Африка үздігінен үміттілер

06.01.2019, 06:11
Шабуылшылар Пьер-Эмерик Обамеянг, Мұхаммед Салах және Садио Мане үштігі қатарынан екінші жыл Африка құрлығының үздік футболшысы атанудан үмітті. Былтыр топ жарған Салах биыл да жеңіске жақын тұр. Египет футболшысы тарихта қатарынан екі мәрте қара құрлықтың үздігі атанған төртінші ойыншы болуы мүмкін. Бұған дейін мұндай жетістікке Сенегалдық Эл-Хаджи Диуф пен Камерундық Самуэль Этоо және Код Д Ивуарлық Яя Туре жеткен еді. Салахтың «Ливерпульдегі» командаласы Садио Мане де марапаттан дәмелі. 2016-шы жылы ол үздік үштіктен орын алды. Былтыр екінші болды. Габон құрамасының футболшысы Пьер Обамеянг бесінші мәрте үздік үштіктің қатарына кірді. Ол Майкл Эссьен мен Яя Туренің жетістігін қайталады. Обамеянг 2015-ші жылы Африканың үздік футболшысы атанғанын айта кетейік. Қара құрлықтың мықтысы Африка футбол конфедерациясына мүше 56 елдің капитандары мен бас бапкерлерінің дауыс беруі арқылы анықталады. Жеңімпаз Сенегалдағы салтанатты жиында марапатталады.
Алдыңғы жаңалық
Патрик Клюйверт