"Ювентустың" артқы жартылай қорғаушысы Сами Хедира кеше "Герта" футбол клубымен 2.5 жылдық келісімшартқа отырды. Ол өзіне 28 нөмірлі жейдені таңдаған екен.
Неміс футболы оған таңсық емес, осыдан 10 жыл бұрын неміс "бундеслигасында" ойнаған. Өзі өсіп шыққан, футболшы ретінде қалыптасқан "Штутгарт" футбол клубынан мадридтік "Реал" сапына 2010 жылы ауысқан. Оның футболдық мансабындағы ең жарқын жылдары дәл осы жерде өтті. Себебі, ол 2014 жылы футбол тарихындағы бір маусымда Чемпиондар Лигасы мен ұлттық құрама сапында Әлем чемпионатын жеңген оныншы ойыншы болып тіркелді. Корольдік клубта 5 жыл жарқын өнер көрсетіп, одан әрі мансабын туриндік клубта жалғастырған. Жасы 33-ке келген тәжірибелі ойыншы бірнеше жылдан бері өзінің негізгі құрамдағы орнын жоғалтқаннан соң клубтан кетуге асыққандықтан, жазғы трансферлік терезені күтпейтінін жақында берген сұхбатында айтқан болатын.
Самидың туған інісі Рани Хедира Бундеслигада ойнайтын "Аугсбург" командасының намысын қорғайды. Енді ағайындылар бірін-бірі қатты сағынбайтын болады. Бір анадан туған бауырлардың жасыл алаңда да, күнделікті өмірде де жиі жолығып тұратыны қандай ғажап дүние десеңізші...! Ал сіз алыс қаладағы бауырыңызбен жақсы қарым-қатынастасыз ба, қадірлі оқырман?
Наурызбай Сатжанов
Біздің серіктес: FONBET