Қазақстан жасөспірімдер құрамасының жартылай қорғаушысы Аламгир Смақов Түркия чемпионатында «Бешикташ» (U-19) сапындағы сәтті ойынын жалғастыруда, деп хабарлайды Aladop.kz.
18 жастағы хавбек Түркия U-19 чемпионатының екінші турында «Аланьяспорға» қарсы өткен сырт алаңдағы кездесуде гол соқты. Смақов матчты негізгі құрамда бастап, ойынның 17-минутында есеп ашты. Кездесудің 73-минутында Улаш Имай Гюрбюз қорытынды есепті орнатып, матч 2:0 есебімен «Бешикташтың» пайдасына аяқталды.
Бұл — Смаковтың Түрік клубы сапындағы екі ойында соққан екінші голы. Ол бірінші турдағы дебюттік кездесуінде де «Эюпспор» қақпасына гол салып, командасының 4:2 есебімен жеңіске жетуіне септігін тигізген болатын.
Осы жеңістің арқасында «Бешикташ» екі ойыннан кейін 6 ұпай жинап, турнирлік кестеде үшінші орында келеді. Олар тек қосымша көрсеткіштер бойынша көш бастап тұрған «Галатасарай» мен «Трабзонспорға» жол беріп тұр.
Аламгир Смаков — «Қайрат» академиясының түлегі және Самат Смақовтың ұлы. Түркияға ауысқанға дейін ол «Қайрат Жастар» сапында Бірінші лиганың 7 матчына қатысып, 4 гол соққан және бір нәтижелі пас берген.
Біздің серіктес: FONBET