Қазақстан құрамасының 25 жастағы жартылай қорғаушысы Айбол Әбікен Instagram парақшасында алғаш рет допинг дауына қатысты өз пікірін білдірді.
«Ассалаумағалейкум, Қазақстан халқы, спорт сүйер қауым! Мен туралы соңғы жаңалықтарды естіген боларсыз. Енді ғана ойымды жинақтадым.
Сынайтындар да, қолдамайтындар да бар. Бұл өмір заңы. Кәсіби спорт табандылықты қажет етеді. Қателерді кешірмейді.
Жасыл алаң мен доп менің өмірімде әрқашан маңызды рөл атқарды. Көп уақытымды үйде емес, алаңда өткіземін. Әкем мені футболға алғаш алып келгенде, маған ешкімді балағаттамау, оларға құрметпен қарау керектігін анық айтқан. Содан бері мен әкемнің сенімін ақтауға тырыстым. Ата-анам қарапайым адамдар, бірі құрылысшы, екіншісі үй шаруасындағы әйел. Тынымсыз еңбектің арқасында ұлттық құрама ойыншысы атандым. Қазақстан құрамасының ойыны болсын, клубтық матч болсын, өзімді ешқашан аямадым! Алаңда барымды салып, намысты ешқашан берген емеспін.
Бұл жайсыз хабарды естігенде, аң-таң болдым. Бір нәрсені анық айтқым келеді. Менің ар-ұжданым таза! Әкем мен анамның берген тәрбиесі мені осындай жаман жолдардан сақтады. Қалғанын уақыттың еншісіне қалдырамын. Мен найзағайдан кейін күн шыққандай, жамандықтың артынан жақсылық келетініне сенемін!
Құрметті жанкүйерлер, қолдауларыңызға көп рахмет! Қолайсыздық үшін кешірім сұраймын. Баршаңызға сәттілік тілеймін! Құрметпен, Айбол Әбікен», - деп жазды ойыншы.
Еске салайық, Әбікеннің наурызда Молдовамен өткен УЕФА Ұлттар лигасының плей-офф матчы қарсаңында тапсырған допинг-тесті оң нәтиже берген болатын.
Біздің серіктес: FONBET