды Қазақстанда дамытуды қолға алып келеміз. Бірақ, оған халық болып, ел болып жұмыла кіріспесе, әрбір әке өзінің баласын футбол үйірмесіне әкеп бермесе, онда қазақ футболының ертеңін қалай елестетеміз...
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Келесі жаңалық
Жаңғақ