“Ақтөбе” командасы жаңа маусымға сақадай сай. Клубтың биылға қойылған басты мақсаты былтырғы маусымдарда кеткен есені қайтарып, чемпиондыққа қадам басу.
“Ақ-қызылардың” маусым алдындағы ОЖЖ:
“Ақтөбе” командасы Түркияның Белек қаласындағы алғашқы ОЖЖ аттанбастан бұрын клубтың бас бапкері мен ойыншыларын сорттады. Мәселен, “ақ-қызылдарды” жаттықтыруға ресейлік маман Дмитрий Парфенов келді. Ол бұл қызметте “Ақтөбені” чемпиондыққа алып келуде туындаған қос мүмкіндіктен еш нәтиже шығара алмаған Андрей Карповичті алмастырды. “Урал”, “Тосно”, “Родина” ұжымдарында бапкер болған 49 жастағы маман қазақстандық командаға келе салып Стас Покатилов, Рожерио Шина, Андрия Филипович, Милош Раичкович, Ескендір Қыбырай, Андерсон Ньянгбо және Дмитрий Яшин сынды футболшылармен қоштасты. Есесіне Парфенов “Ақтөбедегі” маңызды ойыншылардың келісімшарттары ұзартылғанына куә болды. Мысалы, жаттығу жиындарына дейін Әділхан Таңжарықов пен Максим Самородов клубтағы келісімін тағы бір жылға ұзартты. Бұл жаңалық жанкүйер қауымын қуанышқа бөлегені өтірік емес. Себебі, маусым аяқталар тұсында “Ақтөбенің” сұрмергендерінің бірі Максим Самородовқа шетелдің бірқатар ұжымдары қызығушылық білдірген болатын. Алайда соған қарамастан жүрегі “ақ-қызылдарға” тиесілі Самородов командада қаламын деп шешім қабылдады. Фанатардың қуанышын “Ақтөбеге” қайтып оралған қорғаушы Бағдат Қайыров та еселеді. Өзінің футболдағы жолы ашылған ұжымда қайта өнер көрсетуге мүмкіндік алған 30 жастағы аяқдопшы алғашқы ресми мәлімдемесінің өзінде “ақ-қызылдармен” жаңа маусымда чемпион атанғым келеді деп, командаға келген мақсатын айқындап берген болатын. Бісміллә деп тәуелсіздігімізді алғашқы болып мойындаған Түркия жеріне 8 қаңтар күні табан тіреген “Ақтөбе” команда үздіктерінің келісімшартын ұзартуын жалғастырды. Кезекте тұрған Арман Кеңесов пен Леонел Струмия командада тағы бір жылға тұрақтауға келісті. Стас Покатиловтың кетісімен қақпашы позициясы бос қалмады. “Ақтөбе” бұл тұрғыдан бум трансферлердің бірін жасап елді таңғалдырды. Ел құрамасының қазіргі сәттегі нөмірі бірінші қақпа қорғаны саналатын Игорь Щацкий “ақ-қызылдардың” жейдесін киіп, қызу дайындыққа бірден кірісіп кетті. Трансферлік бан алған “Шахтерден” өз бақытын таба алмайтынын түсінген қақпашы жаңа командасының тасқамал қорғанысының негізі болатынына нық сенімдіміз. “Ақтөбеде” қақпашылар трансфері бұнымен тоқтап қалмады. Игорьге маусым барысында бәскелестік орнатады деген жоспармен “ақ-қызылдар” командаға Игорь Трофимецті қайта қосты. Ал бұл қақпашыларды жаттықтыруға Валерий Ситало шақыртылды. Басқасын қайдам, бірақ қазіргі “Ақтөбе” қақпашыларының әрқайсысынан жоғарғы деңгейдегі футболды талап етуге болады. Жартылай қорғаныс позициясындада “ақ-қызылдар” от трансферлерінің бірін ұйымдастырып қойғанын көрсете білді. Өздеріңіз түсініп отырғандай әңгіме “Копердің” экс-ойыншысы Рамазан Оразов жайлы. Словениялық командаға сыйыспаған жартылай қорғаушы құрамадағы сенімді серігі Максим Самородовпен басы қосылып, жаңа маусымда біраз клубты шулатайын деп отыр. Команда жиынына қайта оралсақ, Парфенов шәкірттері алғашқы жаттығу жиындарында жоспарланған бразилиялық “Грэмио Эспортивуға” қарсы өткізген жолдастық кездесуінде 1:1 есебімен тең тарқасты. Аталған ойында Ыдырыс Умаевтің голы “Ақтөбені” жеңілістен сақтап қалды. Жаттығулар барысында “ақ-қызылдар” жас ойыншыларғада мүмкіндік сыйлады. Мәселен, “Ақтөбенің” Бірінші лигадағы клубында өздерін жақсы қырынан танытқан Аян Байдаулетов, Әлішер Кенжеғұлов, Рустам Габдрахманов, Мирам Кикбаев, Мирас Уманиязов пен Саятхан Құсайынов командамен келісімге келді. Алғашқы жиынның аяқтауына 4 күн қалғанда “ақ-қызылдар” кезекті трансферін жасады. Ұжымға Еурокубокте мол тәжірибесі бар “Шерифтің” экс-қорғаушысы Габи Кики келді. Еуропа Лигасының екі рет топтық кезеңінде өнер көрсеткен ойыншы ҚПЛ ең қымбат футболшылары қатарында. 29 жастағы камерундықтың трансферлік құны 1 млн еуроны құрайды. Алғашқы ОЖЖ екінші матчына келгенде “Ақтөбе” ташкенттік “Олимпиктен” 2:1 есебімен жеңіліс табады. Бапкер Дмитрий Парфенов аталған ойынға командаға енді келген Габи Кикиді шығарғанын айта кетейік. Осылайша, “Ақтөбе” алғашқы ОЖЖ аясында өткізген 2 ойынның 1 тең түсіп, 1 жеңілді. Екінші жаттығу жиындарында “ақ-қызылдар” “Шинник” (1:2 жеңіс), “Динамо” Махачкала (2:1) және “Динамо” Самарқанд (3:1) клубтарымен жолдастық кездесулер өткізіп, соның аралықтарында тағы да өз құрамын легионерлермен толықтырды. Айта кетсек, Хосе Севаллос, Уче Агбо, Матео Барач және Амаду Думбия “Ақтөбемен” екі жылдық келісімшартқа отырды. Жалпы Түркиядағы ОЖЖ бақылау ойындарының соңына дейін бапкер Парфенов құрамға эксперимент еңгізбеді. Ол өткен маусымда бір-бірімен жақсы түсінісіп қалған футболшыларды алаңға жіберіп отырды. Тек Самарқандтың “Динамосына” қарсы ойында өзгеріс жасап, құрамды толығымен басқа футболшылардан жасақтады. Еш нәрсе жоғалтпайтын кездесу арқасында жастар мен клубқа жаңадан келген легионерлер өнер көрсетіп бағын сынады. “Ақтөбенің” маусым алдындағы даярлығын тексеретін ойындар тізбегі 1XBET Winter Cup турнирімен өз жалғасын тапты. Өкінішке орай, 100 млн теңгеге таласта “ақ-қызылардың” жолын “Тобыл” орап кетті. Төрттік финалда Милич Чурчич баптайтын жігерлі ұжым 4:2 есебімен “Ақтөбені” тізе бүктірді. Айта кетейік, Парфенов шәкірттерінің ойында соққан 2 голының 1-ін командаға жаңадан келген Уче Агбо соқты. Бірақ ойыншының дебюттық голы матч тағдырын өзгерте алмады. Жалпы жартылай финалда “Ақтөбе” жеңіліс тапқанымен үшінші орынға талас үшін ұйымдастырылған кездесуде Премьер-лига дебютанты “Елімайдан” пенальтилер сериясы бойынша басым түсті. Түркиядағы сапары аяқталар тұста “ақ-қызылдар” румындық қаптал қорғаушы Богдан Вэтэжелуды қатарына қосты. “Стяуа”, “Спарта”, “Яблонец” сынды мықты ұжымдарда доп тепкен 30 жастағы аяқдопшы “Ақтөбе” жейдесіндегі алаңға шығатын уақытты асыға күтуде екен. Онымен қоса, “ақ-қызылардар” жаттығу жиындары барысында сұрмергендігімен көзге түскен Ыдырыс Умаевтың командада қалу мерзімін ұзартты. “Грэмио” және “Тобыл” қақпаларына бір-бір голдан соққан ойыншы өзінің жақсы қалыпта екенін дәлелдеді. Осылайша, “Ақтөбенің” Белектегі жиыны көңілді нотада аяқталды. Барлық ойындарда жеңіске жете алмағанымен, “ақ-қызылдар” легионерлерге келгенде сәтті трансферлер жасады. Оған дәлел ретінде дебюттық голын салып, команданың ойындарында бар күшін салған шетелдік футболшыларды айтсақ болады. Алдағы уақытта “Ақтөбе” осындай легионерлер және өзіміздің отандық футболшылармен бірігіп, ынтымағын нығайтып күнтізбеде тұрған жоспар мен мақсатты жұмыла жұдырық болып бағындыратынына кепіл жоқ емес. Себебі, жанкүйерлерінің ыстық қолдауынан шабыт алатын “Ақтөбе” қашанда болсын чемпиондыққа үміткер ұжымдар қатарында.
Біздің серіктес: FONBET