Ағылшын қақпасының аузын шаң қылған Едіге немесе Ұлттық құраманы қазақ жастарына сеніп тапсыру керек
08.08.2011, 05:00
Жарнама
Жарнама
Едіге Болатбекұлы Рай - екінші курс студенті. 1989 жылы Шу өңірінде дүниеге келген. Алматыдағы Қазақ ұлттық медицина университетінде оқиды. Футболдан Қазақстан құрамасы ағылшындардан жер болып жеңіліп жатқанда мінез танытып, алаңға атып шыққан бойда Англия қақпасына қойып кетіп, қақпашы Гриннің зәресін алған намысшыл жігітіңіз осы.Осы жігіттің еліне деген сезімі мен намысы әрбір қазақ футболшысына дарысын деген ниетпен оның сол ойыннан кейінгі сұхбатын кеште болса назарларыңызға ұсынып отырмыз.
- Сені алаңнан алып кеткен соң сарбаздар қол жұмсап, тиіскен жоқ па?
- Жоқ. Ондай ештеңе болған жоқ. Алдымен стадионның бір бөлмесіне апарып қамап қойды. «Не үшін бұлай істедің?» деп сұрады. «Намыстанып кеттім!» деп едім, күзетшілер «базар жоқ, красавчик жігіт екенсің» деп мақтады. Олар да қазақ қой, сөздеріне қарағанда біздің команданың масқара болып жеңіліп жатқанына олар да ашулы болса керек... Кейін Бостандық аудандық полициясының ғимаратына қамады.
- Расында, мұндай қадамға неліктен бардың?
- Жаңа айттым ғой, қатты намыстанып кеттім. Біздің футболшылардың бейшара ойыны қанымды қайнатып жіберді. Жанкүйерлердің мен сияқты шығып кетпеуі үшін сарбаздар қаздай тізіліп алаңды қоршап, күзетіп тұрады ғой. Олардан қалай өтіп кеткенімді білмеймін. Жасыл алаңға шыққан бетте Англияның қақпасына қарай жүгірдім де, торға қойып кеттім.
- Неге?..
- Гол болсын деп! Қазақстан құрамасының ойыны менің ғана емес, бүкіл қазақ жанкүйерлерінің көңілін қалдырды. Енді олар құраманы бұлай жиылып қолдамайтын болар. Билеттер де удай қымбат болды ғой. Соған қарамастан қанашама халық өз командамызды қолдап-қуаттауға барды. Менің өзім билетті он мың теңгеге сатып алдым. Өзім ақылы бөлімде оқимын. Қиналсам да, билет сатып алдым. Сонау Англиядан да келді ғой, олардан неміз кем, құрамаға қолдау көрсеткім келді. Ал анау неміс Шторкқа Германияға баратын жолды нұсқап жіберу керек. Сол келгелі үнемі ірі есеппен жеңіліп келе жатқан жоқпыз ба? Ондай бапкердің бізге керегі не?
Мені негізі осылай етуге көптен бері дайындалып жүріпті деп жүр ғой. Олай емес. Алаңға қалай атып шыққанымды өзімде аңғармай қалдым.
- Сот айыппұл салды...
- Иә, кеше сот болған. Бәрі жақсы болды. Судьялар да жанкүйер болу керек, көп ештеңе сұраған да жоқ. Сот отырысы ары кетсе жиырма минутқа созылды. 3819 теңге айыппұл төлеуім керегін айтып, босатып жіберді. Оны шыққан бетте төлеп тастадым.
- Ал университет басшылығы тарапынан қысым болған жоқ па?
- Жоқ, ешкім ештеңе деген жоқ, әзірге.
- Қазақстан құрамасының ойынын қалдырмай көріп жүрсің ғой?
- Енді... көріп, жанкүйер болудан мүйіз шықса көріп жүрміз ғой. Мен негізі үлкендерден көрі жастар құрамасының жанкүйерімін.
- Енді Қазақстан құрамасының ойынын көруге барасың ба?
- Несі бар... барамыз. Қанша ренжісек те өз кұрамамыз ғой. Үміттенеміз де...
- Тағы да алаңға шығып кетіп жүрмейсің бе?
- Жоқ, енді өйтпеймін... Бірақ... кім біледі, ойын ғой...
P.S. Құрама деңгейінде мұндай оқиға болғаны есімізде жоқ. Әрине, Едігенің қылығын ерлік деуден аулақпыз. Десе де, қызуқанды, намысшыл, қазақты сүйетін, қысқасы ұлтшыл жастар өсіп келеді екен. Едіге - соның көрінісі. Ендеше, ұлттық құраманың белағашы болуды қазіргідей көлеңкеде өскен жүн кеуделерге емес, қазақ жастарына сеніп тапсыру керек секілді.
Ерлан ӘБДІРҰЛЫ.