Ақтөбе қаласында «Ақтөбе» мен «Ордабасы» командалары арасындағы Қазақстан Премьер лигасының матчында мазмұны жағымсыз баннер көрсеткен кәмелетке толмаған қыздардың жеке басы анықталды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында футбол кездесуінде жасөспірім қыздардың жағымсыз мазмұндағы жазуы бар плакат ұстап тұрғаны бейнеленген жарияланым анықталған.
Құқық қорғау органдары қыздардың жеке басын анықтап, ата-аналарының қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізген. Ал ата-аналары кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Кәмелетке толмағандар өз әрекеттерінің жол беруге болмайтынын түсінді», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаменті.
Полиция өкілдері ата-аналарды балалардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуге, қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау ережелерін түсіндіруге және құқыққа қайшы әрекеттердің салдары туралы ескертуге шақырды.
Еске салайық, «Ақтөбе» мен Шымкенттің «Ордабасы» клубтары арасындағы Қазақстан Премьер лигасының 23-туры аясындағы кездесу 17 қазанда Ақтөбедегі Орталық стадионда өтті. Қонақтар алаң иелерін 3:1 есебімен жеңді.
Осы жеңістен кейін «Ордабасы» 67 ұпаймен турнирлік кестеде көш бастап тұр. Ал «Ақтөбе» 45 ұпаймен бесінші орында келеді.
Біздің серіктес: FONBET