Жарнама
Жарнама

Әкім Байшақовқа шүйлікті

08.07.2012, 06:08
Жарнама
Жарнама
Өткен аптада футбол сүйер қауымның назары Еуропа чемпионатында болды. Бірақ осы кезде өзіміздің де футболшылар өзара тартысты ойындар өткізіп жатты. Тартыс тек футболшылар емес Қостанай облысының әкімі Нұрәлі Сәдуақасов пен Қазақстан Футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақов арасында да өрбіген сыңайлы. Ел чемпионатың 14 турында «Ертіс» пен «Тобыл» командасы кездесті. Ойын аяқталған соң қостанайлық команданың бас бапкері Вячеслав Грозный журналистерге облыс әкімінің мынадай сөзін жеткізді: «Төрешілер «Тобылға» қырын қарауын доғару керек!» Біраз күн өткен соң футбол федерациясының сайтында Байшақовтың қолы қойылған хабарлама жарық көрді. Онда былай делінген: «Ойын барысында төреші қандай шешім қабылдаса да, оны федерация мен клуб өзара шешеді. Төрешілік етудің этикасы сондай. Басқаша болу мүмкін емес». Бұған облыс әкімі бірден жауап берді. «Төрешілердің ойында қалай төрелік етіп жатқанына Сіздің ғана баға беруіңіз қызық екен. Сонда еліміздің футболы туралы басқа ешкім пікірін білдіре алмай ма? Мыңдаған футбол жанкүйерлері, футболдың дамуына үлес қосып жатқан азаматтар сондай-ақ қаржылай қолдау көрсетіп жатқандар неге есепке алынбайды? Мүмкін онда аймақтағы футболдың дамуына қатысты мәселелерді де сіз шешетін боласыз?» С.Байшақов облыс әкімінің шынайы түрде ашу үстіне мінгенін байқады ма, федерация сайтында мазмұны басқаша хабарлама шықты. Онда бар кінә Грозныйдың мойнына ілінген. Алайда Н.Сәдуақасов «Тобылдың» бас бапкеріне бұлай жала жабуға жол бермейтінін жеткізді. «Біздің ойымызша, өз пікірімізді білдіруге толық құқығымыз бар», – деді облыс әкімі. Мәселенің мән-жайын білмек мақсатта Футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақовқа хабарластық. Ағамыз қазақ тілінде ойларын жеткізе алмағандықтан, әңгімеміз орыс тілінде өрбіді. Сейілда Байшақов: «Қазақ тілін үйреніп жатырмын» – Сейілда аға, сіз бастапқыда «ойында төреші қандай шешім қабылдаса да, федерация мен клуб өзара шешеді. Бұған басқа адамдардың араласпағаны дұрыс болады» – деп сайтқа жарияладыңыз. Кейін бар кінәні «Тобылдың» бас бапкері Вячеслав Грозныйға бұрып жібергендей болдыңыздар. Бұны қалай түсінсе болады? Әлде шын мәнінде әкімдер мұндай мәселеге араласпау керек пе? – Негізі, Грозныйдың баспасөз мәслихатында айтқан сөзінен туындап отырған мәселе. Бізге ақпаратты дұрыс жеткізбеген. Ол үшін де біз Нұрлан Сәдуақасовтан кешірім сұрадық. Грозный командасымен дұрыс жұмыс жүргізе алмаған. Сол қателіктерін төрешілерден көріп отыр. Біз ол кездесудегі төрешілердің жұмысын бейнетаспадан қайта бір қарап шықтық. Ешқандай қателік жібермеген. Ал қателік жіберген төрешілерге міндетті түрде жаза қолданамыз. – Федерация бүгінде төрешілермен жұмыс істеуді қойды деген пікірмен келісесіз бе? – Ол – Грозныйдың пікірі. Ал басқа ешкімнен төрешілерге қатысты қарсы пікір айтқанын естімеппін. – Футболдан жүріп жатқан ел чемпионатына қандай баға бересіз? – Қазір командалардың ұпайы шамалас. Мұндай жағдай футболсүйер қауымның қызығушылығын оятады. Ел чемпионы атануға 5-6 команданың мүмкіндігі бар. Сол себептен де өте қызықты өтіп жатыр деп ойлаймын. Өткен аптада Еуропа чемпионаты өтіп, біраз тасада қалып қойғаны бар. Ол дүбірлі дода да аяқталды. – Көптеген футбол жанкүйерлер, жанашырлар командаларға рух оятатын ат берілсе дейді. Мәселен, бүгінде ел, жер атауына байланыс­ты командаларға атау берілген. Соның орнына батырлардың болмаса спортқа жақын атауларды қолданса дейді. Сіз бұл пікірге қалай қарайсыз? – Коман­даларға қалай батырлардың атын беруге болады? «Шахтерді» Қабанбай батыр деп қойсақ, не болады? Ештеңе өзгермейді. Қайта біртүрлі естіледі. Кез келген клуб өзінің командасына қандай ат қойғысы келеді өзі шешеді. «Қайсар», «Қайрат» деген командалар бар. Бірақ командалардың бәріне бірдей мұндай атауларды қайдан табасың? – Келімсектерден құтылатын кез бола ма? – Бүгінде жас талантты спортшыларымыз өсіп келеді. Сол себептен де алдағы уақытта өз футболшыларымыз солардың орнын басады деген сенімдеміз. – Газетіміздің №24 санында «Қайратсыз ел» деген мақала жарық көрді. Онда «Қайрат» командасы қазақ тілін менсінбей ме? – деген мәселе көтерілген. – Неге? Бүгінде біраз футболшылар қазақ тілін біледі. – Сіз қай командалар туралы айтып отырсыз? – «Ордабасы» – Жоқ, мен сізге «Қайрат» командасы туралы айтып отырмын. – Ол командада келімсектер көп. Сол себептен осындай келеңсіздіктер орын алып отырған шығар. Дегенмен 4-5 жігіт бар қазақ тілін жақсы білетін. – Мен жеке футболшылар емес жалпы командадағы жағдайды айтып отырмын. Не себепті бұл команданың футболшылары алаңға шыққанда хабарландыру орыс тілінде, ойында ауыс-түйіс болып жатса, тағы орыс тілінде жарияланады? – Сонда сіз орыс тілінде хабарландыру жасалмасын деп отырсыз ба? – Жоқ, тым құрыса екі тілде болу керек. Тек қазақ тілінде жарияланса несі айып? Мүмкін сіз сияқты үлгі тұтар ағаларымыз қазақ тілінде сөйлемегендіктен осындай нәрселерге жол беріліп отырған шығар. Қалай ойлайсыз? – Мен Жамбыл облысының тумасымын. Бала кезімде таза қазақ тілінде сөйлейтінмін. Кейін орыс мектебінде оқыдым. 50-60 жылдары тек орыс тілінде бір-бірімізбен сөйлестік. – Аға, тәуелсіздігімізге 20 жыл толды. Осы уақыт аралығында қазақ тілін меңгеріп алатын уақытыңыз болды ғой... – Мен 70-жылдарға қарағанда қазақ тілінде сөйлей аламын. Үйреніп жатырмын. Бірақ футбол тілі өте қиын. Сол себептен де қазақ тілінде өз ойымды жеткізу қиын. Дұрыс айтасыз, бәріміз қазақ тілін жақсы білуіміз керек. Елдос Өмірзақұлы http://jasqazaq.kz/post/%D3%99k%D1%96m-baisha%D2%9Bov%D2%9B-sh%D2%AFil%D1%96kt%D1%96
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров