Жарнама
Жарнама

АЙЫП АЛАҢЫНЫҢ КОРОЛІ

11.12.2020, 03:51
Футболда 89 минут бойы көзге түспей жүрсе де, 90-минуттағы жалғыз-ақ қимылымен ойын тағдырын шешіп кететін тұлғалар болады. Солардың бірі – даңқты италиялық сұрмерген Паоло Росси еді. Бүгін 64 жасында бақилық болыпты...
Жарнама
Жарнама

Туа біткен талант

«Мерген шабуылшы болып туу керек пе, әлде ондай деңгейге талантты шыңдап, талмай тер төгу арқылы жетуге де бола ма?» деп сұрапты осыдан бірнеше жыл бұрын журналистер П.Россиден. Сонда ол: «Меніңше, әу баста-ақ адам бойында мергендік қасиетімен, доптың бағытын аңдаусыз-ақ сезетін түйсігімен шабуылшы болып туу керек. Онсыз шелектеп төгілген терден де түк шықпайды», – депті.

Паолоның тағдыры тура өзі айтқандай болды: ол қаршадайынан қарсы қақпаны қарауылынан бір сәт қағаберіс қалдырмайтын мерген шабуылшы ретінде танылды. Тігін фабрикасында жұмыс істегенімен, әр жексенбі сайын өтетін футбол матчтарының бірін жібермей көретін әкесі ұлының атақты спортшы болғанын армандапты. Баласын он жасында-ақ жергілікті футбол командасына өз қолымен жетектеп апарып табыстауы да сондықтан болса керек. Ойын сайын доп соғатын жас талап туралы дақпырт бірте-бірте Италияның ең жоғары лигасы – А сериясында өнер көрсететін ұжымдардың қожайындарына да жетеді. Паоло 15-ке толғанда оны көруге елдің ең атақты клубы – «Ювентустың» жаттықтырушылары келеді. Дарынды баланың аяқ алысына олардың да көңілі толғандықтан шығар, көп ұзамай мұны туриндік клубтың жасөспірімдер командасына қабылдайды.

Әуелде бәрі ойдағыдай өрбігенімен, бірер жылдан соң, жарақаттанған тізесі жиі-жиі сыр беріп, Паолоның аяғына үш рет операция жасалады. «Негізгі құрамға қосылуға дайын» деп үміт күтіп жүрген балақайдың алаңнан гөрі ауруханада жиі бола беруі жүйкелеріне тиіп бітті ме екен, «Ювентустың» қожалары 1973 жылы оны төменгі лигадағы «Пратоға» екі жылға жалға береді. Бұл мерзім ішінде де айығуы мен асқынуы «итжығыс түскен» жарақатының салдарынан елден ерек ойын көрсете алмаған П.Россиді туриндіктер кейін «Комоға» жібереді. Ақыры оның о бастағы ойын деңгейіне қайта жете алатынынан күдерін үзген олар 1976 жылы әлі 20-ға да толмаған жас футболшыны «Виченцаға» сатып, құтылады.

Біз білетін Россидің нағыз өрлеуі, шын мерген ретінде танылуы Б сериясында (Италия чемпионатының екінші дәрежелі лигасы) өнер көрсететін осы клубта басталды. 1977 жылы шабуылшының 21 голы команданың А сериясына шығуына мүмкіндік берді. Ал 1978 жылы Россидің арқасында «Виченца» күтпеген жерден ел біріншілігінде 2-орын алып, күміс жүлдеге ие болды! Шабуылшының өзі 24 доппен бас мерген атанды, ұлттық құрамаға шақырылып, оның негізгі мүшелерінің біріне айналды. Аргентинада өткен әлемдік доп додасында Паоло барлық ойынға қатысып, 3 гол соқты, «Скуадра адзурраның» (Италия командасының лақап аты) 4-орын алуына өз үлесін қосты.

Доп теппеген екі жыл

Күдер үзген ойыншысының күрт өзгергеніне, нағыз шеберге айналғанына көзі жеткен «Ювентус» басшылары енді оны қалайда қайтарып алудың қамына кірісті. Алайда, өз тарихындағы ең тамаша табысына қол жеткізуге еңбегі сіңген ерен жігіттен «Виченца» өлсе айрылсын ба?! Десек те, бір жылдан соң, қаржылық ахуалы тым нашарлай түскен, құрамы күшеюдің орнына сетіней бастаған командаға Россидің голдары да көмектеспей, ол құлдилап барып, Б сериясына қайта кетті. Жағдайын сәл де болсын түзеп алу үшін клуб үздік ойыншысын «Перуджаға» екі жылға жалға берді.

П.Россидің ғұмырындағы ең бір қаралы кезең – осы. Рас, ол жаңа командасында да мергендер қатарынан көрініп жүрді. Бірақ пәле аяқ астынан келді: елдің футбол федерациясы матчтардың нәтижелеріне ақша тігетін тотализатор жүйесімен байланысқан клубтар мен ойыншыларды әшкерелеп, оларды жазалауға кірісті. Пара беру арқылы қалаған нәтижесіне қол жеткізіп, былыққа белшесінен батқан атақты «Милан» (оның президенті Феличе Коломбо футбол саласында жұмыс істеу құқынан мәңгіге айрылды) мен «Лацио» бірден Б сериясына жіберілді, күдікті ойыншылар тергеуге алынды. Олардың ішінде біздің кейіпкеріміз де бар еді. Тексерушілер «Перуджа» – «Авеллино» (2:2) кездесуінің есебі алдын ала келісілгенін дәлелдеді. Бұл астыртын келісімдегі Россидің міндеті – 2 гол соғу болған екен (расында да, қарсы қақпаға енген 2 допты да Паоло енгізген). Кейін бір сұхбатында П.Росси бұл жағдай туралы: «Құдай куә, мен арымнан аттағаным жоқ, бірақ федерация жанжалдың соңын елдегі ең атақты ойыншыны жазалаумен қорытындылағысы келді, мен арқылы алдағы уақытта мұндай оқиға қайталана қалса, ешкімді де аямайтынын көрсетпек болды», – дейді.

Қалай болғанда да, Паоло үш жыл бойына доп тебуден қалды (сәл кейінірек жазаны жеңілдетіп, бір жылын кемітті). Шабуылшы спорттық бабын жеке жаттығулар арқылы сақтауға тырысты. 1982 жылдың басында «Ювентус» екі жылдан бері жасыл алаңға шықпаған ойыншыны «Виченцадан» біржола сатып алды. Сол жылдың көктемінде Россидің жаза мерзімі бітті де, ол туриндік клубтың чемпионаттағы соңғы 3 ойынына қатысты. Тағдыр дегенді қойсаңызшы, «Ювеге» алғаш 1971 жылы шақырылған ол аталмыш клубтың жейдесін араға 11 жыл салып бір-ақ киді!

Тарихи хет-трик

Кигені дұрыс-ау, бірақ иек артпада кезекті әлем чемпионаты тұрды. Италия құрамасының бас бапкері Энцо Беарзот екі жылдық үзілістен соң, яғни, 1982 жылдың 29 сәуірінде ғана алаңға шыққан ойыншыны сонда да Испанияға ала кетті. Әйгілі мамандар Джованни Трапаттони мен Эленио Эррера бапкердің бұл шешімін құптады. «Россидің шеберлігі мен кәсібилігіне еш күмән жоқ, дүбірлі додада ол елді жерге қаратпайды» десті олар. Алайда, көпті көрген сол кәнігі тарландардың өзі Беарзоттың салған жерден Паолоны негізгі құрамға қосатынын болжамаған шығар-ау! Әйтсе де, футболшы өзін сонау 1977 жылдың күзінде ұлттық құрамаға шақырып, үлкен сенім артқан ұстаздың үмітін ақтады: доданың бас мергені һәм үздік футболшысы атанды!

Дегенмен, бәрі әу бастан сәтті бола қойған жоқ. Алғашқы кездесудің 90 минутында шабуылшы поляктардың қақпасына... жалғыз соққы бағыттады. Ол ол ма, Перумен болған екінші ойында тіпті аяғына доп та тимеді (үзілісте оны Франко Каузио алмастырды). Зығырданы қайнаған күллі Италия Беарзотты түтіп жеуге шақ қалды. Алайда, бапкер Россиді үшінші матчта да үздік 11-дің сапынан қалдырған жоқ. Бұл жолы қимылы сәл ширақ болғанымен, бәрібір ол команданы жеңіске жетелей алмады: тағы да тең нәтиже! Үшінші рет! Абырой болғанда, дәл осындай көрсеткішке ие Камерунмен салыстырғанда 1 доп артық соғуының арқасында ғана «Скуадра адзурра» келесі кезеңге шықты.

Қызықтың бәрі сонда басталды. Аргентинамен ойында италиялықтар қарсыласының қарқынын құйын-перен прессингпен басып тастады да, өздері жылдам қарсы шабуылдаудың көмегімен алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Қанжығасы бос қайтса да, Паоло Росси бұл жолы белсенді ойынымен қарсы жақ қорғаушыларын әбден сілелетті. Ал Бразилиямен белдесу – жартылай финалға берілер жолдама үшін талас еді. Италияға тек жеңіс қажет болса, оңтүстікамерикалықтарды тең ойын да қанағаттандыратын. Қайталанбас драмалық сюжетімен жанкүйер жадында мәңгі қалар матчтың 5-минутында Кабрини сол қапталдан айып алаңына әуелете доп асырып еді, Росси баспен ұрып, өзінің осы додадағы бірінші голын соқты. Теңбіл доптың теңдессіз шеберлері сасқан жоқ, көп ұзамай Сократес таразы басын теңестірді. 25-минутта Бруно Конти керемет паспен Россиді бразилиялық қақпашымен жекпе-жек шығарды – бабына ене бастаған шабуылшы мүлт кетпеді. Бұдан кейінгі 40 минут Беарзот шәкірттері үшін өте қиын болды: алғы шептегі Сержинью мен Зиконы оң қанаттан Фалькао, сол қапталдан Эдер, ортадан Сократес қолдағанда Бразилияның шабуылы кімді де болсын састырар еді. Фалькао таразы басын теңестірген 68-минутқа дейін де, одан кейін де Дино Дзофф қорғаған Италия қақпасының маңында талай гол соғуға қолайлы сәттер туындады. Бірақ бұлар бәріне төтеп берді. Ал Росси қарсы шабуылдың бірінде жеңіс добын соқты – 3:2! Бұл – шабуылшының құрама сапындағы жалғыз хет-тригі! Есесіне, қандай десеңізші! Елдің бәрі күдерін үзген Италияны жартылай финалға алып шыққан, нағыз ерлікке парапар тарихи хет-трик!

Әрі қарай Россидің шабытымен шарықтаған «Скуадра адзурраны» тоқтату мүмкін емес еді. Паоло топтық кезеңде өліспей-беріспеген Польшаның қақпасына қос доп салып, командасын финалға алып шықты. Чемпионаттың шешуші ойынындағы үш голдың алғашқысы да біздің кейіпкеріміздің еншісінде: 57-минутта қорғаушы Клаудио Джентиленің оң қанаттан тастаған добына қос команданың бес-алты ойыншысы қатар ұмтылды, бірақ, шабуылшылық һәм мергендік түйсік дегенді қойсаңызшы, допқа бәрінен бұрын Росси жетті! Бұдан кейінгі Тарделли мен Алессандро Альтобеллидің голдарына немістер тек Пауль Брайтнердің жалғыз добымен жауап қайтарды...

...1986 жылғы әлемдік доп додасында Беарзот жас таланттар Джанлука Виалли мен Джузеппе Гальдеризиге көбірек сенім артты да, Росси құр алаң жиегін күзетіп отырды да қойды. Мексикадан келген соң, ол бір-ақ жыл ойнады: 1987 жылы футболмен қош айтысты. Небәрі 31 жасында! Себебі, баяғы үш рет операция жасалған аяғы жиі-жиі сыр берді, соның салдарынан ол бұрынғы бабына қайта келе алмайтынын түсінді.

* * *

Оның есімін көз жауын алар көркем гол авторларының галереясынан іздеудің қажеті жоқ. Себебі, Паоло Росси – жоғарыда айтқанымыздай, тек допты торға түсіруді ғана ойлайтын голға қомағай шабуылшы еді. Ол ешқашан алыстан бағыттаған сойқан соққысымен немесе шебер дриблингімен ерекшеленген емес. Оған доптың қақпаға қалай енгені де бәрібір: голдарының көпшілігі – аяғын тосып қалу арқылы қиыс кетіп бара жатқан соққының бағытын өзгерту, қақпа алдындағы қарбаласта санаулы секундқа иесіз қалған допты түртіп қана торға түсіру, қапталдардан тасталған пастарды білінер-білінбес қимылмен ғана тиісті нысанаға бағыттау, т.т... Өйткені, ол – қарсыластың айып алаңының королі, ала допты сол жерде жүріп аңдитын мерген. Өзі айтқандай, «әу баста-ақ мергендік қасиеті, гол сезгіш түйсігі» бойына туа біткен талант...

Сәкен Сыбанбай

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров