"Ақтөбенің" бапкері: Жіберіп алған голымыз, кездесу логикасына сәйкеспейді

12.07.2024, 12:29

Конференция Лигасының бірінші іріктеу кезеңінде кеше "Ақтөбе" өз алаңында боснияның "Сараево" командасын қабылдап, күтпеген жерден есе жіберді (0:1).

Дмитрий Парфенов "Ақтөбе" ФК бас бапкері

Қазақстандық команданың бас бапкері Дмитрий Парфенов матч жайлы ойын айтып, командасының жоспарымен бөлісті. 

"Қарсыластың қорғанысы мығым боларын білдік. Тегеурінді қарсылық танытатын қайсар қарсылас екені белгілі еді, қаншама ескерту болғанын көрдіңіздер. Олардың қорғанысын бұзып-жару оңай болған жоқ, алайда гол салатын мүмкіндік жеткілікті болды. Мүмкіндікті голға айналдыру маңызды. Жіберіп алған добымыз кездесу логикасына сәйкеспейді. Қарымта ойынымыз бар, күресеміз. Иә, жіберіп алған голымыз жаман әсер қалдырды. Бірақ біздің жауапты матчымыз бар, оның сырт алаңда екенін де түсінеміз. Сараевода оңай болмайды, алайда, қарсыластың қолынан келді емес пе сырт алаңда гол салу?",- деген еді Д. Парфенов. 

Қос команданың жауапты кездесуі 19-шілдеде Сараево қаласында өтеді. Естеріңізде болса, кеше  "Тобыл" сырт алаңда словакияның "Ружомберок" командасымен шеберлік байқасып, 5:2 есебімен ұтылды. Одан бұрын шымкенттік "Ордабасы" ЧЛ-ның бірінші іріктеу кезеңінде Молдова чемпионы "Петрокубты" қабылдап, айласын асыра алған жоқ (0:0).